Арқа төсіндегі құт дарып, ырыс ұя салған бұл ауылда Бүркіт Ғалымұлы Әлин есімді кәсіпкер азамат тұрады. Осыдан жиырма жылға жуық уақыт бұрын ол құрған «Асбер Агро» ЖШС бүгінде қанатын кеңге жайып, қабырғалы шаруашылыққа айналған. Ералиев ауылының өсіп-өркендеп, ел ішінде жақсы атқа ие болуына Бүркіт Әлиндей ісіне мығым, әлді жігіттердің де қосқан сүбелі үлесі бар деп сеніммен айтуға болады.
Аталған агрокәсіпорын негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Қазіргі уақытта оның иелігінде екі жүзден астам мүйізді ірі қара, жүзден асып жығылатын жылқы бар. Төрт түліктен несібе тапқан ағайын үшін ауылшаруашылық техникаларының маңызы қашанда зор. Бұл жағынан Бүркіт Әлиннің шаруашылығы қысылған емес: техниканың түр-түрі бар. Бұлардың бұзылмай, жылдың кез келген мерзімінде сағаттың механизміндей сартылдап жұмыс істеп тұруына шаруашылық басшысы ерекше мән береді.
Бұдан бөлек, бүгінде «Асбер Агро» ЖШС-на қарасты барлық стандарт пен ветеринарлық талапқа сай жабдықталған мал сою бекеті тұрақты жұмыс істеп тұр. Бұл кәсіпорынның сапалы қызметіне, әсіресе, ауыл халқы дән риза.
– Біздің шаруашылық жылына 50 бас бұқа, 40 бас жылқы және үш тонна сүт өнімін өткізіп, әр жылды таза пайдамен аяқтап келеді. Алты мың гектар жайылым мен шабындық жерлер жыл сайын өңделіп, жаңғыртылып отырады, – дейді шаруашылық басшысы.
Бүркіт Әлин өзінен артылғанымен, өзгеге қарайласатын қайырымды жандар қатарынан. Таяуда ол туған ауылындағы «Қайырымды істер» атты марафонға атсалысып, жағдайы жүдеулеу төрт отбасының қорасына бір қысқа жететін шөп түсіріп берді. Қолдың қысқалығынан бір, биылғы қуаңшылық пен жанар-жағармай қымбатшылығынан екі қысылып отырған ағайын жомарт жанның бұл ісіне ерекше риза болысты.
– Шарапатты іс адамгершілігі жоғары, рухани әлемі бай, жан дүниесі таза адамдардың ғана қолынан келеді. Міне, Бүркіт Әлин осындай санаттағы азаматтың бірі, – дейді Ералиев ауылының әкімі Жанбол Көпбосынов.
Кәсіпкердің мұқтаж жандардың жағдайын жүрегімен қабылдап, қолынан келгенше жәрдемдесуге дайын тұратын азаматтығын ауылдастары да ризалықпен айтып жүреді. Шынтуайтында, Бүркіт Әлин – кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкершілігін жан-тәнімен сезінген азамат. Туған ауылын түлетуге үлес қосып жүргені де сондай ұстанымының жемісі болса керек.
Істің қиюын тауып, шаруашылықтың тасын өрге домалатып жүрген кәсіпкер азаматтың отбасы да – үлгі қылып айтар, босағасына ырыс пен береке үйірілген шаңырақтың бірі. Зайыбы Гүлім Өмірбекқызы екеуінің тәрбиелеп өсірген қос ұлы бар. Үлкені Қасымхан Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде тілші болып еңбек етіп жүр. Ал қара шаңырақтың болашақтағы иесі Нұрасыл мектеп қабырғасында оқиды.
Бүркіт Әлиннің мал шаруашылығы саласындағы маңдай тері атаусыз, ескерусіз қалып жатқан жоқ. Мемлекеттік бағдарламалар мен Президенттің ауыл шаруашылығын дамыту бағытындағы тапсырмаларын жүзеге асыру жолындағы еңбегі бірнеше мәрте аудан, облыс әкімдерінің, Ауыл шаруашылығы министрінің Құрмет грамотасымен бағаланған. Ал жаны жомарт кәсіпкер үшін «Қазақ меценаттары» қоғамдық ұйымы атынан берілген «Халық құрметі» медалінің орны бөлек. Өйткені іскер азамат өзі жақсылық жасаған жандардан алғыс естуді марапат біткеннің төресі санайды.
Міне, аядай ғана ауылда тұрып, айналасына шарапатын тигізіп жүрген Бүркіт Әлин сынды атпал азаматтың ізгілік тұнған ішкі әлемі осындай.
Қарағанды облысы,
Жаңаарқа ауданы,
Ералиев ауылы