Бағдарламалар • 01 Қараша, 2021

Отбасы банк «Корпоративті өнім» ипотекалық бағдарламасына серпін берді

495 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Кез келген ұжымнан баспанасыз қызметкерлер табылады. Бұлар – жас мамандар, яки отбасын жаңадан құрған қызметкерлер мен әрқилы себептермен үйлі болуды кешеуілдеткендер. Мемлекеттік құрылымдарда жұмыс істейтіндердің жайы белгілі, түрлі жеңілдіктермен, мемлекеттік бағдарламалармен тұрғын үй несиелерін алуға жол тауып жатыр. Ал жекеменшік  сектор мен бюджеттік емес мекемелерден несібесін тауып отырғандардың баспана мәселесі қалай шешіледі?

Отбасы банк «Корпоративті өнім» ипотекалық бағдарламасына серпін берді

Осындай жағдайларға байланысты Отбасы банкінде 2019 жылы «Корпоративті өнім» пайда болған-ды. Ендігі жерде осы бағдарламаға серпін берудің өзектілігі күн сайын артып келеді. Аталған бағдарлама арқылы жекеменшік компаниялар, кәсіпорындар, тіпті коммуналдық ұйымдар жеңілдікпен берілетін тұрғын үй ипотекасын ала алады. Қысқасы, оқырмандарымызға барынша түсінікті болуы үшін,  тиімді жолдармен қалай пәтер немесе үй алуға болатыны туралы сұрақтарымызды «Отбасы банк» АҚ басқарма төрайымының орынбасары Нұрлан АҚШАНОВҚА қойған едік. 

– Нұрлан Сағындықұлы, бұрын қайырымды кинолардағыдай, бір жерге жас маман ретінде жұмысқа тұрып, адал еңбекпен көзге түсіп, көп ұзамай жаңа да жайлы бір пәтерде қоныстойын тойлап жататындар бар еді. Ол жүйе Кеңес өкіметімен бірге келмеске кетті. Осы заманда екі қолында бір жұмысы бар кез келген азаматқа бұл арманды оралтуға бола ма? Өзі «Корпоративтік өнім» қалай жасалды?

– Біздің елімізде де баспана мәселесі кез келген адамды ғана емес, компания басшыларымен қатар қызметкерлерін де толғандырады. Бұл мәселені шешу үшін мемлекет, тіпті банктер тарапынан талай бағдарлама жасалған, оның басында біздің банк те тұр. Ал Отбасы банкі жүзеге асырып отырған мемлекеттік бағдарламалар негізінен әкімдіктер арқылы кезекте тұрған, жеңілдіктері бар санаттағыларды қамтиды. Бірақ өкі­нішке қарай, зауыттың қарапайым жұ­мыс­шысы немесе жекеменшік кли­ни­калардың медбикесі жеңілдіктер қа­рас­тырылған ипотекалық несиеге іліге алмай келе жатқаны аян. Олардың жалақысы көп жағдайда бастапқы 50% жарнаны жинауға жете бермейді.

Өзіңіз айтып отырғандай, жас маман ретінде кәсіпорынға жұмысқа қабыл­данып, тәжірибесін жетілдіріп, жаңа ма­ман­дықтарды да меңгеріп, өз фотоң­мен құрмет тақтасында жарқырап, еңбегің де жанып жатуы мүмкін. Бірақ пәтерсіз жүре бермей, кәсіп­орын арқылы жап-жақсы үй алу – әрбір адамның арманы. Бір жағынан бұл ертегідей естілетін де шығар. Қазір­дің өзінде бізде осындай қуанышты оқи­ға­лардың нақты кейіп­керлері бар. Демек бұл – енді бір қол жет­пейтіндей жағдай емес. Банктің «Кор­по­ративті өнімі» де осы мақсатта қазақ­стан­дық кәсіпорындардың ұжымдарына қолайлы ипотека ұсыну үшін жасалды.

Жалпы, ұжым жетекшілері кәсіби біліктілігін бағалайтын кадрларға жасалып жатқан сыйлық, кепілді сақтандыру пакеттері, оқу ақысын төлеп беру сияқ­ты мұндай мүмкіндіктерді HR тілінде well вeing деп атайды. Заманауи термин «мамандарға жағдай тудыру» дегенді білдіреді. Ал адам капиталы, кадрлық ресурс табысты бизнестің бастауы екенін түсіндіріп отырудың өзі артық. Егер қолынан іс келетін мамандар бас­қа жақтан жайлы өмір іздей баста­са, жұмыстың берекесі қашатыны бесене­ден белгілі. Сарапшылар да менедж­мент­тің мұндай форматын көптеген ком­пания пандемия басталып, адамдар пс­и­хологиялық және қаржылық тұр­ғыд­а қажи бастағанын байқаған кезде енгізгенін алға тартып отыр.

Бұрын да Отбасы банк корпоративтік тұрғыда несиелеудің жеке тәжірибелерін жасап көрген, бірақ ұйымдар тарапынан айтарлықтай құлшыныс, сұраныс болмағаннан кейін «Корпоративті өнім» жасауға шешім қабылдадық, ал бұл отандық кәсіпорындардың өз жұмысшыларына қарасуына, қолдауына жол ашады. Енді жұмыс беруші ұйым қызметкерлерін үйлі ету үшін өзінің артық қаражатын банктерге жеңілдіктермен заем­дар беруге уақытша ұсына алады.

– Ұжымдық бағдарлама арқылы үй алудың нақты жолдары қандай?

– Біз сынап көрген осындай кейстің бірі, яғни корпоративті өнім аясындағы келісімшарт 2020 жылы Eurasian Resources Group (ERG) компаниясымен жасалды. Қарап отырсақ, компания өз қызметкерлері үшін құрылыс жүргізуді қолға алған екен, бірақ оны жұмысшыларына қандай тиімді несие кестесімен сатуды ұзақ іздестіріп жатқан. Ал ERG (Еуразиялық топ) құрамында «Қазхром» ТҰК» АҚ, «Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігі» АҚ (ССКӨБ), «Қазақстан Алюминийі» АҚ, «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ (ҚЭЗ), «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ (ЕЭК), «Шұбаркөл көмір» АҚ, «ТрансКом» ЖШС, «3-Энер­го­орталық» АҚ мен ERG Service ЖШС кіреді және оның бүкіл елімізде 60 мыңнан аса жұмысшысы бар. Ал негізгі назар келешегі бар, мықты жас мамандарға аударылатын болса, онда мұндай жас кадрларды Рудный, Ақсу, Екібастұз, Хромтау сияқты қала­ларда ұстап қалудың маңыздылығы қаншалықты екенін өздеріңіз ұға бері­ңіздер. Өз кезегінде мұндай индустриалды профильдегі мамандар іргеміздегі Ресейде де сұранысқа ие және шекаралас елдегі кәсіпорындар әлеуетті жұмыс­шыларға жақсы жағдай жасап, өздеріне тартатыны белгілі.

Мұндай жағдайда ERG да қарап отырмай, өз жұмысшыларын ұстап қалудың әре­кетін жасауы тиіс болса, аталған бағ­дар­лама аясында компания 3-5 жыл ішін­де біраз жұмысшысын баспаналы ете алады. Сонымен жалға алу келісімшарты бойынша жұмысшылар жаңа пәтерлерге қоныстанып, оның ақысын төлей отырып, бір мезетте Отбасы банкте бастапқы жарналарын да жинақтай береді. Үйдің 30% жарнасы жинақталып болғаннан кейін банк қалған 70%-ына жылына 7% үстемемен алдын ала тұрғын үй несиесін береді. Қазірдің өзінде осы кес­темен Павлодар, Екібастұз, Ақсу және Қарағанды қалаларында «Қазақстан алюминийі», ERG Servicе компаниялары мен Қазақстан электролиз зауытының 467 жұмысшысы жаңа пәтерлерде қоныс тойын атап өтті. Бұл пәтерлердің болашақ қожайындарына бастапқы жарнасын жинақтап болған сәттеп бастап несие беріле бастайды.

– Қарап отырсақ, қарапайым жан­дар­дың көпшілігіне өз депозитін ашып, қаражат жинақтауға кедергі келтіретін себептің бірі – сенімсіздік. Адамдар көп жағдайда қаржылық мүмкіндіктеріне, несие ала алатынына, оны жаба алатынына күмән келтіреді. Отбасы банкі осы кедергіні жою үшін де «Корпоративті өнімін» іске қосқаны қуантады.

– Осы мәселеге байланысты біздің банктің Бизнес және технологиялар депар­таментіндегі әріптестеріміз қар­жы­лық тетік ойлап тапты бұл – төлем қабі­летін алдын ала бағалау құралы. Қалаған адам банктің кез келген филиалына барып, болмаса 300 нөміріне хабарласып, банк қызметкеріне өзінің жеке мәліметтерін тексеруге рұқсат береді. Ол сәтте біздің қызметкерлер сіздің ЖСН-іңіз бойынша сұрау салып, несие тарихыңызды, зейнетақы қорыңызда қанша қаражат жинақталғанын біледі. Қалған шаруаны математика атқарады: табыс көзі анықталып, алғыңыз келетін несие көлемімен салыстырып, сол заматта клиентке алуға болатын заемның нақты сомасы көрсетілген сертификат беріледі. Бұл құжат екі айға дейін жарамды болғандықтан, клиентке жаңа пәтер іздеп, тауып, шешім қабылдауға мүмкіндік бар.

– Енді аймақтардағы аталған бағ­дар­ламаның нақты көрінісі қандай?

– Қазір пәтерлердің 60%-ы иелерін тап­ты, қалғаны ресімделіп жатыр. Пав­ло­дардағы 216 пәтердің 131-інде қоныс­тойы тойланып, тағы 53 үміткер жалға алу келісімшартын жасауға кірісті. Ақсуда 140 пәтерлі 3 үйдің 70 пәтеріне Ақсудағы ферроқорытпа зауытының қызметкерлері кірді, қалған мамандардың төлем қабілеттілігі тексерілу үстінде. Екібастұздағы 70 пәтердің 65-іне «Еуро­азиат­тық энергетикалық корпорациясы» АҚ жұмысшылары қоныс­танды. Қара­ғандыдағы 41 пәтерге ұм­тыл­ған үміткер­лердің де құжаттары ресім­деліп жатыр. Осы арада айта кету керек, тұрғын үйлерді жалға алу келісім­шарты заем келісім шартына қол жет­кізілгеннен кейін бірден қызмет­кердің жекеменшігіне айналады.

Банк қазір белсенді түрде ERG-дің барлық қызметкеріне толайым кеңес беріп отыр. Қанша дегенмен ондағы кейбір өндіріс нысандары вахтамен жұмыс істейтіндіктен, жұмыс орындарын ұзақ уақытқа тастап кете алмайды. Сондықтан біздің кеңесшілер оларға өздері барады. Сол жерде клиенттердің мақұлданатын несиесінің нақты сомасы есептелінеді. Сомасы көрсетілген сертификат сол арада қолдарына тиеді. Жоғарыда айттық қой, бұл құжат екі айға дейін жарамды осы аралықта алдын ала мақұлданған заем бойынша клиент өзіне керек пәтерді тауып ала алады. Пәтер табылғаннан кейін ол бағалаудан өтіп, содан кейін несие ресімделеді және мұны бейнебанкинг арқылы қашықтан жасай беруге болады.

Біз қазір басқа да ірі компаниялар ERG-ден үлгі алатынына үміт артамыз, келешекте де сатып алу мүмкіндігімен пәтер­лерді жалға алу біздің банк арқылы не­сиеге қол жеткізудің жалғыз жолы емес.

– Отбасы банкімен ең бірінші болып қандай компания осындай мәміле жасап еді?

– 2019 жылы «Қаражанбасмұнай» АҚ бірінші болып бізбен әріптестікке ұмтыл­ды. «Корпоративті өнім» мұнай өн­діру­ші компанияның да 100 қызмет­керіне баспаналы болу бақытын сыйлады. Әрине, мұнайшылардың табысы жаман емес, бірақ Қазақстанның баты­сын­да да көпбалалы отбасылар баршы­лық, балалары үйленіп, бастарына бас қо­сы­лып жатқан кезде үй артықтық етпейді.

Бірақ біз бұл компаниямен басқа кесте бойынша жұмыс істедік. «Қара­жан­басмұнай» өзінің жеке қорынан 1,3 млрд теңге бөлді. Келісімшарттары бойын­ша біз бұл қаражатты жылына 2% үс­темемен алып, жұмысшыларға жылы­на 5% үстемемен несие беруге, 4 жылдан кейін осы соманы компанияға қайтаруға міндеттеме қабылдадық. Бұл жағдайдың ерекшелігі сонда, компания қызметкерлері бір тиын да бастапқы жарна төлемей, аса тиімді жағдайда несиеге қол жеткізді.

– Демек ұжымдық бағдарламаның арқасында клиенттер жекелеген жағ­дайларды иемдене алады ғой?

– Бір жағынан корпоративті өнім конструкторға ұқсайды: бөлшектері көп ұсыныстардың ішінен қазақстандық немесе шетелдік компаниялар дәл өздеріне қолайлы нұсқаларды таңдап ала алады. Біз компаниялардан қаражатты пайызға ала аламыз, яки өздері бізге депозитке салып, тіпті қажет деп тапса облигацияларын да шығара алады. Несиенің ең жоғары сомасы – 50 млн теңге, заемның мерзімі 6 айдан бастап 8 жылға дейін беріледі. Сондай-ақ біріккен заемшылар тауып, жекелеген немесе бүкіл отбасының зейнетақы жинақтарын пайдалануға болады.

Мысалы, коммуникация саласында жұмыс істейтін біздің бір серіктесіміз өз қызметкерлері үшін Отбасы банкінде стандартты жағдайда несие ресімдегісі келеді делік, бірақ несиенің алғашқы жылдарында айтарлықтай білінетін пайыздық үстеменің бір бөлігін өтеуге міндеттеме алып, осылайша өздерінің ең мықты мамандарын қолдауды жос­парлай алды.

Бірақ айта кету керек, егер соманы 100% заңды тұлға қаражаттандыратын болса, онда несиелік үстеме соңғы заем­шы үшін 0%-дан бастап 5%-ды құрайды. Егер заемдарды қорландыруға банк 40% және 60% қағидатымен қатысатын болса, онда 40% қаражатты банк бөледі, 60% – қаражатты компания береді. Мұндай жағдайда бастапқы жарна пәтердің 10%-на дейін жинақталуы тиіс және несиенің жылдық үстемесі 8% болады. Осыған ұқсас кестемен (50% де 50%) біз әкімдіктермен де жұмыс істеп жатырмыз. Шындап келгенде, «Корпоративті өнім» дүниеге әкелген де осы әкімдіктермен жеңілдіктер бойынша несие берудегі көпжылдық әріптестік деуге болады.

Осылайша, кез келген ауқымдағы кәсіпорын осы өнімнің игілігін көре алады. Мысалы, бір компания 8 облыстағы бір өкілін қолдау үшін 80 млн теңге бөлді. Біз ешкімнің де бетін қайтармаймыз, жаңа үйден болсын, екінші нарықтағы пәтер болсын, несие алуына септесеміз. Ең бастысы – барлық қадам біз көздеген мақсатқа жұмыс істесе болғаны.

– Мұндай бағдарлама жаһандық пандемиядан есін жия алмай жатқан ұжымдар мен компаниялардың HR-брендін күшейтуге зор үлесін қосатын шығар?

– Әлбетте, «Корпоративті өнімнің» көмегімен компаниялар нарықта өз беделін әбден көтере алады. Сұранысқа ие мамандар жеңілдігі бар ипотекалар ұсынатын компанияларды таңдайды. Бұл – да пандемиядан кейінгі өзіндік well being, ұжым мүшелеріне қамқорлық танытудың оңды бастамасы.

Айналып келгенде, тынбай еңбектеніп жүрген адам түбінде жеңілдікпен үйлі болатынын білсе, жұмыс берушілеріне де адалдық танытқан болар еді. Айтпақшы, Екібастұзда әріптестеріне үлгі бола алатын бір жігіт болған, өзі – альпинист, рафтер және жастар қозғалысының жетекшісі. Жап-жас болса да жақсы әке, тамаша отағасы. Осы жігіт біздің жаңа бағдарлама арқылы үй алғанын естігенде, дәл осындай адамдар үшін жаңа бағдарлама ойлап тапқанымызға қуандым.

– Дәл осы нарықта сіздерге бәсе­келес бола алатын банктер бар ма?

– Әр адамның өз таңдауы бар – біреу коммерциялық банктерге жүгінгенді құп көреді, енді біреулер өзінің жиған-тергеніне сүйеніп үйлі болады. Әке-шешесінен мұраға қалған баспананы үлкейтіп, жағдайын жасап жатқандар да бар. Енді біреулер әлеуметтік жағынан қорғалған, жеңілдіктері қарастырылған мемлекеттік құрылымдарға ұмтылады. Егер клиент үшін күресті бәсеке деп есептейтін болсақ, онда заемшыларды біз іздемейміз, өздері келеді. Алайда Қазақстанда «Корпоративтік өнім­нің» баламасы жоқ. Ал шетелдердегі әріптестеріміз үшін жауап бере алмаймын, мәселен, өзіме белгілісі Батыста тұрғын үй жағдайы әркімнің жеке мәселесі болып есептеледі.

– Қысқасы, осы бағдарлама арқылы барлық ұжым өздерінің үйсіз-күйсіз қызметкерлерін жарылқап, сауапқа бөлене ала ма?

– Біздің бағдарламаға квазимемлекет­тік сектордағы болсын, жеке кәсіпорын­дарда, қысқасы, кез келген заңды тұлға қатыса алады. Ал соңғы клиент – заем­шының өзі туралы айтатын бол­сақ, ең бастысы несиесін жаба алатын жағдайы болғаны жөн. Жасы, азаматтығы маңыз­ды емес, егер компаниялар тіпті 70-ке келген қызметкеріне де үй алып беремін десе, қуанамыз.

– «Корпоративті өнімнің» өміршең­дігіне қатысты Отбасы банктің қан­дай да бір болжамдары бар ма?

– Қазірге біз органикалық ауқымдағы нәтижелерді көріп отырмыз, 2022 жыл­ға қарай әрбір өңірдегі филиалдары­мызда тоқсан сайын осыған ұқсас бір­неше жобадан тауып отырсақ деген жос­парымыз бар. Осылайша, кемі 20 шақты компания жаңа бағдарламаның игілігін көріп, өзге әріптестеріне, басшыларына жеткізіп, қызметкерлерінің баспана мәселесін шешілмейтін басты мәселелердің қатарынан сызып тастауға септесетініне сенеміз.

– Әңгімеңізге рахмет. Көптің алғы­сына бөлене беріңіздер!