Аймақтар • 31 Қазан, 2021

Бағырлайдан бақ тайса...

968 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысы судан тапшылық көріп жатыр. «Түйені жел шайқаса, ешкіні аспаннан ізде» дегендей, алып құрлықты екіге бөліп ағатын Жайықтың халі мүшкілденген соң, шағын өзен-көлдер тіпті құрып барады. Тайпақ өңірінде талай жұртқа нәпақа болған Бағырлай өзенінің бүгінгі ахуалы туралы жанайқайға құлақ түріңіздер.

Бағырлайдан бақ тайса...

Бірнеше жыл бойғы қуаң­шы­лық малмен күн көріп отырған ауылдағы ағайынды әбден са­ры уайымға салды. Байырғы өзен – Бағырлайды жағалап, өзе­гі талып көрмеген шаруа­лар соңғы үш жылда малына берер су таба алмай қиналуда. Шы­дам­ның да шегі бар. Халі әбден мүшкілденген өзенге тү­сер тамшы су сұрап, шаруалар дабыл қақты. Тайпақ ауылының тұр­ғы­ны Баян Мұхамбетова ха­бар­ла­сып, Бағырлайдың жа­йын өз көзі­мен көріп, билікке ел-жұрт­­тың жа­най­қайын жет­кізуі үшін тілшілерді шақырды.

«Бағырлай құрып кетеді деген ой үш ұйықтасақ, түсімізге кір­мейтін. Бірақ қазіргі жағдай осы. Қаңсып, айтақырға айналды. Соңғы жылдары ауа райы да мүсіркеп тұрған жоқ, қыста қар, жазда жаңбыр аз. Мал суа­ратын суат таба алмай, дала кезіп тенті­реп жүрміз», дейді өзенге араша сұраған шаруалар.

Расында да, Батыс Қазақстан об­­лысымен көршілес Атырау об­лы­­сының Индер ауданы ше­­кара­сын­дағы Бағырлай-4 су қойма­сы әб­­ден кеуіп қалған, жүректі ауырта­­ды. Бір кездері балығы ту­лап, қа­­мы­­сы шулаған өзеннің жағ­дайы қын­жылтады.

Ұзындығы 80 шақырымға со­зы­­латын Бағырлай өзені бір­не­ше жерден бөлініп, аяқ жа­ғын­дағы 27 шақырымдай арнасы­на су келмеген. Алайда Индермен шектескен тұстағы көпірге қақпа қойылып­ты, өзен арнасының атырау­лық бөлі­­гінде су толып тұр. Оның се­бебін сұра­ға­нымызда, атырау­лықтар Жа­йық­тан кіші өзенге насоспен су айдап жатқанын білдік. Ал арнаның өздеріне тиесілі бөлігі кеуіп қалғанын көрген тайпақ­тық шаруалар осындай оң әрекет­тің ертерек қолға алынбағанына күйінеді.

«Азамат» шаруа қожалығы­ның жетекшісі Нәсіпқали Бисе­нов­­тің де билік басын­да­ғы­ларға судан бөлек айтар базынасы бар. «Осы маңды мекен еткеніме 15 жыл­дан асты. Судың жоқтығы өз ал­дына, индерлік қожалық иелері өз жерінің шұрайын сақтап, малын біздің аймаққа айдап жі­бе­ре­ді. Жайылыс жоқ. Көз ша­латын жердің бәрі тері сүй­рет­кендей. Көрші шаруаларға бір­неше рет ес­керт­тім, шетінен өндір­дей жас жі­гіт­тер. Кері ша­уып, қо­қан-лоқы көр­сетіп кете­ді». Ақ­са­­қалды бала­ғаттап, үркі­тіп қор­­қыт­­қан басбұ­зар­ларға тоқ­та дей­тін жан керек.

Тайпақ ауылдық округі әкім­ді­гі­нің дерегінше, Бағырлай өзе­нін жа­ғалай 22 шаруа қожа­лығы жайлайды. Бұларда 833 ірі қара, 4 729 уақ жандық, 965 жылқы, 20 түйе тіркелген. Осы округтегі Шабдаржап пен Томпақ ауылының өндірістік кооперативіне тиесілі 439 бас ірі қара да осы алқапта жайылады.

Қос кооперативтің бірінің тіз­гінін ұстап отырған Болат Ғаб­дуалиев бірнеше жылдан бері қор­даланған мәселенің егжей-тегжейін тарқатып берді: «Осыған дейін арнаның түбінде қалған там-тұм суды малға талғажау етіп, өлместің күнін кешсек, биыл жағ­дай мүлдем күрделене түсті. Шаб­даржап пен Томпақтың малына ішер су жоқ. Ауылға осыдан бірнеше жыл бұрын «Ақбұлақ» бағдарламасымен ауыз су құбыры жеткізілген болатын. Амал нешік, таңертеңнен кешке дейін жайылып келетін қой-ешкісіне ауыл тұрғындары осы суды береді. Ал бағымдағы сиырды суа­ру үшін «Орал-Атырау» күре жолын күніне төрт мәрте кесуге тура келеді. Таңмен жолдың арғы жа­ғын­дағы жайылымға шығатын табынды түстен кейін Жайыққа айдаймыз. Одан шөлін қандырып болған соң, кері қайтару тағы керек. Сөйткенде жеріміздің бай­лығы – өзен бойындағы ен тоға­йы­мызды да құртып бітіруге жа­қын­дадық. Малдың аузын бітеп қой­маймыз ғой, жүрген жолындағы терек-бұталарды жайпап барады жеткенше».

Оның айтуынша, осындай қо­лай­сыздықтарға байланыс­­­­ты ба­ғымдағы малға қарайтын жан табу да қиынға түсуде. Себебі жолдан әрлі-берлі өткен түлікке көлік соқтығысып, мал иелері мен бақташыны сотқа сүйреп әлек. Биыл осындай екі оқиға болған. Алғашында көлік иесі кооперативтен 4 млн 200 мың теңге өндіріп алуға ниеттенген көрінеді, абырой болғанда, сотта бұлардың кінәсіз екені дәлелденген. Бір-екі күнде Б.Ғабдуалиев тағы да соттың алдына бармақ. Енді көлік иесі келтірілген шығынның есебіне 1 млн теңге талап етіп отыр екен.

«Өздеріңіз көріп отырғандай, өзеннің Атырауға тиесілі бөлі­гі­не көршілер насоспен су айдап отыр. Солармен келісіп, қара­жа­тын төлеп болса да, көпір қақ­­пасын аштыртса, игі болар еді. Сусыз қалғанымызға бір­не­ше жыл болды. Малмен күн көріп отырған ауыл үшін ең қиыны осы-дағы. «Құдық қазып, су шы­ға­рыңдар» дейді. Бізде биыл 7 құдық қазылып, оның 5-еуі бітеліп қалды. Жыл са­йын жаңа құдық қаза беретіндей шаруалардың жағдайы да мәз емес», деп ашынды Тайпақ ауы­­­лында өткен суландыру жүйесіне жауапты мекеме басшыларымен жүздесуде Б.Мұхамбетова.

Осы орайда шаруалармен басқосу­ға арнайы келген «Қаз­сушар» РМК облыстық филиалы өкілдерінің де уәжін тыңдадық. Олардың айтуынша, соңғы үш жылда болған қуаңшылық тек Ақжайық ауданына емес, бүкіл Батыс Қазақстан облысына қиын­дық тудырған. Айталық, 2019 жылы Жайықтың деңгейі 2,4 метр болса, былтыр 3,07, ал биыл 3,58 метрге көтеріл­ген. Ал осы өзеннен бастау алатын кіші өзендердің арнасы толуы үшін судың деңгейі кем дегенде 6 метр­ге дейін көтерілуі керек. Жа­йық­тан негізінен 600 млн текше метр су алуға рұқсат бар, бірақ биыл соның тек 250 млн текше метрі ғана Жайық-Көшім суару-суландыру жүйесіне жіберіліпті. Себеп жалғыз – өзенде су жоқ. Алынған су көлемінің 30 пайы­зы, яғни 74 млн текше метрі бүгін мәселе басына көтерілген Бағыр­лайға жан бітіретін Тайпақ магис­тралды каналына бөлінді. Әйтсе де бұл судың Тайпаққа жететін түрі жоқ. Себебі жолшыбай 199 бе­кет­тен су алынады. Қалғаны бау-бақшаға құйылса, көктемде азын-аулақ көлтабандарға су алған­дар да бар.

– Бағырлай-4 қоймасына су бере­йік десек, Жайықтан түсіп жатқан су көлемі – секундына тек 1 ғана тек­ше­ метр. Ал жан-жаққа таратып отыр­ған су – 6 текше метр. Салыс­тыр­малы түрде айтар болсақ, су орташа деңгейде болғанда, Жайықтан секундына 10-15 текше метр кіруші еді. Яғни кө­лемі 10-15 есе азайды. Жайық-Кө­шім суландыру жүйе­сінің бойын­да 4 су қоймасы бар, Бағыр­лай солар­дың бірі – Дөң­гел­ек­тен нәр ала­ды. Ал мұнда судың 30 пайы­зы ғана қалды. Осы қойманы су­мен толтырар Бітіктің де табаны көрінуге жақын. Оның сы­­йым­­дылығы 106 млн текше метр болса, қазір 9 млн текше метр су бар. Бұл бұған дейін бо­лып көр­­меген көрсеткіш, – дейді «Қазсушар» РМК облыстық фи­лиа­­лы­­ның инженері Шымболат Бекмағамбетов.

Жоғарыда айтылғандай, Жа­йық­тан рұқсат етілген су көле­мін түгел алмайынша, облыс­тың ең шеткі аймағы – Тайпаққа судың келуі неғайбыл. «Келер жерін кең қылсын» деп, қара судың өзін пұлсыз бермейтін көрші ел­дің мейіріміне де, рақымына да сеніп қажеті жоқ сияқты. Сонда тығы­рықтан шығар жол қайда?

«Жайықгидрогеология» ЖШС ма­мандарының пайымынша, Тай­пақ өңірінде судың дені ащы. Бірақ ұсыныс түссе, тұщы судың қорын іздеуге дайын. Осы жүздесуде мекеме өкілдері шахталық құдық қазу, оның бағасы жөнінде біраз түсі­нік беріп өтті. Несі бар, су келген­ше, амалдай тұруға болатын бұл да бір әрекет.

Шаруалармен жүздесіп, мәсе­ленің мән-жайын түсіндіруге келген аудан әкімінің орынбасары Асқар Әбуғалиевтің айтуынша, Жа­йық­қа су мол келгенде, Атамекен ауылының тұсындағы ескі арнамен Бағырлайға еш кедергісіз құйылады. Ал қазір кіші өзенді тек Тайпақ каналы ғана суландырып отыр, оның өзі де мардымсыз.

– Біз Бағырлайдың жайына әбден қанықпыз. Бәрімізді де кеуіп қалған өзеннің халі қатты алаң­датады. 2019 жылы өз­дері­ңіз білесіз, Жайықта су соң­ғы 100 жылда болмаған деңгейге төмен­деді. Оған дейін кіші өзен­дерге су молынан құйылатын. Әрі қыста тоң тұрмай, жазда жаң­быр­дың да аз жаууының сал­дары­нан Бағырлай құрғап қал­ды. Одан кейін келген судың да деңгейі көңіл көншітпейді. Алпыс күн тасыған судың алты күнде қай­та­рын мықтап ұғындық. Су тап­шылығы ең алдымен малға, екін­шіден жанға ауыр сезілуде. Осыған дейін Томпақ ауылының тұсынан Жайықтан Бағырлайға тікелей құбыр тартамыз деп жоба жасауға ниет еткенбіз. Бірақ мұ­ның реті шықпады, екі орта­да көсі­ліп жатқан жол бар әрі сол жол­дың бойы­мен электр же­лілері, газ құбырлары тар­тыл­ған. Соларды басқарып отыр­ған мекемелерден суға арналған құбырды төсеу үшін рұқсат алуға тиіспіз әрі бұл өте қымбатқа шықпақ. Сонымен айналысып жүргенде, уақыт осылай текке өтіп кеткенін мойындауымыз керек. Ендігі жол – Атамекен ауы­лының тұсындағы ескі арнаға Жа­йықтан су айдау үшін қуаты мол, қалқымалы насос стансасын орнату. Әрине, бұл да қаражатты талап етеді. Бір ауданның бюд­жеті мұндай ірі жобаны көте­ре алмасы анық. Сон­дықтан облыс әкімдігінен қол­дау сұрап отырмыз. Қазіргі таңда Атамекен ауы­лынан Жайық өзеніне дейін 5 шақырым электр желі­сін тарту үшін жобалық-сме­та­лық құжаттар жасақталу­да. Электр желісі 2022 жылы жет­кізі­луі керек. Құрылғының орнатылуы, қо­сымша жабдықтар­ды қоспа­ған­да, қалқымалы насос­тың өзіне 100 млн теңгеден астам қаражат қажет, – дейді А.Батырханұлы.

Көріп отырғанымыздай, Ба­ғыр­лайды мекендеген шаруа­лардың бар үміті – Жайықтың тасуы мен Тайпақ каналынан түскен суда емес, осы насос­­та. «Ірге­мізден аққан өзеннің пайдасын көре алмай отырмыз ғой» деп бір жұтым суға зар болып, шамданған малшы ағайынның жанайқайына об­лыс­тағы атқамінерлер құлақ түріп, мәселені тезірек шешсе игі. Ұзын­сақалды кейбір жоба­лар сынды бір­неше жылдың төңі­регіне созылса, әбден қаңсы­ған өзеннің ертеңгі жайы, сол суға мұқтаж ауылдың халі не бол­мақ? Бағырлайдың бағы тайса, Шаб­даржап пен Томпақтағы ел-жұрт күнкөріс көзі – малынан айырылады. Ағайынның осы мал үшін ғана ауылда отырғаны аян, басқа жұмыс көзі жоқ. Бетін әрмен қылсын, 1-2 жылда малға беретін су келмесе, ауылдан адамдардың жаппай қоныс аударары да ақи­қат. Қарап отыр­са­ңыз, осы ауыл­дарға газ да, су да тартылған, Шаб­даржапта еңселі білім ордасы бой көтергеніне 3-4 жылдың шамасы болды. Билік басындағылар адам ауыл­дан үдере қашса, осы игі­ліктердің түкке де қажеті болмай қалатынын ойласа игі еді. Ел ертеңі  ауыл екенін ұмытпалық.

 Әлия ШАРАПИЕВА

 Батыс Қазақстан облысы