Үкімет • 04 Қараша, 2021

Шығыс пен солтүстікті газдандырудың екі жолы бар – Мағзұм Мырзағалиев

324 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ҚР Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев Үкімет отырысында еліміздің солтүстігі мен шығысындағы облыстарды газдандырудың екі жолы қарастырылып отырғанын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Шығыс пен солтүстікті газдандырудың екі жолы бар – Мағзұм Мырзағалиев

«Бүгінгі таңда елді газдандыру үлесі 54,3 пайызды құрап отыр. Нәтижесінде 10,2 млн адам газға қол жеткізді.

«Нұр-Отан» партиясының сайлауалды тұғырнамасына сәйкес, 2025 жылға дейін елді газдандыру үлесі 60 пайызды құрауы керек. Соның арқасында 11,7 млн адам газға қол жеткізеді», деді министр.

Ведомство басшысының айтуынша, бүгінгі таңда «Сарыарқа» магистральдік газ құбыры Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Теміртау, Жезқазған қалаларында көмірді пайдаланып келген 70 мыңға жуық үйді газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ал Ақмола облысында 13 жоба іске асырылып, нәтижесінде 16 мың үй газға қол жеткізе алады.

«Петропавл, Көкшетау, Өскемен, Семей, Павлодар қалалары бүгінгі таңда газдандырылмаған. Сонымен қатар, аталған қалаларды газбен қамтамасыз етудің келесідей жолдары бар. Атап айтсақ, «Сарыарқа» магистральдық газ құбырын жалғастыру немесе Ресей Федерациясынан магистральдық газ құбырларын тарту. Жыл соңына дейін «Газпром» мен «ҚазТрансГаз» еліміздің солтүстік және шығыс өңірлерін газдандыру бойынша есептеу жүргізіп, тиімді нұсқасын әзірлейді», деді Мағзұм Мырзағалиев.