Орталық коммуникациялар қызметінде «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы Дулат Айтжанов Астанадағы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесіп, холдингтің өткен жылғы қызметінің қорытындылары мен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың берген тапсырмаларының орындалу барысы туралы айтып берді.
Баспасөз мәслихатын жүргізген Орталық коммуникациялар қызметінің өкілі аграрлық сектордың ел өміріндегі маңызын, осыған байланысты оған мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп отырғандығын жеткізе кетті. Сондықтан бұл салаға алдағы уақыттары онда өндірілетін өнім көлемін еселеп арттыру міндеті жүктелген.
Сөз кезегін алған «ҚазАгро» басшысы Дулат Айтжанов өткен жылы холдингтің аграрлық секторға бағыттаған қолдау қаржысы 193,5 миллиард теңгені құрағандығы, мұның 171,2 миллиард теңгесі ауылшаруашылық құрылымдары мен ауылдағы халықты несиелендіруге жұмсалғандығын атап көрсетті. Бұл ретте ескеретін бір жайт, холдинг қызметі жүйеге түсіп, дамытылған сайын ауыл шаруашылығына бағытталып отырған оның өзіндік және тартқан инвестициялық қаржысының үлесі молайып, мемлекет тарапынан берілетін несие көлемі азайып келеді. Мәселен, өткен жылы холдингтің қаржыландыру құрылымындағы республикалық бюджет қаражатының көлемі бар болғаны 9 пайызды құраса, жыл қорытындысында холдингтің жылдық несие қоржынының үлесі жалпы көлемнің 48 пайызына дейін жетіп, 348 миллиард теңгені құрады. Демек, жыл өткен сайын холдинг қызметінің тиімділігі арта түсуде.
Бүгінгі күні ауылдық жерлердегі халыққа берілетін шағын несиенің 93 пайызы холдинг құрамындағы Ауыл шаруашылығын қаржылау қолдау қорының еншісіне тиеді. Сол секілді аграрлық секторға берілетін әрбір үш ауыл-шаруашылық техникаларының екеуін холдинг құрамындағы тағы бір ірі корпорация «ҚазАгроҚаржы» АҚ лизингке сатып әперуде, деп мәлімдеді «ҚазАгро» басшысы.
Холдинг инвестициялық бағдарламалар аясында жалпы құны 237,5 миллиард теңге тұратын 346 жобаны қаржыландырған. Мұның 290 жобасы пайдалануға берілсе, соның ішінде 160 жобаның жүктемелік қуаты 70 пайыздан асып отыр. Өткен жылдың өзінде 68 жоба іске қосылған. Міне, осындай жұмыстардың нәтижесінде 15,4 мың адам жаңа жұмыс орындарымен қамтылды.
Мұнан әрі Дулат Айтжанов Елбасы берген тапсырмалардың орындалу барысы туралы баяндап өтті. Елбасы холдинг қызметіне қатысты 7 тапсырма берген екен. Олардың барлығы орындалу үстінде және нақты нәтижелері де жаман емес. Дулат Айтжанов мұның әрбіріне жеке-жеке тоқталып өтті.
Елбасы ауылшаруашылық құрылымдарын несиелендіруді жандандыру, соның ішінде шағын және орта бизнеске қаржылай қолдаудың тиімді тетіктерін қарастыру жөнінде тапсырма берген болатын. Осыған сәйкес 2013 жылы шағын және орта бизнес үшін несиелендірудің жаңа түрлері енгізілді. Солардың қатарында ірі қара малын лизингке беру, бұрын пайдаланылған техникалардың лизингі, жедел лизинг, дайын нысандардың лизингі, шебер-лизинг секілді несие түрлері бар. Егер 2012 жылы несие алушылар саны 7803 бірлікті құраса, 2013 жылы бұл көрсеткіш 15618 бірлікке жетті. Ал 2014 жылы холдинг бұл көрсеткішті енді 17,5 мыңға жеткізуді жоспарлап отыр, деп хабарлады «ҚазАгро» басшысы.
Сол секілді Елбасының тапсырмасына сәйкес жұмыс істемейтін қарыздарды төмендету жөнінде де шаралар қабылданып, іске асырыла бастаған. 2013 жылы мұндай несиелердің үлесі 10-нан 7 пайызға дейін төмендетілген. 7,6 миллиард теңгеден астам проблемалы қарыздар өндіріліп алынған. Осыған байланысты басқа да жұмыстар жүргізілген.
Елбасының аграрлық секторға жүктеген тағы бір үлкен тапсырмасы ет экспортының көлемін арттыру екендігі белгілі. Холдинг осыған байланысты өткен жылы біраз жүйелі жұмыстар жүргізді. Мәселен, холдинг қаржыландырған жобалар бойынша Ресей мен Беларусь елдеріне 2013 жылы 1870 тонна ет пен оның өнімдері, Ресей, Қытай, Италия елдеріне 890 тонна биязы жүн, Қытай мен Германияға 2330 тонна былғары өнімдері жөнелтілді. Экспорттың жалпы сомасы 1,5 миллиард теңгені құрады. Ал биылғы жылы осы көрсеткішті екі еседей көтеріп, 2,9 миллиард теңгенің мал шаруашылығы өнімдерін экспорттауды жоспарлап отырмыз, деді Дулат Айтжанов.
Осы ретте холдинг басшысы Қазақстан ет өнімдерінің сапасы Мәскеу жұртшылығы тарапынан лайықты бағаланып отырғандығын, бұл қалада біздің ет өнімдерімізге деген сұраныстың артқан үстіне артып келе жатқандығын, соның нәтижесінде қаладағы аса ірі сауда мекемесі «Мосрегионторг» ААҚ мен өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылғандығын жеткізді.
Сондай-ақ, холдинг құрамындағы «Азық-түлік корпорациясы» АҚ өткен жылы Қытайға 10 мың тонна астық экспорттаған екен. Холдинг бұл істен үлкен үміт күтуде. Сөйтіп, биыл бұл көрсеткішті 30 мың тоннаға жеткізуді жоспарлап отыр.
Дулат Айтжанов сөзінің соңында елімізде жуықта ғана болып өткен шара – теңге бағамының өзгертілуіне байланысты орындалатын жұмыстарды да баяндай кетті. Оның айтуынша, бұл шара холдинг құрамындағы корпорациялар үшін тиімді болып табылады. Өйткені, сыртқа шығарылатын экспорттық өнімдер көлемі артады. Осыған байланысты ауыл шаруашылығындағы жағдай да жақсара түседі.
Холдингтің несие қоржыны 343,3 миллиард теңгені құраса, соның 26,7 миллиард теңгесі немесе 8 пайызы ғана басқа валютаға байланған. Сондықтан бізден несие алушылар көп зардап шеге қоймайды. Оның үстіне шетелдік банктерден тартылған несиелер бойынша бірқатар бәсеңдету шараларын қарастыру үстіндеміз. Ал теңге бойынша алынған несиелер өзгермейді. Қарызгерлердің негізгі бөлігі үшін несиелендіру шарты бұрынғы қалпында қалады. Міндеттемелер арттырылмайды. Бұл жағынан алғанда, олар ұтысқа шығып отыр деп есептейміз, деді холдинг басшысы.
Дулат Айтжанов журналистердің қойған барлық сұрақтары бойынша нақты да тұшымды жауап қайтарды.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».