Алпыс жылдығында театрдағы салтанатты кеште сөйлеген сөзімді «Көңіл төріндегі тұлғалар» деген кітабыма шығарғанмын. «Біздің буынның лидері» деп атаған едім. Әйтсе де, той үстіндегі құттықтау сөзің бір басқа да, газетке арнайы жазған мақалаң бір басқа, әрине. Оның үстіне ол досың сенің отбасы, ошақ қасыңда күнде қалжыңдасып, әзілдесіп жүретін құрдасың ғана емес, ел азаматы, ұлт қайраткері биігіне көтерілген жан болса. Қара орман қалың елінің бетінде, желдің өтінде жүрген атайман қазақ болса... Дәл осы жолы үндемей қалудың ешқандай қисынын таба алмағам... Қысқасы, жасымызда жүрек табыстырып, кейінгі ұзақ жолда тілек қостырған зияткер досымыздың мерейлі жасы тұсында білетініміздің біразын ақтаруға бел будық. «Ол кісі туралы мақала бердік қой» деп тарылмай, газетті үлкен биікке көтеріп, редакцияға сегіз қабат ғимарат салдырып, екі көппәтерлі үй, екі жатақхана қалдырып, барша қызметкерді түгел баспаналы етіп кеткен азаматқа қайта-қайта құрметін көрсетіп жатқан «Егеменнің» ірілігіне де разымыз. Оның үстіне «Егемен Қазақстаны» Сауытбектің сұхбаттарынан бір кітап құрастырып, тойына тарту етеді екен дегенді естіп тағы қуанғанбыз.
Шүкір дейік, көріп те, естіп те, біліп те жатырмыз, Ердің сыншысы Елі екен. Сауытбек Абдрахмановтың жетпіс жастың мерейтойына орай баспасөз беттерінде ілгерінді-кейінді мақалалар жазылып, үлкенді-кішілі материалдар шығып жатыр. Бәрі де жөн, бәрі де ретімен. Жұрттың аузы – уәлі. Елі үшін табан ет, маңдай терін төгіп, адалынан еңбек етіп жүрген атпал азаматтар туралы қанша жазса да көптік етпейді. Халқымызда қасындағы асылын тани бермейтін, бағалай білмейтін немқұрай мінезі ежелден барын да білеміз. Соны аңғарған атам қазақ «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деп тегін айтқан ба? Бұл жолы елі мен жұрты жұлдызы көкте жарқырай жанған Азаматын шын танып жатқандай, ас та төк бағасын ақтарылып, молынан беріп жатқандай. Оның ешқандай да оғаштығы жоқ. Бірақ тереңге бойлау үшін өзің де осал болмауың керек, сол дәрежеге жуық ойсаң өріс, пайымды парасат керек. Сондықтан Ақ Ертістің өзі болмасақ та, бұлағы болғанымызға, ақылды бастың өзі болмасақ та, құлағы болғанымызға тәубе етеміз. Соның өзінде де кейіпкеріміздің ой тереңіне сүңги алмай, тылсымына жете алмай жатамыз.
«Тереңі» демекші, осы сөз маған анау бір жылғы өзім куә болған бір жағдайды еске түсірген.
* * *
Алтайдың асу бермес биігінде төрт-бес жігіт боп жаздың жаймашуақ бір күндерінде бой жазып демалғанымыз бар. Әлдебір дөңгеленген айдын көлдің жағасына шекарашылар қарағайдан қиып бір бөлмелі жоламай баспана салып тастапты.
– Мынау бір ғажайып көл! – деді бізді бастап әкелген Ерен Жұмағұлов досымыз іргедегі дөңгеленген аумақты көлді нұсқап.
– Иә, бұның несі ғажайып бола қапты?
– Бұл көлдің түбі жоқ.
– Өйдөйт деген. Түбі жоқ көл болушы ма еді?
– Сенбесеңіздер, өздеріңіз арқан салып, өлшеп көріңіздер.
Жалпы, «ғажайып» деген сөздің бір сиқыры бар ғой. Үнемі бір қуатты энергетика есіп тұрады. Адамның делебесін қоздырып, қызығушылығын арттырады, тылсымына жетелейді.
Мұндай тосын сөзді естіген жігіттер білектерін сыбанып жіберіп, дереу іске кірісіп кеткен. Өздерімен ала келген арқанның бірін өлшеп көріп еді, ұзындығы 25 метр шықты. Осы да жетер деп резеңке қайықты үрлеп, көл тереңін өлшеуге дайындалып жатқан жігіттерді тағы да Ерен тоқтатты.
– Анау арқандарың дым да болмайды. Менде 35 метрлік қайыс арқан бар, соны ана арқанға қоса жалғаңдар.
Мәссаған, не дейді! Бұл сөз жігіттердің әуесқойлығын одан бетер өршелендіре түскендей болған.
Жігіттер көлдің ортасына жете бере шұбатып арқанды көлге тастады. Байқаймыз, шым-шымдап көлге батырған арқандары біткен сияқты. Бірақ қайықтағылар әлі үнсіз. Қайықтың ернеуінен қайта-қайта төменге үңіле береді.
– Әй, қайтыңдар! Бұл түпсіз көл деуші еді, сол сөз рас болғаны ғой! – деп Ерен де қайраны таусылып, басын шайқады.
Қайықтағы жігіттер ескектерін шалпылдатып кері қайтты.
Біздің көз суырған қап-қара тұңғиық көліміз бұдан мыңдаған жыл бұрынғы жанартаудың кратері екен. Өйткені көлді жартылай шеңбер жасап күргейлеген қалың қорым соны айғақтаған.
– Алыстан қарағанда мына көл жайдақтау көрінгенімен, түпсіз терең екен! – деді қайықтан түсіп жатқан егерь жігіттің бірі.
– Мен бұл көлді өзіміздің Сауытбек ағамызға ұқсатам! – деді былайғы тепсеңнің үстінде мықынын таянған Жанарбек Әшімжан ініміз.
Бәріміз бұрылып, жаңа көргендей Жанарбекке қарадық.
– Причем здесь көл и Сауытбек аға? – деді орысшалау өскен полиграфист Ахметқали Өтеғалиев досымыз.
– Менікі сөздің ләмі, ассоциация ғой... Көлдің тереңдігі маған Сауытбек ағамыздың ойының тереңдігін елестетіп кетті.
Бәріміз бір сәт үнсіз қалдық.
– Ендеше көлге ат берейік. Бұл көлді Сауытбек көл атайық! Қарсылық жоқ па?
Бірауыздан мақұлданды.
* * *
Өз басым Сауытбек жайында ойлаған сайын ел тәуелсіздігінің елең-алаңындағы мазасыз күндер есіме түсе береді....
Апырм-ай, деп ойлаймын қазір, біз сондай дүрлікпелі күндерді, алмағайып айлар мен алаңы көп жылдарды бастан өткергеніміз рас па? Тіпті кейде соған сенгің келмейді. Ондайда жағаңды ұстап, өз-өзіңнен қарадай қайран қаласың... Жас мемлекетіміздің шаңырағын бірге көтерісіп, керегесін бірге керіскен, еліміздің ішкі саясатын түйіндеген топқа сол жылдары біз де қосылғанбыз. «Өнер» баспасында дыңдай бастық – бас редактор болып жүрген жерімнен «Осында кел. Тарих жасалып жатыр. Ұлы шаруаға араласу шансы бар. Аппарат мектебі деген үлкен мектеп. Шыңдаласың. Құрығанда бір баспаға директор күйінде қайтарыңа мен кепілдік беремін» деп шақыртқан да осы Сауытбек. Баспаға директор болу тұрмақ, министрдің бірінші орынбасары деңгейіне дейін жеттік.
* * *
Сауытбек досымыз бипаз басып, белестен белеске көтерілген елінің абадандай азаматының бірі.
Ол өзінің әр белесіне шыққан сайын, әр асуынан асқан сайын, әр биігін алған сайын жаңаша көсіліп, жаңа қырынан ашылып салуда. Студент кезінің өзінде аттарынан ат үркетін, тек одақтық қана емес, әлемдік дәрежедегі мәдениет алпауыттарымен сұхбаттасты. Ақылға кішілік жүрмейді дейтіні рас екен. Әлгі мэтрлер сол кездің өзінде Сауытбекті «студент екенсің» деп қомсынған жоқ, өздерімен тең дәрежедегі әріптесіндей сөйлесіп, пікір алысты, сұхбат беріп, жан сырларын ашып жатты. Университет бітіретін жылы шоң Шыңғыспен – атақты Айтматовпен әңгімелесуге жүрегі дауалаған досымыздың сол сұхбаты газетке шыққаннан кейін екі күн өткенде ол бірден «Социалистік Қазақстанға» қызметке қабылданған.
Сауытбектің кейінгі үлкен белесінің бірі Пушкиннің ұлылығын қазаққа қайыра түсіндіруі болды. «Біздің Пушкин» деген кітап шығарды. Докторлық диссертациясының арқауында жазылған «Төлтума мен телтумада» аударма өнерінің қыр-сырын бүгінгі замана тұрғысынан, жаһандық қырынан тұжырымдады. Әдебиетіміздің бұл өміршең жанрына соны өріс салып берді. Содан кейін мұзарт шыңды бағындырғандай іс тындырып, кетпектей кесек дүние – етек-жеңі мол, кең панорамалы «Абыз Әбішті» дүниеге әкелді. Автордың көз майын тауысқан бұл мерейлі кітап өзі де абыз жасты жағалай бастаған Сауытбектің қалам қарымын айшықтаған жойдасыз зор еңбек болды. Қазақ мәдениетінің дамуындағы орасан табыс, тарлан туынды ретінде бағаланып, Мемлекеттік сыйлықты қанжығалады. Осы кітап арқылы Сауытбек ұлы жазушының шығармашылық, қоғамдық, қайраткерлік, адами қырларына жеке-жеке тоқталып, тап басқан тамыршыдай талдап, Әбіш ағамызды туған халқына жаңаша танытты. Сөйтсек, Әбіш публицистикасы оның роман, повестерінің ара-арасында жазып жүрген дүниелері емес екен, Әбіш публицистикасы оның суреткерлік сипатын өзгеше етіп қалыптастырған тұтас бір көркемдік әлем екен, терең толғаныстардың тұнбасы екен. Бас-аяғы жұп-жұмыр тиянақталып, концептуалды тұжырым жасалып отыратын әрбір тараудағы таратылған зеренді ойлар Кекілбаевтың кемеңгерлігін көрсетумен бірге, Сауытбектің сұңғыла сарапшылдығын да паш етті. Ғарифолла Әнес бауырымның осы кітап Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылғанда жазған мақаласын «Ойжарыс» деп атауы сондықтан. Автордың орасан күш-жігерін жұмсаған, көзді ашып, көңілді суарғандай бұл іргелі зерттеу, жұрт айтып жүргендей, журналистиканың еншісіне жатпайды. Жазушының жан дүниесін мейлінше ашып көрсеткен, оның төл әдебиетіміз бен ұлттық мәдениетіміздегі айшықты орынын белгілеп, шығармашылық ерекшеліктерін індете тарқатқан, классик қаламгердің ойшылдығын классикалық зерттеулер үлгісімен жіліктеп шаққан бұл еңбек бүгінгі мәдениеттану ілімінің баға жетпес шалқар туындысы екені даусыз.
* * *
Мұхтар Әуезов «Абай жолының» алғашқы екі томын қолына қалам алып, өзі жазғанымен, кейінгі екі томды машинисткаға айтып шыққанын білеміз. Ол туралы Данабике Байқадамованың бестселлерге айналған естелік кітабынан оқығанымыз бар. Былай қарағанда, адам сенбес сирек құбылыс! Олай дейтініміз, сол ауызша айтып отырып жазған кейінгі екі томдағы иірімдер, иіндескен плац-қабаттар, ширыққан оқиғалар, сөйлем саптаудың шырайлылығы, бейнелеудің биік тәсілдері, жалпы көркемдік сындары бізді қайта-қайта таңдай қақтырып тамсандыра береді. Мінеки, парасаттың кемелдігі, білімнің кемерінен асқан молдығы деп осыны айту керек!
Ұлы Мұқаң сияқты болмағанмен, мақаланы айтып жаздыртатын, аударманы ауызша жасаған бірер ағаларымызды біз де танитын едік. Сырбай Мәуленов, Жұмағали Ысмағұлов, Нұрмахан Оразбеков... Олармен араластық, сөйлестік, пікірлес болдық. Ал біздің буынның ішінде осы ағаларының асыл қасиеті қонған сиректің бірі – Сауытбек. Кезінде қылышынан қан тамған қызыл партияның жаршысы – «Социалистік Қазақстан» газетінің бас мақаласына дейін Сауытбектің айналасы бір сағаттың ішінде диктовкамен жазып тастайтынын сол кезде бірге жұмыс істеген ағалары бүгінде аңыз қып айтып жүр. Сонысымен Сәукең ауыздарымен құс тістеген атақты журналистердің өзін таңқалдырыпты. Олардың таң қалыстарын түсінуге болғандай... Өйткені партиялық газеттің бас мақаласы дегенің тұнып тұрған саясат, артық-кем сөзі жоқ, сөйлемі тастай, сықасқан академизм стиліндегі қасаң дүние. Мен білгенде, он алты жыл «Егеменді» басқара жүргендегі мақалаларының бәрін дерлік Сауытбек диктовкамен жазып шыққан. Өзі іссапарға асығыс жүретін болған соң, анау жылдары бірер мақаласын «Үстінен қарап шығып, редакцияға лақтыра салшы» деп маған электронды поштаға жібергенде, диктовкамен жазылса да түзететін түк таба алмай, әрі қарай жолдаумен тынғанбыз.
Міне, шеберлік деген қайда жатыр! Диктовка жасау үшін сенің жан сарайыңда мыңжылдық мумиедей құнарлы мәйек болуы керек, ожаулап жұртқа қанша таратсаң да таусылмайтын білімнің нәрлі қоры болуы шарт. Сонда ғана зерелі сөйлемдер, тұғырлы тіркестер тау суындай тасқындап, бірінен соң бірі ақтарылып, өз-өзінен құйылып келіп отырады. Біреуіне өзім де куәмін. Еуропа қазақтарының кіші құрылтайына Парижге барғанымызда сол жерден жолдайтын репортажын телефонмен айтты. Бұл енді тіпті қиын. Жаныңда компьютер операторы отырғанда не айтып жатқаныңды экраннан көріп тұрасың, көңіліңнен шықпаған жерді түзете аласың ғой, ал телефонмен диктовка жасағанда ол да жоқ.
* * *
Сауытбектің кітап жинауы да бөлекше. Көбісі өзінің ғылыми ізденістеріне қатысты еңбектер, әдеби-мәдени зерттеу тұрғысындағы томдықтар, дипломат ұлы Асқар Парижден жіберген көне фолианттар. Көркем әдебиеттен тек қана әлемдік классика, ел аузында жүрген кейінгі мақтаулы туындылар, төл әдебиетіміздің інжу-маржандары. Біз ғой, ортаңқол дүние екенін біле тұра, кейде салыстырмалы түрде күшеніп оқып жатамыз. Сауытбек ондайға алтын уақытын бөлген емес, талғап та, талмап та оқиды. Бұл ретте оның талайы зор, талғамы биік.
Осы жағдай маған Көркемсурет училищесінде оқып жүрген кезімізді еске салғандай. Біздің ұстазымыз, қазақтың елжанды ерен суретшісі Мұхит Қалимов «Үйретері шамалы нашар картиналарды қарамаңдар, ондайға сұқтанбаңдар, көздеріңді бұзасыңдар» деп жиі ескертуші еді. Сосын ұлы Репиннің: «Чтобы художнику создать хорошее, надо смотреть только на великое» деген сөзін орысшалап көлденең тарта беретін.
Репиннің осы тағылымының әдебиетке де, жазушыларға да тікелей қатысы барын Сауытбек досымыз әуел бастан білген секілді. Досымның алпыс жылдығына шығарылған «Зияткер» кітабында жарияланған сұхбатымда: «Негізі жан-жақты білім иесі ғой. Мысалы, оның көркемсурет саласындағы білімі мен пайымы кәдімгі сол салада арнайы оқыған менімен бірдей. Оның сурет өнері жайындағы пікірлеріне шынымен таңғаласың» деген екенмін. Көркем полотноларды талдауы қандай!
* * *
Жан досың жайында елің еміреніп жатса, біз неге тебіренбеске! Оның үстіне, айдың-күннің аманында бармақ тістеп, Дидахметтен оқыс айрылып қалған соң, біз үшін қалқиып қасымызда жүрген достардың қадір-қасиеті еселеп арта түскен.
Мен білетін Сауытбек мансап қумаған, мақсат қуған азамат. Оның мақсаты жас кезінен айқын, мұраты биік еді. Мақсат пен мұратың асыл болса, алысқа сілтейді екенсің. Әйтеуір, мансап та, қызмет те оған өз-өзінен келіп жатты. Қызмет көлігінсіз жүрмегенінің өзіне қырық жыл екен. Министрдің бірінші орынбасары да болды, министрдің өзі де болды, қазақтың бас газетін, жаңа жазғанымдай, он алты жыл бойы басқарды. Бүгінде – депутат. Газетте жүргенінде жұмыс күндері бір дастарқанға жоламай, зықымызды шығаратын. Түнгі он бір, он екісіз үйге жете алмайды ғой. Ұдайы ізденісте болды. Соның арқасында өсті, өрледі. Ол туралы менің тағы бір білетінім – Әбіш Кекілбаевты шығармашылық жолының шамшырағы етіп ұстағаны. Сейіт Қасқабасовты қия-белді ғылым соқпағының үздік үлгісі етіп алғандығы. Сәбит Оразбаевты жас күнінен жанына жақын, ақылшы аға тұтатыны. Осы үш ағасына деген Сауытбектің інілік ізеті, риясыз көңілі, тіпті оларды пір тұтардай сыйлауы кім-кімді де қайран қалдырғандай. «Тірлікте ілім үйрен көріп жүріп, жақсылардың соңына еріп жүріп» дегендей, үлкенге ұлағат, кішіге үлгі болатын мұндай алғаусыз құрметтің баламасын мынау қытымыр мінез қысталаң заманда іздеп табудың өзі қиын.
* * *
Біз де ала қалжың, ақтай күлкіге кенелген жас болғанбыз. Сол көбелек қанат бозбала шағымыздан, бозтайлақ кезімізден қуаныштарымызды бірге бөлістік, басқа түскен қасірет-қайғымызға дейін ортақтасып, мұңымызды да бірге мұңдастық. Жастықтың ақжарқын көңіл, ажарлы күлкіге толы талай қызық күндерін қатар жүріп, қол ұстасып, бірге өткіздік. Сол өрімдей жас күніміздің өзінде ортамызда Сауытбектің орны ерекше дараланып тұратын. Әлгі даралығымен де ол ойнап-күліп қасында жүрген достарының өзін құрметпен қарауға мәжбүрлейтін. Сырбаз мінезімен, ой-өрісінің кеңдігімен, пайым-парасатының ерекшелігімен. Оларға қосымша Сауытбек-достың жан дүниесінің таңғы ауадай тазалығы, ішкі мәдениетінің биіктігі, жолдастарына деген кіршіксіз қарым-қатынасы өзіне магниттей тартып тұратын. Ол мінезі жайында Әбіш ағам да кезінде «достыққа берік, жолдастыққа адал» деп биік бағасын беріп кетіпті. Әлі күнге солай... Жымиып қойып, анда-санда бір мырс етіп айтып салар әзілі қандай! Нағыз «жатып атар» мергеннің өзі, тілі мірдің оғындай, әрдайым ондыққа дәл тиіп жатады. Шешен тілімен, көсем сөзімен достардың дастарқанының гүлі де осы Сауытбек.
Енді міне, бір замандағы сол жалын жүрек албырт жастар желіп жүріп, бірімізді біріміз жетектеп жүріп, ілгерінді-кейінді жетпіске де жетіп қалыппыз. Өмірінің осы белесті кезеңіне орай мемлекеттік тапсырыспен Сауытбектің бес томдық кітабы жарық көріп отыр. Қазақ елі Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған бұл бес томдық автордың публицистикалық шығармаларының жиынтығы. Ерден аспақ болса да, Елден аспақ жоқ. Бұл шығармалар сонау тәуелсіздігіміздің елең-алаңынан бастап, ел түтіні түзелген қазіргі заманға дейінгі мемлекет тарихындағы кесек-кесек оқиғаларды қамтыған. Сауытбектің бұл томдықтарын ел егемендігінің шежіресі, тәуелсіздігіміздің көркем хроникасы деуге толық негіз бар.
* * *
Бөтенге өңін бермейтін, сырын ашпайтын, оқтау жұтқандай илікпейтін салтанат иесі Сәукең өзінің отбасына, отарлы жанына келгенде бағы жанған оразды азамат. Отағасының отбасына деген ілтипаты ерек, сыйластығы бөлек. Бала-шаға, немерелеріне деген мейірімі, жан шуағы кім-кімге де үлгі болғандай. Ал дос-жаранның ортасында оның мінезі жібектей, асқан бауырмал, көңілі ағеділ. Бізге қарағанда арамыздағы жүрегі нәзік жан да осы Сауытбек. Атың өшкір коронавирус түгілі, біреуіміз жөтеліп қалсақ та елеңдеп тұратын жанашыр досымыз. Тағы да есіме түсті... Ақыры солай боларын қайдан білейік, осыдан екі жыл бұрын «полип» деген бәлені асқазаннан аламыз деп Алматыда отаға оңбай түскеніміз бар. Тәуліктен соң көзімізді тырнап ашып, жасанды оттегімен дем алып жатсақ та, төтенше жағдайымызды айтып, ең алдымен Сауытбекке телефондағанбыз. Аузымызда тұмылдырық, бас-аяғымыз шырмалған түтікшені көргенде, «видеода» тұрған досымның көзінен мөлдіреп жас шығып кеткен. Алматыдағы менен ондай оқыс жағдайды күтпесе керек, «Неге ескертпегенсің, қасыңда болатын едік қой» деді де, ықылық атып, шашалып, сөйлей алмай қалды. Қарайлауға мұрша бермес қаймалысқан мынау жатбауыр заманда шын досымның барын мен сонда көзіммен көрген едім, жүрекпен сезініп, бүкіл жан-дүниеммен ұққан едім. Достықтың сәні – қимастық деген осы шығар!
Жолдасы жақсының сапарда жолы қысқа, тірлікте ғұмыры ұзын болады деседі. Лайым, бабалардан қалған осы ұлағат Сауытбектің маңайына топтасқан бізге де жұғысты болғай деп тілеймін.
Әлібек АСҚАРОВ,
Мемлекеттік сыйлықтың
лауреаты