Аталған іс-шараны Nur Otan партиясының қолдауымен «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында Қазақстан мүгедектер конфедерациясы ұйымдастырды.
Нияз Сүндетәлиевтің есімі Қарағанды облысының тұрғындарына жақсы таныс. Ол қазір Қарағанды облысы әкімінің мүгедектігі бар адамдар мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі болып қоғамдық қызмет атқарады. Мүмкіндігі шектеулі жандардың жеке табысқа ұмтылып қана қоймай, елдің дамуына да өзіндік үлес қосып жүргенін дәлелдеуді алдына мақсат етіп қойған белсенді жастың бірі.
«Жан шуақ» сыйлығын ұйымдастырушылар Нияз Сүндетәлиевтің мүгедектерге қатысты стереотиптерді жоюдағы қажырлы еңбегіне лайықты баға берді.
– Нияздың қоғам дамуына қосқан үлесін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та жоғары бағалады. Ол «Қайнар» және «Алтын жүрек» сыйлықтарының иегері. Оның үлгісі еліктеуге және құрметтеуге тұрарлық, – деп атап өтті олар.
Марапаттау кешінде сөз алған Нияз Сүндеталиев өзінің және айналасындағы адамдардың өмірін жақсартуға ұмтылатын мүмкіндігі шектеулі жандарға сенетінін атап өтті.
– Бұл залға жиналғандар шын мәнінде өздерінің күш-қуатын, өмірге деген сүйіспеншілігін іспен дәлелдеп жүрген жандар. Салтанатты шараға еліміздің барлық аймағынан қатысушылар келді. Бүгінде мүмкіндігі шектеулі жандар өмірдің көптеген саласында жоғары нәтижелерге қол жеткізіп жүр, олар үшін бәріміз де қуаныштымыз. Әрқайсымыз ерекше қажеттіліктері бар адамдарды тең жағдайда қабылдап, инклюзивті мемлекет құруға үлес қосуымыз керек, – деді қайсар да белсенді жас.
Еске салсақ, дәстүрлі «Жан шуақ» сыйлығы еліміздің мәдени, спорттық және қоғамдық өміріне белсенді қатысатын мүмкіндігі шектеулі жандарға, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға белсене араласатын қазақстандықтарға беріледі.
ҚАРАҒАНДЫ