Спорт • 09 Қараша, 2021

Жастар жігерсіздік танытты

288 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бұрындары балуандар елінің ұрпағымыз деп мақтанушы едік, қазір олай десек, ел-жұрттың күлкісіне қалатын түріміз бар. Өйткені күрес түрлерінен өткен аса ірі халықаралық жарыстарда балуандарымыз сүреңсіз белдесіп жүр. Биыл­ғы жылдың өзінде екі бірдей ең ірі байрақты бәсекеден еңсеміз түскен күйі оралдық. Атап айтсақ, Токио Олимпиадасында жалғыз Нұрислам Санаевтың қола ме­дальды иеленуге күш-жігері жетсе, Ослодағы әлем чемпионатында тек Жәмила Бақ­бергенова мен Алмат Кебісбаев қана жеңіс тұғырына көтеріле алды.

Жастар жігерсіздік танытты

Кезінде Қазақ елінің балуандары дүбірлі додаларда сан мәрте топ жарып, миллиондаған жанкүйердің қошеметіне бөленгені баршаға мәлім. Әсіресе, грек-рим күресі шеберлерінің қарқыны өте күшті еді. Біздің елден Олимпия ойын­дарының жеңімпаздары мен әлем чемпиондары көптеп шықты. Ал қазір қола медальға қолымыз жетсе, соның өзіне кәдімгідей қуанатын болдық. Әрине, Қа­зақстан секілді балуандық өнерде бай дәстүрі бар іргелі мемлекет үшін бұл тым ұят жағдай. Тіпті «елдігімізге сын» десек те, ешкім де айыпқа бұйыра қоймас.

Күні кеше ғана Сербияның астанасы – Белградта «Белэкспоцентр» спорт кешенінде 23 жасқа дейінгі балуандар арасында әлем чемпионаты (U-23) өтті. Бұл жарыста да жерлестеріміз се­нім үдесінен шыға алмады. Мәселен, грек-рим күресі бойынша 10 балуанымыз бақ сынады. Солардың екеуі ғана жүл­делі орындар үшін таласты. Олар – Аслан Абдурахманов (55 кг) пен Сұлтан Әсетұлы (67 кг). Бірақ қола медаль үшін тар­тыста олардың жолы болмады. Екеуі де Түр­кияның тастүлектеріне есе жіберді. Аслан Адем Бурак Узыннан жеңілсе, Сұл­тан Кадыр Кемалдың осал тұсын таба алмады.

Аталған күрес түрі бойынша Ре­сейдің екіпіне ешкім шыдай алмады. Олар 4 алтын, 1 күміс және 4 қола медальды иеленіп, жалпыкомандалық есепте көш бастады. 2 алтыны мен

1 қо­ласы бар Грузия екінші орынды ол­жа­лады. Үшінші орында – Иран. Пар­сы елі­нің апайтөстері 1 алтын 4 күміс және 2 қоланы қоржынға салды. Сондай-ақ Мажарстан (1+1+1), Әзербайжан (1+0+2 қола) және Германия (1+0+0) құрамалары бас жүлдені еншіледі.

Грек-рим күресінен әлем чемпионы атанған балуандар: 50 кг – Анвар Аллахьяров (Ресей), 55 кг – Мавлуд Риз­манов (Ресей), 63 кг – Лерри Абуладзе (Грузия), 67 кг – Хасрар Жафаров (Әзербайжан), 72 кг – Идрис Ибаев (Гер­мания), 77 кг – Тамаш Левай (Мажарстан), 82 кг – Айвенго Рикадзе (Грузия), 87 кг – Алек­сандр Комаров (Ресей), 97 кг – Артур Саргсян (Ресей) және 130 кг – Амин Мирзазаде (Иран).

Әйелдер күресінен өткен жарыста отандастарымыздың дені бастапқы бәсе­келерінде сүрінді. Тек 55 кг салмақ­тағы Айнұр Әшімова мен Ділназ Мүл­кінованың ғана жеңіс тұғырына көте­рілуге жақсы мүмкіндіктері болды. Бірақ олар шешуші тұста жеңілістің кермек дәмін татты. Қола медаль үшін белдесуде Айнұр түркиялық Еда Текинге бір ғана ұпай айырмашылығымен ұтылса, Ділназ колумбиялық Татьяна Рентериге жол берді.

Қыздар бәсекесінде Украина өкіл­де­рінің мысы басым болды. Олар 4 алтын, 2 күміс және 2 қола медальды олжалады. Балқан түбегінде Франция (1+1+0), Канада (1+0+1), АҚШ (1+0+1), Румыния (1+0+1), Эквадор (1+0+0), Польша және Қыр­ғыз­станның да (1+0+1) әнұрандары шырқалды.

Әйелдер күресінен әлем чемпионы атанған балуандар: 50 кг –Эмели Шилсон (АҚШ), 53 кг – Луция Гузман (Эквадор), 55 кг – Андрея Беатрис Ана (Румыния), 57 кг – Алина Акобия (Украина), 59 кг – Ан­гелина Лысак (Украина), 62 кг – Ана Паула Гонзалес (Канада), 65 кг – Анас­тасия Лавренчук (Украина), 68 кг – Кумба Ларрок (Франция), 72 кг – Анастасия Алпеева (Украина) және 76 кг – Айпери Медеткызы (Қырғызстан).

Жарысты еркін күрес шеберлері қоры­тындылады. Сербияға аттанған 10 балуанымыздың біреуі ғана жеңіс тұғырына көтерілді. Ол – Асыл Айтақын. 61 кг салмақ дәрежесінде күш сынасқан жалынды жас алғашқы айналымдарда молдовалық Вадим Берегой мен украи­налық Камил Керимді қапы қалдыр­ғанымен, жартылай финалда армениялық Артем Харутюнянға есе жіберді. Одан кейін мажарстандық Гамзатгаджи Хали­довтан айласын асырған Асыл әлем чем­пионатының қола жүлдегері атанды.

Балқан түбегінде біз Қазақстанның ұлттық құрама командасының мүшесі, әлем чемпионаты мен Дүниежүзілік әске­рилер ойындарының күміс жүлдегері, Азияның екі дүркін чемпионы Нұрқожа Қайпановқа зор сенім артқан едік. Бірақ талай дүрмекті көрген белді балуан Белградта айшықты күресе алмады. 74 кг салмақта белдескен Нұрқожа жарысты өте жақсы бастағанымен, екінші кезеңде армениялық Храяр Алик­ханяннан ұтылып, көрермендер қатарына қосылды.

Еркін күресте де Ресей құрамасына тең келер команда табылмады. Олар 2 алтын, 3 күміс және 1 қоланы еншіледі. Екінші орында – Әзербайжан. Қап тауы­ның қырандары 2 алтын мен 1 қоланы қанжығаларына байлады. Сондай-ақ алтын тұғырға көтерілгендер қатарында Иран (1+2+5), Арменияның (1+1+3), Қыр­ғызстан мен Грекияның (1+1+0) және АҚШ пен Украинаның (1+0+1) жалынды жастары бар.

Еркін күрестен әлем чемпионы атанған балуандар: 57 кг – Алиаббас Рзазаде (Әзербайжан), 61кг – Артем Харутюнян (Армения), 65 кг – Георгиос Пелидис (Грекия), 70 кг – Ерназар Акматалиев (Қы­рғызстан), 74 кг – Чермен Валиев (Ресей), 79 кг – Магомед Магомаев (Ресей), 86 кг – Мухамед Алиев (Украина), 92 кг – Осман Нурмагомедов (Әзербайжан) және 125 кг – Энтони Лавренце Кассиоппи (АҚШ).