Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлда таңғы сағат 5.00 шамасында «102» арнасына куәгерлер хабарласып, белгісіз адамның Жамбыл және Интернационал көшелерінің қиылысында орналасқан терминалды бұзбақ болып жатқанын хабарлады. Ер адамның қолында темір заты болған.
Жедел басқару орталығының операторы камераны оқиға орнына қарай бағыттап, ақпаратты растады. Жақын маңда жүрген патрульдік полиция экипажы ер адамды ұстап, Петропавл қалалақ полиция басқармасының екінші полиция бөліміне жеткізді. Ұсталған күдікті Екібастұз қаласында туған бұрын сотталған 27 жастағы жігіт болып шықты. Медициналық куәландыру оның мас екендігін көрсетті. Ұрлық жасауға оқталу фактісі сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне «Ұрлық» бабы бойынша енгізілді.
«Бейнебақылау камералары — заң бұзушылықтарды анықтауда және жолын кесуде, қылмыстарды «ізін суытпай ашуда» сенімді құрал. Жыл басынан бейнебақылау инспекторлары 14 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады, оның 12 мыңға жуығы жол жүрісі ережелерін бұзуға қатысты. Сондай-ақ қылмыстарды ашуға ықпал еткен 146 факті анықталды», дейді Жедел басқару орталығының бастығы Ерік Құлжанов.