Қазақстан • 04 Қараша, 2021

Тарихи шындыққа зәрулік

1207 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қоғам азық-түлікке, тұрғын үйге, жылу мен суға, денсаулық пен білімге, мәдениетке ұдайы зәру. Осы мақсаттардың ойдағыдай орындалуы – мемлекеттің табысы. Бұл табыстың баянды болуы және еселене түсуі азаматтардың саяси-тарихи санасы мен отаншылдығының берік болуына да тәуелді. Халқы бірегейленіп, ортақ мақсаттарға топтаспаған елдер түптің-түбінде алдына қойған материалдық басымдықтарды орындауға қабілетсіз болып шығады.

Тарихи шындыққа зәрулік

Материалдық табыстардың мем­ле­кеттің рухани санасына тәуел­ді­лігі құбылысын осы өзара диа­лек­ти­калық байланыстан бай­қай­мыз. Ал халықтың ұлттық бірегейленуіне елеу­лі ықпал ететін тілдік бірігумен қа­тар маңызды фактор – халықтың тарихи санасының қалыптасуы. Халық өзінің өткен тарихының объективті шын­дықтарын, кемшіліктерін, қате­лік­т­ерін біліп, оның жетістіктері рухында тәрбиеленуі аса маңызды. Өз тарихынан сабақ ала білген халықтар ғана өркениеттің биік сатысына көте­рі­ле­тіндігін әлемдік тәрбие үнемі дә­­лел­деп келеді. Саналы, білімді, та­­ри­хын бойына сіңірген халықтар озық, бәсекеге қабілетті мемлекет­тер құруда. Ал жалғандыққа, мақ­танға, тарихты бұрмалауға ден қойған халықтар мемлекеттілігін жоғалтуда. Мұндай жағдайды Кеңес Одағының күйреуінен жақсылап түсіндік, көрдік. Тек жақсылықтар мен жетіс­тік­тер­ді марапаттап, қателіктер мен кем­шілік­тер­ді жасырып дамыған мемле­кет құра алмайтындығымыз объективті шын­дық.

Сондықтан қазіргі кезеңде кеңес­тік ке­зеңнің бұрмалаулары мен қате­лік­­терінен арылу абзал. Со­циа­­лизм құры­лысы әлемдік даму­дың моделі ретін­де өзін ақтаған жоқ. Жал­пы­халықтық меншік, орталық­танған билік, ұлттық ерекшеліктерді жоя­тын халықтар достығы идеология­сы дұрыс болмай шықты. Демек қоғам­дық ойда бүгінгі күні әлемдік ком­мунистік қозғалыс өкілдері ұста­нып келген адамзат дамуындағы қо­ғамдық-экономикалық формациялар концепциясы да өзін ақтаған жоқ. Социализм, дамыған социализм, коммунизм қоғамдары болмайтындығы, утопиялығы анық болды. Қытайдағы социализмді шын мәніндегі жақсы қоғам деп айтуға ауыз бармайды. Бұл үлкен елде де тоталитарлық социа­лизм орнатылды, аз халықтар қуда­ланды. Қазақ халқына мұндай фор­ма­циялық даму, таптық құрылыс тек тра­гедиялар әкелгені тарихи шындық.

Қазақстан Республикасының Пре­зиденті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бә­рі­­нен қымбат» атты мақаласында: «Алдағы төртінші онжылдықтың бізге жүк­тейтін міндеті – қуатты елдің иесі және кемел халық болу. Бұл жолда саяси-экономикалық реформаларды және сананы жаңғырту үдерісін жал­ғастырып, заман талабына бейім­дел­ген ұлттың жаңа болмысын қа­лып­тас­тыруымыз қажет», деп жазды. Демек Қазақстан халқының дұрыс ой­лауын, әлемдік өзгерістерге жауап беруге қабілетін көтеру маңызды. Бұл міндетті шешу ел халқының тарихи са­насының объективті шындықтарды біл­уіне, тануына тікелей тәуелді. Қа­зақ­стан қоғамы планетарлық инте­гра­цияның, мемлекеттердің, халықтар мен мәдениеттердің унификацияланып, бірегейленуін жақтайтын мон­диа­листік концепцияларды бас­шы­­лыққа алуы керек пе? Әлде біздің артта қалған халықтардың эволюциясын жылдамдатуға дамыған халықтар кө­мек берулері керек деген концепцияны ұстанамыз ба? Мүмкін өркениеттік концепциялар дұрыс шығар? Мәдени-тарихи заңдарға сәйкес өркениеттер пайда болады, дамиды және күйрейді. Бұл концепцияны ұстанушылар әлем­де­ 15-20 өркениет аймақ­та­ры бар деп есептейді. Немесе біздің қо­ғам плю­ралистік даму концепция­ла­рын ұс­тануы керек болар? Ол бо­йынша әлем көптеген өзінше дамитын құ­ры­лымдардан тұрады. Олардың әрқайсысының өз жолы бар. Олар гүл­де­не­ді, біртіндеп солады және күй­­рейді. Алайда күйрегеннің орнына жаңа қоғам келіп, үздіксіз эволюциямен тарих қайталанып отырады. Марксистер болса адамзат тарихын қоғамдық-эко­­номикалық фор­ма­ция­лар­дың ре­волю­циялар нәти­жесінде ауысуы деп біледі.

Сонымен тарих ғылымында адам­зат­тың даму заңдылықтары турасында бірауызды пікір жоқ. Біздің ойы­мыз­ша, Қазақстан ғалымдарының басым көпшілігі адамзат дамуындағы өркениеттер концепциясын дұрыс деп есептейді. Қазақстан Шығыстық түркі өркениетінің құрамдас бөлшегі, мем­лекет жасаушы қазақ ұлты ислам өркениетінің аясына енуде. Соны­мен қатар Қазақстанда Батыс өр­ке­ниетінің ықпалы күшті. Демек Қа­зақ­стан өркениеттер тоғысындағы мем­лекет. Соңғы жылдары Қытай өркениетінің елімізге әсері күшейіп келе жатқандығы шындық. Қазақ же­рі тілдердің, мәдениеттердің, дәс­түр­лердің тоқайласу аренасына айналып отыр. Қазақстанға – өзіне тән даму мо­де­лін таңдау маңызды. Ондағы мақ­сат – жұтылып кетпей, елдікті сақтау.

Міне, осындай аса күрделі рухани ахуал жағдайында қазақ халқы­ның ұлттық болмысын сақтау, оның ұзақ тарихи кеңістікте өмір сүруін қам­тамасыз ету, қоғамдық қатынас­тар­­дың барлық саласында бәсекеге қабі­летті мемлекет құру маңызды. Ол үшін қазақ халқы мен кіммін, қайдан шық­тым, қайда бара жатырмын деген сұрақтарға жауап бере алуы тиісті. Өз тарихын терең білген халық қандай да болсын қиын-қыстау жағдайлардан жол табуға, қайшылықтарды шешіп, қателіктерді түзеуге қабілетті болмақ. Осын­дай тағдырлық міндеттерді орын­­даудың тиімді шараларының бірі за­­манауи талаптарға жауап беретін Қазақстан тарихының 7 томдық жаңа академиялық басылымын дайындау жұмысы. Қазақ елінің тарихы болған шындықтарға сәйкес, отарлаушы көз­қа­растардан және еуроцентристік кон­цепциялардан тазартылып жа­зылу­ға тиісті. Кеңестік кезеңде қазақ халқы барлық жетістіктерге орыс халқының кө­мегінің арқасында, Батыстық даму модельдерін пайдаланып қана қол жет­кіз­ді деген қате, біржақты идеялар үс­­темдік етті. Қазақ халқы егемен ел бол­­ғаннан кейін осындай идеялардан арылып, тарихи шындықтарды қал­пына келтіруді қолға алудың маңызы артуда.

Қазақстанның тарихшылары ғы­лым­ның соңғы жетістіктерін пай­дала­на отыра 7 томдық «Қазақстан та­ри­хы: ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейін» академиялық ғылыми ең­бек­­ті әзір­леуге кірісті. Маңызды ғы­лы­ми жобаның басталғанына жарты жыл­­дай уақыт өтті. Жұмысқа 200-ден астам білікті тарихшы ғалым­ қатысып отыр. Олар бұл жобаны ғы­лы­ми басылымды жазуды сарап­та­ған, талқылаған бірнеше дөңгелек үстелдер, конференциялар өткізіп ба­рып бастады. Талқылау барысында тарихшылар жоғарыда айтылған қоғамдық даму туралы концепцияларды Қазақстан тарихында пайдалану мәселелерін көтерді.

Әрине, метрологиялық, танымның жолын айқындайтын идеялар мен концепциялар болмайынша жаһандық өз­герістерді түсіну мүмкін емес. Сон­дықтан заман, уақыт, дәуір, ке­зең, саты сияқты тарихи мерзімдер шең­бе­рін дұрыс анықтап алу маңызды.

Мысалы, Қазақстанның патшалық Ресей өкіметі мен Кеңес Одағы құ­ра­­мында болуы, оның бодандық тә­уе­л­ділік жағдайындағы тарихы – қа­зақ халқының бодандық кезеңі деп зерттеу абзал. Ал қазіргі дамуы­мыз тәуелсіздік кезеңі. Тәуелсіздік ғасырларға созылғанда, ылайым солай болсын, бұл құбылыс тәуелсіздік дәуіріне айналмақ. Кезең де, дәуір де заман мен уақыт шеңберінде өте­ті­ні ақиқат. Демек бүгінгі ұрпақ­тың мін­деті – тәуелсіздік кезеңін тәуел­сіз­дік заманына айналдыратындай жүйе құру.

Келесі міндет, Қазақстан тари­хын­­­дағы қазақ халқының ерен жан­кеш­тілігін, өмірге құштарлығын, же­рін қорғаудағы, мемлекеттілігін нығайтудағы, өмір сүру мәдениетін ұда­йы жетілдірудегі қызметін көр­сету. Еуроцентристік ойлаушылар Қазақстанның мемлекеттілігі Қазақ хан­дығымен ғана шектелді деп есеп­тей­­ді. Тарихи шындықта про­то­қа­зақ­тар мемлекеттілігі біздің за­ма­ны­мыздан жүздеген жыл бұрын бас­талған. Бүгінгі қазақ жерінде бірі­мен бірі сабақтасқан 20-дан астам мем­ле­кет өмір сүрді. Алайда олар­дың халқы қазақ тілінде сөйлеп, қа­зақ мәдениетін ұстанған бір ғана қа­зақ халқы болды. Қазақтардың қазақ жеріндегі өмір сүру уақыты про­то­қаз­ақтардан 6,5-7 мың жылдан астам бұрын бас­талып, үзілмей келе жатқандығын тарихи антрополо­гия ғылымы толық дәлелдеп отыр. Демек басым державалар өкілдерінің «қазақ өз жерінде қонақ» деуі ақылға сыймайтын жалған ақпарат. Әлемдік өркениетке қазақ этносы жылқы мәдениетін, арбаны пайдалануды, қайқы қылышты, үзеңгіні т.б. озық үлгілерді енгізуімен де ерекшеленеді.

Қазақ тарихы – тәуелсіздік пен ер­кіндік жолындағы күрестер тарихы екен­дігі ақиқат. Әсіресе, бодандық езгіге қарсы көтерілістер көп болды. Олардың 372-сі белгілі. Қазір Шығыс Түркістандағы қазақтардың көте­ріліс­терін зерттеудің маңызы ар­туда. Соңғы көтеріліс – Алматы қа­ла­сындағы 1986 жылғы желтоқсан айын­дағы қазақ жастарының Мәс­кеу­дің зорлық саясатына қарсы көтерілуі. Ресми құжаттарда Желтоқсан көте­рі­лі­сін Желтоқсан оқиғасы деп атай­ды. Ке­ңес Одағының жүйелік дағдарысын бастаған бұл көтеріліске 30 мыңнан астам жас қатысып, оларды жазалауға 25 мыңдай әскер мен жасақшы жұ­мыл­дырылғаны белгілі болды. Екі жақтан 60 мыңға тарта адам қа­тыс­қан, ондаған адам қаза болған Жел­тоқ­сан қалай көтеріліс болмайды деп есептейді қазақ тарихшылары.

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас­шы­лығымен жазылатын 7 том­дық ір­гелі зерттеуде жаңаша қаралатын мә­се­лелердің кейбірін ғана атадық. Ха­лықтың тарихи санасын тәуелсіздік пен мемлекетшілдік рухында тәрбие­лей­тін жаңа еңбек ойдағыдай жазылсын деп тілейік.

 

Сайын БОРБАСОВ,

Ш.Уәлиханов атындағы

Тарих және этнология институты директорының кеңесшісі, саяси ғылымдар докторы, профессор