Осы орайда, Энтони Дженкинсон (Anthony Jenkinson) кім дегенге тоқталсақ, ашық ақпарат көздерінде бұл адам кәсіби дипломат, сонымен қатар кезбе-саяхатшы һәм бай адам болғаны жайлы айтылыпты. Тіпті 1557-1571 жылдары Англияның Мәскеу князьдығындағы өкілетті елшісі қызметін атқарумен қатар, ағылшын сауда компанияларының өкілі ретінде де танымал болған көрінеді. Осы қызметін пайдаланып Э.Дженкинсон мырза Орталық Азия өңіріне, Каспий жағалауына, одан қалды Парсы жеріне белсенді саяхат жасап, жүрген жері мен табаны тиген өлкенің картасын жасаған. Яғни сол дәуірдегі ұғым бойынша: орыстардың шығысы, яғни Орал таулы қыратынан бастап, моңғол үстіртіне дейінгі өлке (бізше «Ұлы Дала») Тартария жерін қағаз бетіне түсірген.
Мұнда өздеріңіз көріп отырғандай картада сол дәуірдегі әкімшілік-ұлыс құрылымдарының жалпы нобай-сұлбасы жақсы түсірілген. Сондығымен де бұл тарихи сызба аса құнды. Атап айтқанда, Обь өзеннің шығысын алып жатқан үлкен жазира даланы «Казакия» (Cassacki) деп таңбалапты. Яғни Қазақ елінің ежелгі атауы «Қазақия» бұдан басқа карта-деректерінде кездеспейді. Оның сыртында, ұлы теңізге құятын үлкен дарияның (Жайық) қос қапталын ен жайлап жатқан жұртты Ноғай ордасы (Nagaia) белгілеген. Бұның бәрі атақты Алтын Орда, бізше Жошы ұлысының территориясы.
Бұл карта-құжат жайлы зерттеген отандық мамандар аз. Десек те, Германияда тұратын қандасымыз шығыстанушы-синолог маман Нұрлан Кенжеахмет аталған карта бетінде бейнеленген билеуші-хандар жайлы болжамды пайымын ұсыныпты. Оның айтуынша, осында сұлбасы сызылған жеті ханның қатарында – түрікмен даласын басқарған Әзім хан, Бұқара әмірі Благ, Самархан билеушісі Мақмұт, Ташкент патшасы Апиш хан, Моғолстанды басқарған Алие, Балқ әмірі Куркот және Ардавил әмірі Исмайл сопы сызылған дейді (Uly Dala murasy журналы, №2-3, 2021 ж). Бұл адамдар – расында ХVІ ғасырда аталмыш өлкелерде билік жүргізген тұлғалар.
Картаны Дженкинсон 1564 жылы Лондонға оралған соң сызып, 1570 жылы Бельгияның Антверпен қаласында кәсіби баспаханадан басып шығарған. Осылай құжат көпшілікке таныс болған. Тіпті өз дәуірінде бұл сызба еуропалықтардың шығыстану іліміне қажет бірден-бір дерек ретінде бағаланған.
Уақыт өте келе Дженкинсон картасы көзден ғайып болған. Тіпті мұндай карта-құжат болғаны жайлы ешкім білмеген. Қызық болғанда, Ұлы Отан соғысы аяқталған жылдары поляк оқушысы өз үйінің қираған жертөлесін жөндеп жүріп, ежелгі картаны (дәлме-дәл көшірмесі болуы мүмкін) ұзындығы 101,7 см, ені 81,7 см тауып алған. Оны тарих пәнінің мұғаліміне сыйға тартқан. Мұғалім бұл картаны 1986 жылы тиісті мекемеге тапсырған. Қазіргі таңда карта Польшаның Вроцлав университетінің кітапхана қорында сақтаулы тұр.