22 Ақпан, 2014

Парламент

245 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

«Егемен Қазақстанның» арнаулы беті

5

Ел үшін еңбек ету  –  парызымыз

– дейді Парламент Сенатының депутаты С.Жалмағамбетова

СветаЖуырда Парламент депутаттары аймақтарға барып, сайлаушылармен кездесіп, Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты жаңа Жолдауын және одан туатын міндеттерді түсіндіріп келді. Біз солардың бірі, белсенді сенатор Светлана Жалмағамбетованы әңгімеге тартқан едік.

– Мен Ақмола облысынан сай­ланған депутат ретінде осы өңірде болып, 10 кездесу өт­кіз­дім. Соның ішінде Жарқайың, Це­ли­ноград, Астрахан, Атбасар, Сандықтау, Шортанды және Есіл аудандарында болдым. Сонымен қатар, Көкшетау және Степногор қалаларындағы сайлаушылармен кездестім. Кездесулерге халықты арнайы шақырып жинаған жоқпын, тек «Нұр Отан» партиясының форумдары мен әкімдердің есеп беру жиналыстарына келген халықпен кездестім. Осы форумдарда сайлаушыларға Президенттің жаңа Жолдауында алға қойылған міндеттер, Парламенттегі істелген жұмыстар туралы айтып және депутат ретінде халықтың өзіме жүктеген мәселелерінің шешілу барысы туралы есеп бердім.

Бүгінгі күні Ақмола облысын­да республикалық бюджеттен бө­лінген қаражатқа іске асып жат­қан шаруа көп. Соның ішін­де Үкімет бекіткен «Шучье-Бу­ра­бай аймағын дамыту туралы» бағдарлама бар. Оған 2014 жыл­дың бюджетінен 19 млрд. теңге қаражат бөлу қарастырылған. Астананың төңірегіндегі ауылдарды дамыту бағдарламасы биыл аяқталады. Ол жұмыстарға биыл 10 млрд. теңге қаражат бөлінді. Бұл қаражат негізінен электр қуатын жеткізуге, ауызсу мәселесін шешуге жұмсалмақшы. Осының ішінде Ақмолдан Қараөткелге дейінгі су құбырын тарту, сонымен қатар, Бозайғырдағы су құбырын жаңарту мен Жібек жолына су тарту сияқты нақты үш ауылға бөлінген қаражат менің ұсынысыммен қосылды. Ал Максимовкаға электр қуатын тарту үшін менің ұсынысыммен бөлінген қаражат артынан үш ауылға бөліп жіберілді. Степногор қаласын оңал­туға моноқалаларды қолдау бағдар­ламасы бойынша 4 млрд. теңгедей қаражат бөлінген. Соның ішіндегі ең өзекті мәселе – ауызсу. Биыл осы мәселе шешілетін шығар. Ал жолдарын жөндеуге 626 млн. теңге бөлінді. Аймақтарды дамыту бағдарламасы бойынша Көкшетау қаласына 4,7 млрд. теңге қарастырылды. Әрине, бұлардан басқа бағдарламалар бойынша Ақмола өңіріне биыл қомақты қаражат бөлінген. Солардың ішін­де көптен бері көтерсек те ше­шіл­мей келе жатқан бір мәселе биыл өзінің шешімін тапты. Ол – Жар­қа­йың ауданының орталығына ауру­хана салу. Бұрын 140 орындық ау­ру­хананың құжаттарын өткізіп, қаражат сұралғанда «аудандарға мұндай үлкен ем орындары салынбайды» деп кесіп тасталған болатын. Бірақ бұл мәселені мен аяқсыз тастауға үзілді-кесілді қар­сы болып, Үкіметтің алдына шығарған соң, әйтеуір қосымша ақ­ша бөлініп, 70 орындық аурухана мен емхана салуға қаражат бөлінді. Со­ны­мен бірге, біздің сұрауымыз бо­йын­ша қосымша қаражат бөліну ар­қылы Бұланды ауданында 420 орындық мектеп салынатын болды. Сондай-ақ, Жарқайың, Шортанды, Астрахан және т.б. аудандарда ауыз­су мәселесінің шешілуіне тікелей атсалыстық.

– Сайланған аймағыңыздың көп мәселесін шешуге атсалысқан екенсіз. Сайлаушылар тағы да қандай мәселелердің шешілуіне көмектескеніңізді қалайды?

– Ел үшін еңбек ету – кім-кім үшін де азаматтық парыз. Ал сұра­ғыңызға келсек, сайлаушылар тағы да көптеген мәселенің шешілуіне мұрындық болуымды өтінді. Соның ішінде Есіл ауданының орталығы Двуречен ауылына ауызсу жеткізу мәселесін шешуді сұрады. Мұндағы су құбырлары күрделі жөндеуді ға­на талап еткендіктен, «Ақ бұлақ» бағ­дарламасына енгізілмей, «Жұ­мыс­пен қамту» бағдарламасы бойынша қарастырылған. Алайда, қажетті қаражат үлкен болғандықтан, оған да енгізілмеген еді. Енді осы мәселемен айналысатын боламын. Сондай-ақ, Зеренді ауданындағы Березниковка, Сандықтау ауданындағы Каменка, Еңбекшілдер ауданындағы Мамай және т.б. елді мекендерге ауызсу тарту мәселелерін шешуге атсалысуым керек. Аймақтағы қалалар мен ауылдардың үнемі шешілмей жатқан бір мәселесі – жол. Соның ішінде Көкшетау, Шучье қалаларының жолдары сын көтермейді. Былтыр бұл жұмыстарға қыруар қаражат бөлінген еді, ал биыл ағымдағы орта және шағын жөндеулердің шығынын жергілікті бюджетке сырып тастап, олар қаражат таба алмай отыр. Енді осы мәселеге Үкімет назарын аудартуым керек.

Көптеген елді мекендерде жылу құбырын тарту мәселесін шешуге қол жеткіздік. Бұл жұмыстар қазір Ақмолда, Бұланды ауданының ор­та­лығында жүргізілуде, биыл Бу­рабайда басталады. Енді Атбасарға да сондай жұмыстар қажет. Онда жаңа шағын аудан салынуда, соған енді бу қазандығы қажет болып тұр, Үкіметтен соған қаражат бө­лінуін өтінуім керек. Сондай-ақ, Астананың төңірегін дамыту бағдарламасы биыл аяқталуына қарамай әлі де көптеген елді мекендерде электр қуатын, ауызсу тарту толық шешілген жоқ. Соның шешілуіне атсалысуым да сұралды. Қазір Үкімет 2020 жылға дейінгі мерзімге даму бағдарламасын жасап жатыр. Осы бағдарламаға аталған мәселелердің кіруін қадағалауым керек. Ауыл­дардағы толық комплектілі емес мектептердің қамтылуы нашар. Солардың мәселесін шешуде жер­гілікті халықтың ұсыныс-пікірлерін ескеру керек.

Мен біршама жергілікті мамандар мен жанашыр адамдардың ұсыныстарын біліп келдім, енді соларды қорытындылап, осы мәсе­лені шешу бойынша Үкіметке депутаттық сауал жолдамақпын. Елбасы білімнің сапасы жоғары болуын талап етіп отырған жағдайда Білім және ғылым министрлігінің ұсынған дистанциялық және ресурстық орталық арқылы оқыту сияқты әдіс-тәсілдерінің тиімділігі жоғары бола қояр дегенге сену қиын. Біздіңше, бұл мәселені осы заманғы барлық жабдықтармен жарақталған интернаттар салу арқылы шешкен дұрыс.

– Халықтың әлеуметтік қамтылуы мәселесі бойынша да сұрақтар болған шығар?

– Ондай мәселелер де бар­шы­лық. Мәселен, үлкен дағдарыс жыл­дары зейнет демалысына шық­қандардың зейнетақысы төмен. Сондай жандар өздерінің зейнет­ақысы қайта қаралса екен деген тілек білдірді. Сондай-ақ, теңге ба­ға­мына түзетулер енгізілуіне орай Үкі­меттің ұстанған позиция­сын ха­лыққа жеткізіп, мұның қа­жетті шара болғандығын түсін­дірдік. Халық арасында пош­та бөлімдерінің жа­былуына да наразылық бар. Ми­нистрлік халқы 2 мыңнан аз ауылдарда пошта бөлімдерін жауып жатыр. Жылжымалы пошта бөлімшелері деген жасалады дейді, бірақ оның тиімді болмағына халық алаңдаулы. Бұл мәселені мен де көптен көтеріп жүрмін. Солтүстік облыстардың қай ауылын алсақ та тұрғындары 2 мыңға жетпейді. Сондықтан бұл аймаққа ерекше бағдарлама жасауды ұсынған болатынмын. Бұл мәселе қаралу үстінде.

– Халықтың биылғы Жол­дауға деген көзқарасы қалай?

– Халық Жолдауды қолдап отыр, әсіресе, әлеуметтік салаға қам­қорлық жасау мақсатымен еңбекақыларының көтерілетініне риза. Соның ішінде мүгедектерді қолдау жөніндегі тапсырмаға разылықтарын білдірген адамдар көп болды. Оларды жұмыспен қамтамасыз ету мәселесінің қарас­тырылғаны да ризашылық тудыруда.

– Әңгімеңізге рахмет.

 Әңгімелескен

Жақсыбай САМРАТ,

«Егемен Қазақстан».

Халқымыздың сапалық көрсеткішін төмендетпейік

Сенат депутаты Қуаныш Айтаханов Премьер-Министр Серік Ахметовтің атына депутаттық сауал жолдады. Ол «Ауылдық мектептерде білім беру сапасын жақсарту туралы» деп аталады.

Ал сауалда былай делінеді:

«Құрметті Серік Нығметұлы!

Үстіміздегі жылғы Елбасымыз Н.Ә.На­зар­баевтың Қазақстан халқына Жолдауында Ұлттық білім берудің сапасын жақсартуда ауқымды жұмыстар жүргізу қажеттілігі айтылып, білім саласын дамытуға байланысты нақты міндеттер қойылды. Елбасы қойған міндеттерді орындау, әсіресе, ауылдық жерлердегі білім беру сапасына ерекше көңіл бөлуді керек етеді. Өйткені, еліміздегі 7402 жалпы білім беретін мектептің 5 776-сы немесе 78 пайызы ауылдық елді мекендерде орналасқан. Бұл мектептерде Отанымыздағы оқушылардың 1 237 мыңы немесе 51 пайызы білім алуда.

Бүгінгі таңда, ауыл мектептерінде шешімін таппаған мәселелер жеткілікті. Біріншіден, олардың материалдық-техникалық базасы нашар. Арнайы жабдықталған пәндік кабинеттер, зертханалар жоқ. Көрнекі құралдар ескірген. Кітап қоры аз. Шет тілдерін оқыту деңгейі төмен. Ауыл мектептерінің 70 пайыздан астамы шағын жинақталған мектептер. Оның үстіне мұғалімдер жалақыларының аздығынан, әлеуметтік қорғау, моральдық және материалдық ынталандыру шараларының толық шешілмеуінен ауылдық жерлерде жоғары кәсіби білікті мұғалімдер тапшы. Бұл жағдай, ұстаз кадрларының қартаюына, бір пәннің мұғалімі бірнеше пәннен сабақ беруіне әкеліп соқтыруда.

Ауыл мектептері оқушыларының физикалық, интеллектуалдық және шығармашылық дамуына тиісті жағдайлар жасалмаған. Еліміздегі спорт залдары жоқ мектептердің 82%-ы (1620 мектеп) ауылдарда. Мектептен тыс ұйымдармен ауыл оқушыларының 6,8%-ы ғана қамтылған. Ауыл мектептерін ақпараттық технологиялармен қамту да өз деңгейінде емес. Бүгінде кең жолақты интернетпен қала мектептерінің 67,2 пайызы, ал e-learning бағдарламасымен 32,4 пайызы қамтылған болса, ауыл мектептерінде бұл үрдіс әлі басталмаған.

Ауыл мектептерін бітірушілер жоғары оқу орындарына түсу кезінде мемлекеттік грантты жеңіп алуда бәсекеге қабілетсіз болып отыр. Мысалы, 2012 және 2013 жылдардағы Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындылары бойынша ауылдық мектеп түлектерінің 21,5 пайызы ең төменгі шекті баллды жинай алмады. Жалпы, ҰБТ-ның жоғары баллын (70-125 балл аралығы) жинағандардың ішінде ауылдық мектеп түлектерінің үлесі небәрі 29 пайызды құрайды. Ауыл мектебін бітірушілердің ҰБТ-ның орташа баллы қалалық мектеп түлектерінен 8,7 баллға төмен. Оның салдарынан ауылдық мектеп түлектері жоғары оқу орындарына мемлекеттік грант есебінен түсе алмай, ақылы оқу орындарына баруға мәжбүр болуда. Ал ақылы оқуды кез келген ауыл баласының қалтасы көтере бермейді. Бұл орта білімді ғана қанағат еткен, білімсіз, жұмыссыз жастардың көбеюіне, халқымыздың сапалық көрсеткішінің төмендеуіне әкелуі мүмкін.

Ауылдық жерлерде балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту мәселесі де шешімін таппай келеді. Бүгінде ауылдық жерлерде балабақша жасындағы (3-6 жас) бүлдіршіндер саны 344 820-ға жетті. Ал оларды балабақшамен қамту 64%-ды құрайды. Бұл балабақшаларға деген қажеттілік 121 220 орынға тапшы деген сөз. Және осы жайт 300 орындық 404 балабақша салу керек дегенді білдіреді. Алайда, 2014 жылғы республикалық бюджетте елімізде жаңа балабақша салуға қаржы мүлдем қарастырылмаған.

Сондықтан, құрметті Серік Нығметұлы, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың биылғы Жолдауында қойылып отырған міндеттерді тиянақты орындау және елімізде білімді, білікті, бәсекеге қабілетті мамандар даярлау мақсатында ауылдық жерлерде мектептер мен балабақшалар салуға қажетті көлемде қаржы бөлу, олардың материалдық-техникалық базасын нығайту, ауылдық ұстаздардың білімі мен жалақысын көтеру, аудан орталықтарынан «Дарын» мектептерін ашу және басқа да ауыл мектептерінің білім сапасын арттыру бағытындағы қордаланып қалған мәселелерді арнайы қарап, оң шешілуіне ықпал етуіңізді сұраймын».

Көтерілген мәселе өте маңызды

немесе «Егемен Қазақстанда» жарияланған депутат сауалына орай

«Сізді не толғандырады?» айдарымен Егемен Қазақстан газетінде 2014 жылы 11 қаңтарда Мәжіліс депутаты Әлихан Тойбаевтың «Өмiр­де бойға жиғанның бәрі керек» атты мақа­ласын оқығаннан кейін қолыма қалам алғанды жөн көрдім.

Мен де Ә.Тойбаевтың заман­да­сы болуым керек, Қызыл­ор­да­да 1965 жылы 11-сыныпты бi­тi­рдiм, біздің мектеп-интерна­тымызда 9-11 сыныптарды оқыған кезімізде 3 жыл бойы «тас қалаушы» (каменщик) мамандығын әр аптаның толық бiр күнінде оқытты және мамыр-маусым айларында құрылыс объектілерінде тағылымдамадан өтіп әп-әжептәуір практика алдық және мектеп бiтiргенде 3 разрядты тас қалаушы деген куәлік иелендік.

Осы қосымша алған маман­дығым институтта оқып жүр­генде жаз айларында, 1966-1967 жылдары Павлодар, Сол­­түстiк Қазақстан облыс­тарына студенттік-құрылыс отряд­тарының құрамында сов­хоздарда тұрғын үй, қора-қопсы, әлеуметтік-мәдени объектілерін салғанда қажетке жарады, бір­шама ақша қаражатын тап­тық. Біздің мектебіміздегі бас­қа сы­нып­­та­ғы­лар тас қалау­­шы­мен қатар, сы­лақшы ма­ман­дық­тарына қо­сымша оқып, тиісті куәліктерін алды. Бірқатар мектеп бітірушілер сол мектептен алған жұмысшы мамандықтарын кейінгі өмір жолдарында кәсіп eттi.

Осындай бiздiң көз алды­мыз­да болған жұмысшы кадр­ларды дайындаудың өмір­шең, озық практикасын қазір де жалғастырсақ, мектептен кейін кәсіби мектептерде (кол­ледждерде) оқу үшiн 1-2 жыл уақытты және бюджеттің қар­жы­сын шығындамай үнемдеп, жұмысшы мамандарды мектепте даярлауды оңтайландырған ұтымды болмақ.

Сонымен қатар, қазіргі таңда көптеген арнаулы орта және жоға­ры бiлiмдi жас мамандарды оқу бітірген соң «Жастар практика­сы» деген бағдарламамен қайтадан 6 ай бойы бюджеттен арнайы қаржы бөліп, мекемелер мен кәсіпорындарда тағылымдамадан өткізу жүргізілуде. Кеңес Одағы тұсында орта және жоғары бiлiм алғандарға жұмысқа орналасқан соң 10 ай мерзімге тәжірибелі қызметкерлерден тәлімгер бекiтiлiп, қызметтің ой-шұқырлары үйретіліп, мерзім аяқталған соң тәлімгердің жас маманның тағылымдамасының қорытындысы туралы есебіне сәйкес, әрі қарай маманды қан­дай қызметке пайдалануға бола­ты­ндығы туралы қорытынды жасалатын. Осындай жұмыc ор­нын­да тағылымдамадан өтуге қо­сымша ешқандай да қаржы керек етілмейтін, сондықтан да бұрын жақсы нәтиже берген жұмыстарды неге жаңғыртпасқа.

Осының алғышарты ретін­де орта және жоғары оқу орын­дарының 2-3-4 курстарын бітірген соң, өндiрiстiк практиканы өткізу мәселесінде де ойланатын тұстар жоқ емес. Өткен ғасырдың 70-90-жылдарындағы студенттер үшiн өндірістік практиканың базасы алдын ала министрліктер мен ЖОО арқылы анықталып, практиканттардың нақты практиканы қалай өткізіп жатқанын тексеруге және әдістемелік көмек беруге оқу орнынан бөлінген оқытушы бірнеше рет барушы едi. Қазіргі уақытта оқу орындары студенттерінің өңдірістік практикасын өткізу үшiн базалық мекемелер мен кәсіпорындарды белгілеуде кемшіліктер көп секілді немесе студенттің өзінің немесе ата-анасының практика өтетін жерді өз беттерінше iздестiрyiн қалай түсінуге болады? Көп жағдайда «практика өтті деп жолдамаға белгі соғып берсеңіздер болады» деп келісімпаздыққа итермелеуі, өндірістік практиканы қалай өтіп жатыр деп оқу орындары өкілдерінің өз студенттерінің артынан iз салмауы да ойландырмай қоймайды.

Болашақ кадрларды тағы­лымдамадан өткізудегі жіберіліп жүрген осындай кемшіліктер салдарынан оқу орнын бітірушілер жұмыс орындарына келгеннен бастап тапсырылған жұмысты бірден атқара алмайды. Осы келеңсіздікті жою үшiн «жас­тар тағылымдамасы» енгiзiлiп, бюджет қаржысының орынсыз жұмсалуына тосқауыл қою қажет. Осыны ойланатын уақыттың жеткені күмәнсіз.

Қамбар ӘЖІБЕКОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Қызылорда облысы.

Стандарттар – мінсіз қызмет көрсету тетігі

Парламент Мәжілісіндегі «Нұр Отан» партиясы фракциясының Әлеуметтік кеңесі палатаның Әлеуметтік-мәдени даму комитетімен бірлесіп отырыс өткізді. Онда әлеуметтік қызмет көрсету стандарттары және әлеуметтік ортаны дамыту факторы жан-жақты сөз болды.

Отырыста модераторлық жасаған фракцияның Әлеуметтік кеңесінің төр­айымы Айткүл Самақова өз сөзінде биылғы Жолдауда Елбасы әлеуметтік стандарттарға қатысты нақты тапсырмалар бергендігіне ерекше тоқталды. Ал Мәжіліс депутаты Светлана Ферхо «Әлеуметтік қызметті стандарттау – әлеуметтік саланы дамыту факторы» деген тақырыпта баяндама жасады. Депутаттың айтуынша, елімізде әлеуметтік заңнамалық база құрылғанымен, оның әлеуеті әлі де толық пайдаланылмай келеді. Әсіресе, қабылданған нормативтік құқықтық актілердің орындалуына бақылау қажетті деңгейде емес. Сондықтан да әлеуметтік заңнаманың тиімділігіне зерттеу жүргізілуі орынды болмақ. Мұның барлығы да депутаттар бастамашы болған «Минималды әлеуметтік стандарттар және кепілдіктер туралы» және оған ілеспе заң жобаларында көрініс табуы тиіс.

Медициналық қызмет көрсету стандарттары жүйеленгенін тілге тиек еткен денсаулық сақтау вице-министрі Ерік Байжүнісов бұл стандарттар пациенттің үйінен ауруханаға жетуіндегі жағдайын толық қамтитындығын ортаға салды.

Онкологиялық ауруларды емдеуде фран­ция­­лық емдеу орталығының стандарттары бас­­шылыққа алынатыны атап көрсетілді. Іше­­тін судан бастап, санитарлық авиацияға дейін стандартталатыны белгілі болды. Тіпті, жедел жәрдемнің өзі бұрынғыдай жарты са­ғатта емес, Павлодардағыдай 9 минутта, ал Ал­­­матыдағы жағдайда 11 минутта діттеген жері­­не жетуі тиіс. Онда да жедел жәрдем көлі­гі медициналық құрал-жабдықтармен то­лық қамтамасыз етілуі тиіс. Құжат айналы­мында журналдар толтырудың 40 пайызы қыс­қартылып, қалғаны Электронды ден­сау­лық сақтау жүйесіне енгізілетіні ерекше аталды.

Мемлекет тарапынан жасалып жатқан әлеуметтік қолдауларды санамалап берген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова қазіргі таңда минималды өмір сүру шегі мен ең төменгі жалақы көлемінің бірдей екендігіне назар аударды. Оның сөзіне қарағанда, халықаралық сарапшылар осы екі көрсеткішті есептеу әдісін толық өзгерту қажеттігін ұсынып отыр. Әйтсе де барлығы экономиканың деңгейіне және бюджеттің мүмкіндігіне тіреліп отыр. Сондай-ақ, вице-министр азық-түлік себетінің құрылымын да өзгерту қажеттігін ерекше атады. Бүгінгі таңда азық-түлік құрамы 43 өнімнен тұратын көрінеді. Алайда, тұрғындар қаражаттың 55 пайызын азық-түлік емес заттарға жұмсауды дұрыс көреді екен. Сондықтан да бұл саладағы стандарттарды да қайта қарастырған жөн.

Әлеуметтік кеңес отырысында бұдан басқа да баяндамашылардың уәждері тыңдалды. Сондай-ақ, айтылған мәселелер бойынша талқылау жүрді. Артынан Мүгедектерді әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша жасалған заңнамалық актілердің әлеуметтік зерттеуі мен мониторингінің тұсаукесері болып өтті.

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».

Фотокүнделік

BAL_4605BAL_4492Суреттерді түсірген Орынбай Балмұрат.