Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Себеп неде?
Амал қандай?
SCAT әуе компаниясы Ақтау, Ақтөбе, Нұр-Сұлтан қалаларындағы отын қорының бір-екі күнге жететінін, егер жағдай жалғаса берсе, онда билет бағасын көтеруге мәжбүр болатынын хабарлаған. Мұнай-газ нарығының сарапшысы Сергей Смирновтың айтуынша, әуе отыны тапшылығы мұнай шикізатының жетіспеуімен байланысты.
«Билік біз ірі мұнай державасымыз дейді. Бірақ Теңіз, Қарашығанақ, Қашаған сияқты кен орындары Қазақстандағы шикі мұнайдың 60 пайыздан астамын өндіреді. Олар өнімді үлестіру туралы келісіммен жұмыс істейді. Ол келісімге сәйкес аталған кен орындарындағы компаниялар бір грамм мұнайды ішкі нарыққа жеткізуге міндетті емес. Негізінен экспортқа жібереді. Ал мұнай өңдеу зауыттарына шикі мұнай жеткізумен КСРО кезінде салынған ескі кен орындарында істейтін ірі және шағын компаниялар айналысады», дейді сарапшы.
Оның айтуынша, ішкі тапшылықты жою үшін Ресейден отын сатып алғаннан басқа нұсқа жоқ.
«Дизель отыны тапшылығы байқалған кезде энергетика министрлігі Шымкент мұнай өңдеу зауытындағы әуе керосині өндірісін екі есе қысқартып, дизельді отын өндіруді арттыруды тапсырды. Сол кезде әуе компанияларының бірі әуе керосині тапшылығына ұшыраймыз деп ескертті. Бірақ министрлік бәрі дұрыс болады деуден танбады. Енді міне, компанияның дұрыс қауіптенгенін байқап отырмыз», дейді Смирнов.
Сарапшының сөзінше, әуежайларда керосин құйып қоятын ірі сақтау орындары жоқ. Тіпті үш айға жеткілікті қордың өзін сақтай алмайды.
Ең қымбат баға бізде ме?
Сөз жоқ, пандемия бұғауынан енді босап жатқан авиация саласына «отын тапшылығы» тағы бір ауыр соққы болып тиді. Сарапшылардың айтуынша, күз маусымында авиациялық керосинді қысқы дизельді отын өндірісі кезінде де қолданатындықтан оның құны көтеріліп кетеді.
Тағы бір себеп – Павлодар мұнай өңдеу зауытының жөндеу жұмыстары үшін жабылуы. Бір қызығы қазан айының басында алғаш болып Air Astana дабыл қаққан: компания әуе отыны өндірісінің төмендеп кеткенін мәлімдеген еді. Алайда министрлік әуе компаниясы нақтыланбаған ақпарат таратты деп, үзілді-кесілді келіспейтін сыңай танытып еді. Арада ай өтпей өз сөздеріне қайшы келіп, Павлодар МӨЗ-інің ремонтына байланысты өндіріс көлемінің қысқарғанын мойындады. Елдегі ірі 3 МӨЗ-дің бірінің жабылып қалуы өндіріс көлемін бес есе төмендетіп жіберген.
2020 жылы Алматыда әлемнің жетекші әуе компанияларының басшылары бас қосқан кезде керосин бағасы да сөз болған. Олардың айтуынша, Қазақстанда авиациялық отын жеткізушілер монополиялық көзқараспен әуежайға жеткізген өз өніміне қалағанынша баға қойғанға үйреніп алған.
«Әр әуежайдың өз ережесі бар, соған сай бағасы да әртүрлі. Бәсекелестікті арттырып, оны мемлекет бақылауы керек. Қазақстанда авиациялық отын бағасы басқа елдермен салыстырғанда компанияларға әлдеқайда қымбатқа түседі. Қазақстандағы керосин Германиядан да қымбат» деген еді IATA-ның өңірлік қатынастар бойынша директоры Раймондс Грунтинс.
Әлем тәжірибесін ескеру керек
Сарапшы Ерлан Жаукиннің айтуынша, бұл тақырыпты көтеру кезінде ескеретін бірқатар факторлар бар.
«Соңғы жылда Ан-225 «Мрия» транспорттық ұшағы керосин құю үшін Алматы әуежайына бірнеше рет келіп қонды. Ұшақтың багы – 300 мың кило, шығыны – сағатына 15,9 мың кило. Сәуір айында Украина – Қазақстан – Қытай – Қазақстан – Түркия маршрутымен ұшып, екі рет қонды. Бір жылда кем дегенде 4 рет келіп кетеді. Басқа кішкентай «Боинг» ұшақтары туралы айтпай-ақ қояйын. Транзиттік ұшақтарға керосин құйып беру – ішкі нарықты дамыту емес, керісінше өз бизнесін өрістету. Бәлкім, «әуежайлар осылай-ақ ақша тапсын ендеше» дерсіз? Алайда мұнай өнімдерін өндірушілерге Қазақстаннан авиациялық отынды экспорттауға тыйым салынған. Біздің мұнай өңдеу зауыттарында өндірілген әуе отыны толықтай ішкі нарықты қамту үшін жөнелтіледі. Яғни әуежайлар өз бизнесін құра отырып қазақстандық өндірушілерден авиациялық отынды ішкі нарық бағасы бойынша сатып алады, ал қазір әуе отынының құны тоннасына 260 мың – 350 мың теңге аралығында құбылып тұр. Бірақ әуежайлар бұл отынды транзиттік ұшақтарға ішкі бағамен емес, әлемдік котировка негізінде сатады. Бұл шамамен айына 20-25 мың тонна отын. Тағы да айтқым келеді отандық әуе компаниялары біздің әуежайлардан отын сатып алмайды, тек үзіліссіз ұшу үшін олардың қоймаларында жанармай сақтап қояды. Енді сұрақ туады – мұнай өнімдерін өндірушілерге неліктен әуе отынын экспорттауға тыйым салынған, ал әуежайларға «тыныш қана» рұқсат етілген? Әлемнің ірі әуежайларының тәжірибесін зерделейтін уақыт келген сияқты», дейді Е.Жаукин.