Қазақстан • 03 Қараша, 2021

Барлық полиция департаменттері бейнебақылау жүйесімен қамтылады

220 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

2021 жылдың соңына дейін барлық полиция департаменттері бейнебақылау жүйесімен қамтылады деп күтілуде. Бұл туралы "Хабар 24" телеарнасының эфирінде ҚР Президентінің көмекшісі Ерлан Қарин айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Барлық полиция департаменттері бейнебақылау жүйесімен қамтылады

«Құқық қорғау саласы бойынша көптеген бастамалар жүзеге асырылды. Президент бұл мәселеге ерекше көңіл бөледі. Өткен жылы да, осы жылы да Президент өз Жолдауында құқық қорғау тақырыбына арнайы блок бөлді. Бұл Президент Жолдауындағы жаңалықтардың бірі. Мемлекеттік органдарды адам құқықтарын қорғау жөніндегі жүйелі жұмысқа бағыттау үшін Президент адам құқықтарын қорғаудың кешенді жоспары туралы Жарлыққа қол қойды. Көптеген тармақтар қарастырылған. Қазір бұл бастамаларды жүзеге асыру жұмыстары жүріп жатыр. Соңғы іске асырылған бастамалардан мысал ретінде айта аламын, Президент өз уақытында барлық инстанциялар, полиция мекемелері бейнебақылау жүйесімен қамтылуы тиіс деген тапсырма берген болатын. Бұл айтарлықтай ауқымды жұмыс. Сонымен қатар, Президент соқыр аймақтарды жабдықтап қана қоймай, оларға жол бермеу туралы тапсырма берді. Қазір бұл жұмыс басталып кетті», деп түсіндірді Ерлан Қарин.

Оның айтуынша, Үкімет 2021 жылға арналған бюджетті мақұлдады. Полиция мекемелері, полиция департаменттері үшін жергілікті бюджеттен қаражат бөлінді.

«Батыс Қазақстан облысында бұл жұмыс аяқталды. Қаражат бөлінді, камералар орнатылды. Жыл соңына дейін барлық полиция департаменттері бейнебақылау жүйесімен қамтылады деп күтілуде, бұл 16 мыңнан астам камера», деді Е.Қарин.