22 Ақпан, 2014

Көмбе көрініп тұр

471 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
47260Көмбе көздің ұшында көрініп тұр. Ертең күндіз хоккей турнирінің ең соңғы матчы ойналып, кешке қарай Ойындардың салтанатты жабылу рәсімі өткізіледі. Сонымен, XXII Қысқы Олимпия ойындары да тарихтың қойнауына кетеді. Артық-кемі жоқ тура 23 күнге созылатын Сочи Олимпиадасы өзінің миссиясын аяқтайды. Ал әзірге ұлттық құрамалардың медальдар саны бойынша топ басына таласы өзінің қарқынын бұрынғыдан да арттыра түсті. Мұнда әлі де көз жетіп, көңіл тоқтатпаған жәйттер көп. Енді бар жұмбақтың түйінін кеше өткен жеті жарыс пен бүгін бақ байқасатын сегіз сайыста үлестірілетін медальдардың, тіпті болмағанда, ертең финалдық матчы ойналатын хоккейшілер бәсекесінің қорытындылары ғана шешіп берсе керек. Бұл бәйгедегі тартыстың соңғы сәтіне дейін ұласатынын білдіреді. Соған қарамастан, жүлделер жүйегінен шүлен тарататын аламан алқабында қазірдің өзінде қырманның көтеріле бастағанын айта беруімізге болады. Біз есебін беріп отырған 20 ақпан бойынша Қазақстан өкілдерінің қатысуынсыз өткен алты доданың думаны дүркіреп берді. Оның нәтижесінде алтын медальдырының саны 10-ға жеткен Норвегия өзінің көшбасылық қалпын ұстады. Екінші орынға жалпы медальдар саны 25-ке барған, бірақ оның ішіндегі жоғары жүлдесі 8-ге енді көбейген АҚШ көтерілді. Бұдан екі күн ғана бұрын топ басында тұрған Германия сайыпқырандары тағы бір саты төмен түсіп, үшінші үзеңгіге тұяқ іліктірсе, Ресей тағы бір алтын медаль алуымен төртінші тұғырын сақтай білді. Арғы жағынан Канада ентелеп келеді. Сочи   Қорытынды шығаратын кез келді Кез келген келелі істің бастауымен бірге баяны болады. Сочидегі Қысқы Олимпия ойындарының сондай қорытындысын шығаратын кез жақындады. Ал Қазақстан олимпиадашылары үшін мұндағы қыр­манды түп көтеретін шақ келіп те қалды. Себебі, ендігі қалған екі жарыс күнінен күтіп отырған жеңісіміз жоқтың қасы. Тек кеше түнде төрттің бірі ретінде медальдар таласын қыздырған шорт-трекші жігіттеріміз болмаса, басқаларынан ондай жүлде дәметудің өзі ерсілеу сияқты. Ал осыдан тура 21 күн бұрын Кубань өлкесіне алғаш аяқ басып, Сочидің топы­рағына табан тірегенімізде, «Өтемістен туған он едік, онымыз атқа қонғанда, жер қайысқан қол едік», деп Махамбет ақын жырлағандай, құрамында 58 сайысқа сүрен салатын 52 спортшысы, кәдімгідей айбаты мен айбары бар еңсесі биік ақ орда секілді болатынбыз. Осыған орай, спортшыларымыздың дені «көптің бірі – егіздің сыңары емес», көшелі жерде көш бастайтын нағыз дарабоздар екеніне кәміл сеніп, тым құрығанда, 5-6 медальді қоржынға басып қайтатындай болып сезінгенбіз. Бірақ оның бәрі өтті, аптыққан көңіл басылды, енді нақтысына көшейік. Бұл Олимпиадада бізге бұйыр­ғаны жалғыз қола медаль болды. Осы медальдің арқасында Ойындарда жүлделерге қол жеткізе алған 26 елдің қатарына еркін ендік. Ал арт жағымызда осыған жетпей жүрген 62 мемлекеттің спортшылары тұр. Егер бұдан бұрынғы Қысқы Олимпия ойындарындағы жеткен жетістіктерімізге тағы бір мәрте көз жүгіртіп қарасақ, бұған тәубе айтпасымызға болмас. Әйтпесе, иманымызға күмән келер. Алдыңғы екі Ойыннан бос қайтқанымызды былай қойғанда, соңғы Ванкувердің өзінде қол жеткізген жетістігіміз жалғыз күміс медаль еді ғой. Ал Олимпия ойындарында, басқа да әлемдік жарыстардағы сияқты, алтын медаль болмаса, қалған екі жүлденің бір-бірінен артықшылығы шамалы ғана. Енді барлық көрсеткіштерімізді жекелей талдай келсек, алған биіктеріміз салымызды суға кетіре беретіндей тым төмен де емес екен. Әлбетте, көрсеткіш дегенде, ауызға ең алдымен жалғыз қола медаліміздің иесі Денис Тен түседі. Мұндағы спорт мамандары мен журналистер қазір оның 13 ақпан күнгі қысқа бағдарламада алған 9-орнынан кейін келесі күні еркін жаттығуда 3-орынға дейін секіріп өте шыққанын үлкен ерлікке, өршіл өжеттікке, желінбес жігерге балап отыр. Шынында да, мұндай серпінді серпіліске қайтпас қайратты, нұрлы ақылды, жылы жүректі жанына серік еткен жігіттің сұлтаны ғана жете алса керек. Сол сияқты фристайлдың могулы бойынша сайыста 5-орынға көтерілген Дмитрий Рейхерд пен спорттың осы түрінің акробатикасында 6-тұғырға табан тіреген Жанбота Алдабергенованың жеткен жетістіктеріне қалайша сүйсінбеске! Олимпиада сынды айтулы аламанда фристайлшы-могулшы Юлия Галышеваның 7-орын алуы да биік белес болып саналады. Дәл осындай белес­тен конькишілер Роман Креч пен Денис Кузин де көрінді. Біле білсек, бұл да – табыс. Сондай-ақ 15 метрге классикалық әдіспен жүгіруде мәреге 9-шы болып жеткен шаңғышы Алексей Полтораниннің жетістігінің өзіне қызыға қарайтындар мұнда жеткілікті. Кейінірек Алексейдің өз әріптесі Николай Чеботькомен бірге командалық спринтте көмбе сызығын 8-ші кезекте қиып өткені де жақсы көрсеткіш болып табылады. Бұдан бөлек, Денис Кузин 1500 метрге жүгіруде 9-орын алса, фристайлшы-могулшы Павел Колмаков 10-шы нәтиже көрсетті. Рас, жанкүйерлер мен мамандардың көпшілігі жоғарыдағы Алексей Полто­ранин мен Денис Кузиннен, сондай-ақ, биатлоншы Елена Хрусталевадан бұдан да жоғары нәтижелер күтті. Бұған себеп те бар-тын. Себебі, олар Қазақстан құрамасы сапында осыған дейін белгілі бір жетістіктерге жетіп үлгерген топ бастаушы серкелер еді. Бірақ ойға алған орындалмады. Сабақты ине сәтімен жүрмей қалған шығар. Ал Ойындарда атақтары мен даңқтары бұлардың өздерін он орап алатындай небір дүлдүлдердің өздері жүлделердің жүлгесінен сырт қалып жатты емес пе? Жасыратыны жоқ, елімізде қысқы спорт түрлері әлі де болса кенжелеу дамып келеді. Ол, тіпті, республиканың көп­теген өңірлерінде мүлдем жоққа тән. Оны өркендету үшін енді бар­лық ірі қалаларымыз бен облыстар орта­лықтарында дәл Сочидегідей жабық спорт ареналарымыз көп болуы керек. Демек, гәптің бәрі өзімізде. «Түбіріне қара!» деген сөзі болушы еді Козьма Прутковтың. Асылы, сол түбірге қарағанымыз жөн болар. Осыған ұқсас ойларды «Казахстанская правда» газетінің тілшісі Асқар Бейсенбаев екеумізге Ойын күндерінде «Роза Хутор» аумағында ұшырасып қалған атақты шаңғышымыз Владимир Смирнов та, осы Олимпиадаға биатлоннан төреші болуға шақырылған көкшетаулық маман Валерий Ловюгин де айтып еді. Алматы келесі Олимпиададан үмітті Дәл Сочи сияқты таулардың етегінде, баулардың жетегінде жатқан әсем қаламыз – Алматы 2022 жылғы Қысқы Олимпия ойындарын қабылдауға ниетті екенін бұдан бірқатар уақыт бұрын білдіріп қойды. Қазір оның осы мақсатқа жетіп қалуы әбден мүмкін екені де айтылып қалып жатыр. 2011 жылы ғана Қысқы Азиаданы өткізіп, біраз жаңа спорт нысандарын қатарға қосып үлгерген, мұндай ұлы жиындар өткізуден біршама тәжірибе жинақтап қалған оңтүстік мегаполистің мұндай мүмкіндікке қолы жетіп жатса, оны жоғары деңгейде өткізе алатынына күмән болмаса керек. Мұны Алматы қаласы мен спорт саласының басшылықтары жоғарыдағы Азия ойындарынан бөлек, Әлем кубоктарының кезеңдері мен бокстан ересектер арасында жаһандық жарыс өткізу барысында да анық байқатып берді. Ақпанның 20-сы күні Сочидің Олимпия паркіндегі бас медиа орталығында болып өткен Алматы қаласының 2022 жылғы Қысқы Олимпия ойындарын өткізуге өтініш білдіруінің тұсаукесерінде осы мәселелер жан-жақты айтылды. Рәсімді күні кеше ғана өзінің Қазақстан атты елінің, Алматы атты туған қаласының атын айдай әлемге тағы бір мәрте паш еткен Сочи Олимпия ойындарының қола жүлдегері Денис Тен бастап берді. – Олимпия ойындары қашаннан өзіндік бет-бейнесі ерекше бір оқиға болып саналады, – деді мәнерлеп сырғанаушы. – Ойындар әрдайым өзін өткізушілерден де, оған қатысушылардан да орасан зор жауапкершілікті талап етеді. Егер 2022 жылғы Олимпиада Алматыда өтіп жатса, ол менің елімдегі тұтас бір ұрпақтың мәңгі жадында қалатын теңдессіз оқиға болар еді. Мен оның туған қаламда өткенін қатты қалаймын және бұл ұсынысты жаныммен қолдаймын. Жиында Қазақстан Спорт және дене­шынықтыру агенттігінің төрағасы Тас­танбек Есентаев пен Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Темір­хан Досмұханбетов сөз алып, Ойын­дарды қабылдаудағы негізгі мақсаттар жөнінде әңгімелеп шықты. Ал Ұлттық Олимпиада комитеті атқару кеңесінің мү­шесі, Алматы қаласының өкілі Андрей Крюков мәселеге кеңірек тоқталған өз сө­зінде 2022 жылы Қазақстанда Қысқы Олимпия ойындарын жоғары дейгейде өткізуге барлық мүмкіндіктер бар екенін атап өтті. – Біз 2011-2013 жылдары Халықаралық шаңғы ассоциациясымен бірге бірнеше шара өткіздік. Қысқы спорт түрлері бойын­­ша бұдан да басқа жарыстарды жо­ғары деңгейде атқарып шығуға қол жеткіздік, – деді А.Крюков. – Қазір қолда бар ин­фрақұрылым, қалада және қала маң­дарында қанат жайған спорт нысандары бізге біраз артықшылық береді ғой деп ойлаймын. Біздің тағы бір ерекшелігіміз, жарыс өтетін және өтпейтін нысандардың бәрі Олимпиада қалашығынан 30-35 шақырым жерге орналасады. Оның айтуынша, Олимпия паркі Алматының солтүстік-шығыс қапталынан салынатын болады. Осы жерге Олимпиада қалашығы, БАҚ өкілдеріне арналған қалашық, керлинг пен мәнерлеп сырғанау ареналары, көрме орталығы, Халықаралық Олимпиада комитеті мен басқа да инфра­құрылым ғимараттары салынады. – Қазіргі таңда қаланың қонақ қабыл­дау мүмкіндігі шектеулі, мейманханалар жетісе бермейді. Алайда, бұл жетім­сіздіктің 50 пайызы 2017 жылы өтетін Универсиадаға байланысты толтырылады. Сол кезде дәл Сочидегідей 8 мың бөлмелік шағын отельдер салынады, – деп сөзін түйіндеді ол. Мұның бәрі дұрыс. Бұған қосатынымыз, Қысқы Олимпиаданың шежіресіне қарап тұрсақ, осы кезге дейін оның бәрі тап осы Сочиге жетеқабыл – қары мол, бірақ қысы аса қатал емес, таулы қыраттары жеткілікті өңірлерде өтіп келіпті. Ресейліктердің бұл Ойындарды сонау Орал тауларының бау­райларынан ұсына алмағаны да осыдан туғанға ұқсайды. Бұл жағынан келгенде, біздің Алматы бұған нағыз таптырмайтын мекен. Бір-ақ бір нәрсе айқын: Қысқы Олимпиаданы өткізетін жақ тек қабылдаушы үй иесінің қызметін ғана атқарып, жүлделердің бәрін жұртқа таратып беріп, қарап отыратын да ел болмауы керек. Біздің ендігі ойланатынымыз, сірә, осы болса керек. Жарыстардың соңғы демдері Ресей құрамасы медальдар саны жөні­нен қазіргі заман тарихындағы ең жоғары көрсеткіштерін қайталады. Бұған бұрнағы күні мәнерлеп сырғанаудан алтын медаль алған 17 жасар Аделина Сотникова жеткізді. Осы арқылы Ойындарды ұйым­дастырушылар жетінші жоғары награданы қоржынға салумен бірге, жалпы жүлде санын 23-ке толтырып, бұл жағынан АҚШ-тан кейінгі екінші орынға шықты. Ал А.Сотникова кеңес-орыс кезеңінің барлық тарихындағы әйелдердің жеке мәнерлеп сырғанауында Олимпиада алтынын алған бірінші спортшы атанды. Ресейліктердің қазіргі күндері келеге кеңес кіргізіп жүрген тағы бір тақырыбы ерлердің хоккей турнирінде ұлттық құра­маның ширек финалда финдерге жол беріп қойғаны болып отыр. Мұның алдында Ванкуверде де төрттен бір финалда жарыс жолынан шығып қалған хоккейшілер осы жолы қалайда одан асып түсетіндерін айтып алдында біраз ауыздыға сөз, аттыға жол бермегендей болып еді. Енді бұлар соны беттеріне шыжғырып басқысы келеді. Алайда, сынаса сынағандай, осы турнирде ресейлік хоккейшілер көрген адамға «әп-бәрекелді» дегізетіндей бірде-бір матч өткізген жоқ. Ширек финал біткен бойда Ресей құра­­масының бас бапкері Зейнетулла Билялетдинов ұтылысқа өзінің айыпты екенін айта отырып, командада әлі де жұмыс жасай бергісі келетінін жеткізген. Мұның артынша Ресей Хоккей федерациясының президенті Владислав Третьяк та әзірге оны орнынан қозғау туралы сөз болып жатпағанын білдіріп, біраз жұртты ойландырып тастаған. Бірақ бұрнағы күні баяғы атақты қақпашы бұған мүлдем қарама-қарсы сөз айтты. Ол Олимпиада біт­кен бойда жаттықтырушының есебі қатаң сұралатынын баяндай отырып, осы­ның алдында құраманы талай табысқа сүйреген Вячеслав Быковты орнына қайта әкелу туралы мәселе қойылып жатқанын мәлімдеді. Қыздар арасында «Үйеңкі жапырағы» елінің командасы Олимпиада чемпионы атағына қол жеткізді. Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан» – Сочиден.