«Алдымен елдегі криминогендік жағдайға тоқталайын. Жалпы қылмыстық ахуал тұрақты. Кісі өлтіру, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, тонау, ұрлық, бұзақылық, зорлау фактілері азайды. Көшелерде және қоғамдық орындарда, бұрын сотталғандармен, кәмелетке толмағандармен, мас күйінде, сондай-ақ қару қолдану арқылы жасалатын қылмыстар төмендеді. Қылмыстың ашылуы жақсарды. Мұндай жағдай 3 жыл бойы сақталуда», деді министр.
Оның атап өтуінше, әлемдік пандемия полиция жұмысына өзгерістер енгізді. Пандемия кезінде полиция қызметкерлері дәрігерлермен бірге күндіз-түні, уақытпен санаспай жұмыс істеді. Күніне 12 мың қызметкер жұмысқа шықты. Карантин жарияланғанда 50 мың қызметкерге дейін жұмылдырылды.
«Олар – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етті. 445 блок-посты күзетті. 700 ауру тараған аймақты қоршауға алды. Мейрамханалар мен ойын-сауық ошақтарының жұмысын бақылады. Тікелей міндеттен бөлек осындай жауапты жұмыстармен айналысты. Өкінішке қарай, пандемиядан 34 қызметкер қайтыс болды. 19 612 қызметкер аурудан жазылып шықты. Қазіргі таңда қызметкерлердің 98 пайыз вакцинациядан өтті», деді Ерлан Тұрғымбаев.