Үкімет • 06 Қараша, 2021

Қазақстанда мемлекеттік қордағы жер қойнауын басқару бағдарламасы өзгереді

466 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин жер қойнауын пайдалану саласындағы заңнамалық өзгерістер туралы айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстанда мемлекеттік қордағы жер қойнауын басқару бағдарламасы өзгереді

«Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодексіне озық халықаралық тәжірибені ескере отырып, жер қойнауын пайдалануды құқықтық реттеудің жаңа әдістері мен тетіктері енгізілді»,  деп жазды Асқар Мамин депутаттық сауалға берген жауабында.

Атап айтқанда, Кодексте мынадай тұжырымдамалық өзгерістер енгізілді: - Аустралиялық модельдің үлгісі бойынша «Бірінші келген – бірінші болып алады» қағидатына негізделген лицензиялық тәртіп енгізу, - Пайдалы қазбалардың түрлерін және жіктелімін белгілеу; - Қорды бағалаудың халықаралық тәртібіне көшу; - Геологиялық ақпаратқа ашық қол жеткізуді ұсыну, - Экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жер қойнауын пайдалану салдарын жою жөніндегі ережелерді күшейту. «Заңнамадағы аталған жаңалықтар мемлекеттің жер қойнауын пайдалану саласын «нұсқамалық бақылаудан» бас тартуға және жер қойнауын пайдаланушылардың адалдығы қағидатына көшуге мүмкіндік берді. Жер қойнауын пайдалану туралы заңнамаға тұрақты мониторинг және оның жекелеген нормаларын жетілдіру жүргізілуде», деп атап өтті Премьер-Министр.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда Үкімет бастамашы болған түзетулер аясында қолданыстағы заңнамаға мынадай өзгерістер енгізу бойынша жұмыс жүргізілуде: 1) мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасын (МТҚБ) бекіту рәсімін регламенттеу, мерзімдерін оңтайландыру және ашықтығын қамтамасыз ету;

2) жер қойнауын пайдаланудың капиталды көп қажет ететін теңіз жобаларына инвестор тарту және ішкі нарыққа мұнай жеткізуші инвесторлар мен мемлекет мүдделерінің арасындағы теңгерімді сақтау үшін Каспий және Арал теңіздерінің қазақстандық секторларында орналасқан жер қойнауын пайдаланушыларды мұнай жеткізу жөніндегі міндеттемелерден босату;

3) ұлттық компаниялардың Жер қоайнауын падалану кодексінің 278-бабы 8-тармағында көзделген қатты пайдалы қазбалар бойынша ірі инвесторларды тартуды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін жер қойнауын пайдалану құқығын 2026 жылғы 1 қаңтарға дейінгі мерзімге ұзарту;

4) Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінен, уранды және кең таралған пайдалы қазбаларды өндіру жөніндегі операцияларды қоспағанда, қатты пайдалы қазбаларды барлау және өндіру жөніндегі операциялардың жүргізілуіне мемлекеттік бақылау жөніндегі функцияларды экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің қарамағына беру;

5) бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуын болғызбау үшін бюджет қаражаты есебінен геологиялық барлау жүзеге асырылатын объектілердің жобалау-сметалық құжаттамасына экономикалық сараптама енгізіледі. Заң жобасын Парламентке 2022 жылдың қаңтарында енгізу жоспарланған.