Маңғыстау облысы – республикадағы мұнай-газ саласы бойынша маңызды мәнге ие аймақтардың бірі. Әлеуметтік деңгейі әлсіз емес. Бүгінге дейін маңызды міндеттерді межелеп, жаңашыл жобалар мен жолдарды жобалап және мүмкіндігінше жүзеге асырып келген өңірдің келешекке көздеп отырғаны көп. Бұл туралы аймақ басшысы Алик Айдарбаевтың есепті кездесуінде айтылды.
Бұрын Маңғыстаудың мұнай саласында қызмет еткен А.Айдарбаевтың іргелі облыстың тізгінін қолына алғанына бір жылдың жүзі енді ауып барады. Жасыратыны жоқ, өткен жылы қызметке жаңа келген әкімнің есебі қағаздан оқылған баяндама секілді көрінген. Биыл қызметіне біраз ысылған әкімнің есеп беруінің форматы да өзгерген.
Маңғыстауда облыс әкімінің бұл жолғы есеп беруі «Қазақстан-Ақтау» телеарнасы арқылы тікелей телекөпір түрінде өтті. Оған бес аудан мен Жаңаөзен қаласының әрқайсысында 120-240 адамнан жиылып, барлығы 1000-ға тарта адам қатысты.
Әңгімесін алдымен өткен аптадағы елеулі оқиға – теңге бағамының өзгеруіне қатысты бастаған әкім баға өсімін қадағалау жөнінде облыстық штаб құрылғандығын, облыстағы кәсіпкерлердің бұл жағдайға түсіністікпен қарағанын атап өтті. Осы негізде 15-тен астам көтерме саудамен айналысатын кәсіпкерлермен меморандумдарға қол қойылып, екі аралықта тауар бағаларын негізсіз көтерген 8 кәсіпкердің істері әкімшілік сотқа жіберілген.
Мұнайлы аймақ өткен жылды жақсы көрсеткіштермен қорытқан. Өңір экономикасы 2,3 пайыз, жалпы өңірлік өнім 102,3 пайыз өсім құраса, мемлекеттік бюджетке түсетін салықтар мен төлемдер бойынша да Маңғыстау облысы межеден биік көрсеткішке қол жеткізе алған. Өткен жылы облыстың өндірістік кәсіпорындары
2 трлн. 273 млрд. теңгенің өнімін өндірген.
Маңғыстау экономикасы, өндірісі туралы айтқанда, мұнай-газ саласы алдымен ауызға оралады. Мұнай өндіру көлемі артып, 18 млн. тоннаға жеткенмен, табиғи газ өндіру деңгейі 4,1 пайызға төмендеген. Аймақ басшысы бұл жағдайдың облыстың газбен қамтылуына ешқандай әсерін тигізбейтіндігін жеткізді.
Өңдеуші өнеркәсіп секторында өсімге қол жеткізген облыста сыртқы сауда айналымы
9 млрд. АҚШ долларын құрады. Теңіз жолының қақпасы атанған Ақтауда Ресей, Әзербайжан, Иран, Түркия, Еуропа Одағы елдері, Біріккен Араб Әмірліктері елдерімен сауда саласында тығыз байланыс орнағандығын айта кету керек.
Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында
өңірлерге шетелдік инвестициялар мен технологияларды көптеп тарту бойынша тапсырма берді. Бұл бағытта арғы жылғы нәтижеден артық көрсеткіш көрсеткен аймақтың экономикасына өткен жылы 439 млрд. 600 млн. теңге инвестиция тартылған. Туризм, өңдеуші өнеркәсіп, мұнай-газ салаларындағы жаңа жобаларды іске асыру мүмкіндігі мол Маңғыстауға шетелдік инвесторлардың қызығушылықпен келетініне сенім бар. Қазірдің өзінде Ақтауда Түркия, Түрікменстан, Әзербайжан, Иран мемлекеттері консулдықтарының ашылуынан осыны аңғаруға болады.
Индустриялық-инновациялық жобалар туралы айтқан әкім күні бүгінге дейін
инвестиция салымы 174 млрд. 900 млн. теңге болатын 24 жоба жүзеге асырылып, 2114 тұрақты жұмыс орны ашылғандығын жеткізді. Еліміздің жол құрылысына оң әсерін тигізетін «Каспий Битум» және серпінді жобалардың бірі Шетпе кентіндегі цемент зауыты өңірде импортты алмастыруға, экономиканы әртараптандыруға мүмкіндік бермек.
Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, «Бизнестің жол картасы-2020», жұмыспен қамту бағытындағы атқарылған жұмыстар мен нәтижелерге тоқталған А.Айдарбаев келешекте облыста мал шаруашылығында асыл тұқымды мал өсіруге басымдық берілетіндігін, алғаш рет облыста жергілікті ет өнімдерін ірі мұнай кәсіпорындарына нарық бағасымен өткізу туралы келісім жасалғандығын айтты.
«2013 жыл Маңғыстау үшін негізгі халықаралық көлік желілеріне қосылған жыл болды. Былтыр ашылған Болашақ-Серхетяка теміржолымен Маңғыстаудан Түрікменстанға, Иранға, Парсы шығанағы елдеріне, одан әрі әлемдік рынокқа бидай салынған жүк тасымалданып жатыр», деген әкім «Бейнеу-Жезқазған» теміржолының құрылысына, өңір дамуында стратегиялық маңызы бар автомобиль жолдары құрылысына тоқталды.
Оның айтуынша, биыл «Бейнеу-Шетпе-Ақтау» автожолын қоспағанда, облыс аумағында 123 шақырым жол толықтай жөндеуден өткізілетін болады.
Есеп одан әрі Ақтау халықаралық теңіз-сауда порты мен оны солтүстік бағытқа кеңейту әрекеттері, Құрық, Баутино порттарындағы жұмыстар, «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағындағы істер, аймақта «Ақ бұлақ» бағдарламасының жүзеге асырылуы бағытындағы жұмыстар жайлы сөз сабақтаумен өрілді. Тұрғын үймен қамту, білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы жасалған жұмыстар мен кездесетін қиындықтар, оларды еңсеру жолдары, жетім балалар жайы айтылды. Спорт, мәдениет, қоршаған ортаны қорғау, экологиялық қауіпсіздік мәселелері
назардан тыс қалған жоқ.
Телекөпірге қатысушылар тарапынан қойылған геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге, әлеуметтік салаға, туризмге, жер телімдеріне, жолға, азық-түлік бағасының тұрақтылығына, өзге де сұрақтарға жауап берген әкім өңірде Елбасының «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауын жүзеге асыру аясында жұмыстар жалғаса беретіндігін жеткізді.
Қай іске де сенім қажет. Сенім серпінге бастайды. Тетігін таба білсе, Маңғыстаудың әлеуеті талай биікке жеткізетініне сенім бар, серпін де сезіледі.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Маңғыстау облысы.