Елорда • 28 Қазан, 2021

«Дегдар» сыйлаған домбыра

194 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласында «Дегдар» гуманитарлық қоры арнаулы оқу-тәрбие мекемелеріне 160 домбыра тарту етті. «Дегдар» гуманитарлық қоры «Күй анасы» республикалық қорының қол­дауымен Дина Нұрпейісованың туғанына 160 жыл толуына орай жетім балалар мен әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балаларына 160 домбыра сыйлады.

«Дегдар» сыйлаған домбыра

Іс-шараға Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, «Дег­дар» гуманитарлық қоры Қамқор­шылық кеңесінің төрайымы, Нұрсұлтан Назарбаев қорының директо­ры Дариға Назарбаева, «Астана Опера» театры­ның директоры Ғалым Ахмедьяров және өнер ұжымдарының өкілдері қатысты.

Салтанатты жиында Дариға Назарбаева осындай балаларға көмек көр­сету әрбірімізге парыз екенін жет­кізді.

«Бүгінгі кездесудің жөні бөлек. «Дегдар» гуманитарлық қоры балалар мектептері мен ансамбльдеріне музы­калық аспаптар сыйлайды. Соның нәтижесінде балалар домбыра шертіп үйренеді. Бұл игі іс аты аңызға айналған күйші Дина Нұрпейісованың мерейтойымен дөп келіп отыр. Күй анасы өзінің дарынымен, батылдығымен, музыкаға және туған жерге деген шексіз сүйіспеншілігінің арқасында тарихқа енді. Арманына жетуде Дина барлық қиындық пен кедергіні еңсеріп, қазақтың әйгілі күйші-композиторы атанды. Күй өнерінің бағына туған оның шығармаларынан халықтың жаны, қазақтың кең-байтақ жері сезіледі», деді Д.Назарбаева.

Музыкалық аспапқа ие болған елордалық балалар Дина Нұр­пейісо­ваның туындыларын орын­­дап, Instagram парақшаға #ДинаНурпеи­сова­ФондДегдар хеште­гімен бейнежазба жариялады.

Басқа оқу орындарының балалары да атақты композитордың күйлерін шертіп, әлеуметтік желіге салды. Ал­дағы уақытта Дина Нұрпейісованың му­зы­калық мұрасын сақтауға және халық шығар­ма­шылығын насихат­тауға бағытталған челлендж ұйымдас­тырылады.

160 ұлттық музыкалық аспап тө­мендегі ны­сандарға берілді: Е.Асқаров атындағы жас ақындар мек­тебі (Солтүстік Қазақстан облы­сы, Петропавл қ.); «Отбасы үлгі­сіндегі балалар ауылы» КММ (Шы­ғыс Қазақстан облысы, Өскемен қ.); К.Шә­кеев атындағы ақындар мек­тебі (Ақмола облысы, Көкшетау қ.); «Мә­дени-сауық орталығы» КМҚК (Қос­танай облысы, Қостанай қ.); «SOS бала­лар ауылы» (Нұр-Сұлтан қ.); «Ер Едіге» жыр мектебі (Ақтөбе облысы, Ақтөбе қ.); «Мақат» өнер мектебі жа­нындағы балалар оркестрі (Атырау облысы, Мақат ауданы); «Айналайын» балалар үйі жанындағы домбырашылар ансамблі (Алматы облысы, Талдықорған қ.); «Нұрғиса Тілендиев атындағы көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасы балаларына арналған мектеп-интернат», «Нұр-Ата» фольклорлық-этнографиялық оқушылар оркестрі (Жамбыл облысы, Тараз қ.); «Облыстық көру қабілеті бұзылған балаларға арналған арнайы мектеп интернаты» КММ (Батыс Қазақстан облысы, Орал қ.).