Әдебиет • 03 Қараша, 2021

«Норвегия орманы» және «Токио аңыздары»

2215 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Харуки Муракамидің «Норвегия орманы», «Токио аңыздары» секілді көптеген туындылары оқырманның санасын сан саққа жүгіртеді. Қазақ оқырмандары да Муракамиді орыс тілінде оқығаны белгілі.

«Норвегия орманы» және «Токио аңыздары»

Біз бүгін қаламгердің 1987 жылы жазылған «Норвегия орманы» романы және 2005 жылы жарық көрген «Токио аңыздары» әңгімелер жинағы жайлы сөз қозғамақшымыз.

Сұлулық, өмір және өлім оның кредосы іспеттес. Шығар­маларындағы әрекеттер көбінесе бірінші жақта жасалады, сол арқылы кейіпкерлердің сана-сезімінің ағымы да жиі-жиі өз­герістерге ұшырап отырады. Осылайша ол прозасын шынайы жапониялық эго-роман жанрына жақындата түседі. Харуки «Токио аңыздары» кітабында кейде дәстүрлі жапон мифологиясына, қарапайым адамдардың өміріне жүгінеді. «Норвегия ор­­маны» – Муракамидің ең танымал романдарының бірі. Автордың өзі романның өмір­баяндық сипатта екенін айтқан. Оқиға 1960 жылдары Токиода өтеді, басты кейіпкер және сырт­­тай баяндаушы – студент Тоору Ватанабе. Автор әңгіме ішіндегі әңгіме техникасын шебер қолданады.

Көлемді романдағы кейіп­керлердің қарасы айтарлықтай көп емес. Басты кейіпкер, екі қыз, Наоко мен Мидори, бас кейіпкердің жақын достары Нагасава мен Исидо Рэйко, маңызды екінші дәрежелі кейіп­­кер, Наоко емделетін кли­никаның пациенті. Кейіп­керлердің мұндай шектеулі шеңбері олардың әр­қайсысын толығырақ ашуға мүм­кін­дік береді. Сонымен қатар Вата­набенің оқшаулануы мен жал­ғыздығына назар аударады.

Негізі романның атауы «Битлз» тобының «Норвегия аға­шы» әнімен байланысты бо­луында бір символикалық мән бар секілді көрінеді де тұра­ды. Сондықтан да музыканы романның тағы бір басты кейіпкері деп санауға болатын шығар. Кейіпкерлер онымен үнемі кездесе береді: олар гитарамен ән айтады, джаз плас­тинкаларын тыңдайды. Біраз уақыт бедерінде Ватанабе музыка дүкенінде де жұмыс істейді. Музыка кейіпкерлердің жүрегін, жанын жылыта түседі.

Кейіпкерлер арасындағы қарым-қатынас шығарманың негізгі сюжеттік құрылымын құрайды. Ватанабе үнемі жақын адамынан айырылады: алдымен ең жақын досы қайтыс болады, содан кейін сүйік­тісі... Егер Мидори мен жалғыз балықшы болмаса, ол осы әлемде жалғыз қалатын еді. Жапон әде­бие­тін­дегі өлім көбінесе үйле­сім­ді­ліктің бұзы­луымен қатар жү­ретіні мәлім. Бұл роман да одан алшақ кете қоймаған.

Наоко, кейіпкердің сүйіктісі, ұзақ уақыт бойы тыныштық пен үйлесімділікті жоғалтты. Оның алғашқы сүйіктісі (Ватанабенің досы), содан кейін олар өте жақын болған әпкесі өзін өзі өлімге қиды. Содан да болар, қыз қалай өмір сүрудің жолын таппады және оған ешкім стимул бере алған жоқ. Алайда дерексіз өлім оны әрдайым қызықтырды.

Шындап келгенде Наоко үшін өмір ертерек аяқтал­ды, жа­­қын адамдарынан айырыл­ғаннан кейін оған өмір қажет болмады. Бірақ Ватанабе мұны тек Наокодан айырылған соң тү­сіне түседі. Бүкіл роман бойы оны құтқаруға, шыңы­рау­­­дан шығаруға тырысады. Бі­­рақ барлық әрекеті нәтиже бермейді...

«Норвегия ағашы» – Наоко­ның сүйікті әні – романның  лейт­мотиві. Ең басында бұл ән Ва­танабенің көптеген жылдарға татитын естеліктерін оятады. «Ұшақ қонған кезде», «темекі шегуге болмайды» тақтасы сө­ніп қалып, аспаптық музыка динамиктерден тыныш қана тө­гіледі. Оркестр «Битлздің» Norwegian wood  әнін орындады. Бұл әуен әдеттегідей мені таңғалдырды». Автор егер бұл әуен болмаса, Наоко мен оның жақындарының оқиғасы толық аяқталған әңгімеге айналмас еді дегенді тұспалдап жеткізеді.

«Норвегия орманы» – бұл таңдау тауқыметі, тағдыр, жан азабы және музыка туралы роман. Романдағы музыка кез келген өмірлік жағдайда бағыт-бағдар беріп, көмектеседі. Музыка та­қырыбы, әсіресе джаз – Харуки Мураками шығармаларындағы басты тақырыптардың бірі. Ол автордың ертеректегі және кейін­гі шығармаларында жиі кез­деседі.

Ватанабе музыка дүкенінде жұмыс істегенде өзін шынымен бақытты сезінді. Ескі плас­тинкалардан өзінің сүйікті әртіс­терін тауып, тыңдаумен бо­­­ла­ды. Мураками кейінгі шығар­маларында оқырманға оңай қолжетімді болудан ау­лақтайды. Ол көркем шы­ғар­­­мада баяндауды барын­ша объективтендіруге ұмты­ла бас­тайды. Музыка жазу­шы­ның кітаптарынан алыстатыл­мағанымен, оқырманның назарын басқа арнаға бұру үшін екінші планда қалады.

«Токио аңыздары» жинағы бізге кештеу жетті. Орыс тілінде оқыдық. «Токио аңыздарында» айтылған әңгімелер тек іс-қимыл орнын біріктіреді.

Бұл жинақ автордың шы­ғар­машылығы тұрғысынан ай­­­рықша мәнге ие екені даусыз. Әншейінде Харуки нақты өмірдің материалын қолдануға шебер. Оның шығармаларының сюжеттері белгілі бір уақыт ара­лығында дамиды, оқырманға өзін оңай байланыстыратын нақты кейіпкерлерімен құнды. Мұнда автор реализмге баса назар аудармайды. Бұл жинақта бәрі басқаша.

Қалай ой өрбітсек те, бірқа­тар әңгімелердің мистикалық маз­мұны, олардың сюжеті,  «Токио аңыздары» атауы оқыр­манды мифологиялық шығар­малар әлеміне жетелейді.

«Ханалей шығанағы» әңгі­месінің кейіпкері жалғыз ұлын жоғалтады. Ол жүрек талмасынан көз жұмды. Сатиге бұл туралы хабарлағаннан кейін шошып кетеді. Ол ештеңе естімеді және сезбеді. Ұлы қайтыс болған Ханалей шығанағына барды. Әуелде қатты қиналады, бірақ оның санасы біртүрлі жұмыс істейді. Біраз уақыттан кейін кейіпкердің ұлымен ешқашан жақын болмағанын түсінеміз. Кейде Сати тіпті «ұлын қатты жақсы көрмеймін» деп ойлады. Бірақ жоғалтуды түсіну ондағы барлық сезімді ширатты. Жыл сайын шығанаққа келіп, теңізге қарап, ол ұлымен қарым-қатынасты қайта құратын сияқты сезімді бастан өткергені бар.

Сати ұлының өлімін қа­был­­­­дайды. Мазасыздық, алаң­даушылық, белгілі бір әрекет­терді дұрыс түсіну оның ойын бөлді. Оқиғаның басында, учас­кедегі ұлының мәйітін тану ке­зін­де полиция қызметкері бү­кіл оқиғаның негізгі сөзін ай­тады: «Сіз үшін бұл өте ауыр әрі ащы тәжірибе, бірақ мүмкін болса, былай ойлауға тырысыңыз: «Ұлым қандай да бір байланыстардың, оқиғалар­дың себебінсіз, ашу-ыза мен жек көру себептері арқылы қай­тып табиғаттың өзіне оралды». Әрине, ауыр. Бірақ ойға батырады...

Мураками тәмамдалған болып көрінетін оқиғаға құпия қосады: сол шығанақтағы бас­қа серферлер бір аяқты жас жа­пондық серферді жиі көре бас­тайды, ол кенеттен жаға­жайда пайда болады, содан кейін жоғалады. Автор бұл елес пе, жоқ па оны айтпайды, тек құбылысты көрсетеді. Бұл «Ханалей шығанағының» финалын қоршап тұрған жұмбақ атмосфераны бұзады...

Автордың біраз әңгімелері бірдей принципке негізделген: драмалық оқиға, психикалық азаптарды шешуге тырысу жә­не мистикалық құбылыс. «Аңыз­дарда» біз жеке детектив­тің шағын тергеуінің тарихымен танысамыз, автор ең алдымен өзінен үйлесімділік таба алмай тәлкекке түседі.

Харуки Муракми оқырман ойымен ойнағанды ұнатады. Оқырманын түрлі сезім иірім­деріне түсіріп, кейде алыс әрі өтірік жолмен байланыстырғысы келеді. Ол шындыққа өткір троптар арқылы жетуді көксейтіні  бар. Оның кейіпкерлері әй­теуір бір келетін жарқын бола­шақ жолындағы шынайы сезім, сенімнен басқасының бә­р­і­не күмәнмен қарайды. Мураками – оқырман алдында шынайы жазушы. Ол барлық құпияларды ашпаса да, қорытындысында оқырманды терең ойға қалды­рады. Әлбетте, қаламгер ұсынған сюжетке сену немесе сенбеу – оқырман еншісіндегі шаруа. Оның шығармаларындағы музыка драмаға құрылған мюзиклді еске түсіре береді...