Өнер • 28 Қазан, 2021

Теңіз түйсігі

544 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бұл – Жорж Брактың жаздағы жан толқыны. Картинадан теңіздің жұпары аңқиды. Жалғыздықтан жалтарып кете алмайсыз. Ақиқаты осы. Өнерде бәрі оңаша. Сол ауыр да азапты жолда жұмсаған уақытыңыздың құнын осындай ғажайып туындылар өтейді. Міне, көңіл мерекесін теңізден тапқан суретшінің ғажайыбы осында. Теңізде де түйсік бар. Сенбесеңіз, «Эстактағы үйге» қонаққа келіңіз!

Теңіз түйсігі

Франциядан шыққан әйгілі суретші Жорж Брак 1908 жылдан бастап өзінің импрессионизмге деген құмарлығынан және фауистік стильдегі кейінгі жұмыстарынан үзілді-кесілді бас тартты. Неге дейсіз ғой!? Оның көңілі Еуропа өнерінің басым тенденцияларын көр­сететін революциялық кубизмге ауды. Ең ғажабы, ол осы стиль­де өзін тапты.

Аспан түстес теңіздің тәкап­пар мінезі жан көзесін шай­қайды. Ұйытқыған желмен ар­палысқан ақжал толқындар жағаға барып жан тапсырады. Бояулар жалған өмірдің жаршысын­дай буырқанады. Көздің мөл­дір тамшысындай езіледі. Бұл – момақан Мар­­сельдегі ежелгі Эс­так жа­ғалауы. Жо-жоқ, жай жа­ғалау емес, суретші біт­кен­нің сү­йікті мекені.

Суретші Ж.Брак теңізге қыл­­қаламын малып, тағдыр кө­ріністерін таспалауға құштар. Ол осы бейсау тыныштықтан беймәлім ләззат алатындай әлдебір ән ырғағына бой жазады. Кубизм идеяларынан нәр ала отырып, жан толғанысын жеткізеді. Содан да болар, та­биғат пейзаждары мен қала тақырыбына келгенде өзін құстай еркін сезінеді.

Картинада шебердің кеңіс­тік геометриясын қалай қы­зық­­тағаны және алдағы перс­пективалардың құрылысын мұқият зерттегені анық байқа­лады. Автор үйдің әрбір кескіні үшін текше пішінді бас­ты деталь ретінде пайдаланды. Суық түстердің матасу әдісін қолдана отырып, бұлыңғыр ойлардан қашуға тырысты.

Құм реңкті, үш бұрышты аласа ғимараттар жарықты шебер ойнатудың нәтижесінде кенеп бетінде тегіс көрінеді. Картинаның жоғары бұры­шындағы ағаш бұтақтары мен жапырақтар геометриялық ил­люс­трация түзген. Қызығы, олар композициялық орталықта жи­нақталған және суреттің шек­арасынан тыс кеңістікпен үйлеседі.

Қылқалам шебері Эстак жағалауында өткен жазға арнап кубизм стилінде алты се­риялы картина жазады. Алайда бұл шығармаларды оқыр­ман бірден қабылдаған жоқ. Суретші мұны еске­ріп, ту­ындыларын жеке көрме­сі­нің алғашқы сөресіне жайғас­тыр­ды. Ондағы мақсат – кес­кін­деменің жаңа үлгісіне кө­рер­менді бейімдеу. Яки ав­торлық шешімдерді радикалды түрде қабылдануға дайындау.

«Эстактағы үй» картинасы – кубизмнің дамуында және оны басқа бағыттағы сыншылар мен суретшілердің мойындауында маңызды рөл атқарған туынды. Сонысымен әйгілі.