Бокс • 02 Қараша, 2021

ӘЧ: Бүгін 10 боксшымыз жүлдегер атануға тырысады

583 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сербия астанасы Белград қаласында өтіп жатқан бокстан әлем чемпионаты күн өткен сайын қызып келеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

ӘЧ: Бүгін 10 боксшымыз жүлдегер атануға тырысады

Бүгін Қазақстан ұлттық құрамасының 10 бірдей боксшысы әлем чемпионатының кем дегенде қола жүлдегері атануға тырысады. Сағат 18:00-де басталатын күндізгі сессияда алдымен 48 кило салмақтағы тәжірибелі тарланымыз Теміртас Жүсіпов рингке көтеріледі. Ол өзбек Нодиржон Мирзахмедовтың мысын басуға күш салады. Бұдан соң 54 кило салмақтағы Махмұд Сабырхан бразилиялық Майкл Тринидадпен жұдырықтасса, 60 кило салмақтағы Саматәлі Төлтаев француз Софьян Умиамен қолғап түйістіреді. Кейіннен ұлттық құраманың капитаны Абылайхан Жүсіпов моңғолиялық Чинзориг Баатарсухтың шамасын байқап көреді. Ал 75 кило салмақтағы Нұрқанат Райыс италиялық Сальватор Каваллароға қарсы барын салмақ.

Бұдан соң кешкі сессия басталады. Кешкі сессияда алдымен Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, 51 кило салмақтағы саңлағымыз Сәкен Бибосынов рингке шығады. Әлем чемпионатының жартылай финалына шығу үшін ол колумбиялық Юберхен Мартинеспен жұдырықтасады. Мұнан соң 57 кило салмақтағы Серік Теміржанов ресейлік Эдуард Саввинмен, 63,5 кило салмақтағы Санатәлі Төлтаев шотландиялық Риз Линчпен, 71 кило салмақтағы Асланбек Шымбергенов украиналық Юрий Захареевпен, 80 кило салмақтағы Нұрбек Оралбай серб Владимир Мирончиковпен жұдырықтасады.