Аймақтар • 10 Қараша, 2021

Жайықта тілдің жайы қалай?

361 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысы тұрғындары­ның 92 пайызы мем­ле­кет­тік тілді меңгерген. Жақында жүргізіл­ген әлеуметтік зерттеу нәтижесін жария еткен облыстық тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Светлана Ғаниева осылай деп мәлімдеді.

Жайықта тілдің жайы қалай?

Өңірде қазақтардың үлесі 80 пайызды құрайды. Ал жоға­рыдағы көрсеткіш жұмсартып айтқанда «қағаз жүзінде ғана бар жетістік» емес пе? Соңғы кезде елімізде мемлекеттік тіл­дің қолда­нысына байла­ныс­ты бірнеше жағымсыз оқиға бол­ды. Көрші мемлекет «Қазақ­стан­да орыс тіліне қысым жа­са­ған» бірнеше тұлғаны persona non grata жариялап, ел аума­ғына кіруіне тиым салды. Лауа­зымды тұлғалар бірнеше мә­лімдеме жариялап, БАҚ бетін­де қызу талқылау жүрді. Міне, осы жағдайлар Ресей Феде­ра­циясының 5 губерниясымен шек­тесетін Батыс Қазақстан облысына қалай әсер етті?

– Жоқ, біздің өңірде мемле­кеттік тіл саясаты жоспар бойынша жүріп келеді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Қа­зақ­стан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жыл­дарға арналған мемлекеттік бағ­дар­ламасы» бар. Елбасының «Бола­шақ­қа бағ­дар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» ат­ты мақа­ла­ларындағы ұлттық сана, үштіл­ділік және латын әліп­биіне көшу талабы, ұлт­тық құндылықтарды сақтау бағы­тындағы мәселелер де басты назарымызда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бә­рінен қым­бат» атты мақаласында: «Мем­ле­кеттік тілді білу – Қазақ­стан­ның әр­бір азаматының парызы. Міндеті деп айту­ға болады» де­ген еді. Ендеше қазақ тілі­­нің барлық салада дамып, ұлттық бірлік­тің ұстыны болуы үшін күн сайын ең­бек етіп келеміз, – дейді біздің кү­дігі­мізді сейілтіп Светлана Ғаниева.

Көп кешікпей Ел Тәуел­сіз­дігінің 30 жылдығын атап өткелі отырмыз. Алыс­қа бармай-ақ дәл осы 30 жыл бедеріне қа­расақ, Батыс Қазақстан облысында тіл саясатында қанша өзгеріс болды! Қара­көзі 10 пайыздан аспайтын Орал қаласы адам танығысыз өзгерді. Бүгінде өңірде жұмыс істеп тұрған 372 білім ордасының 68%-ы мемлекеттік тілде қызмет етеді екен.

«Біз мемлекеттік тілді оқып-үйре­неміз деген ниеті бар адам­ға барлық жағ­дайды жасап қой­дық. Соның нәти­жесінде соң­ғы үш жыл ішінде 4 мыңға жуық адам тегін тіл курсын тәмам­дады. Қазақ тілінің ұлт­аралық қарым-қатынас құра­лы ретіндегі маңызын насихаттау үшін «Мемлекет­тік тіл – тәуелсіздік символы», «Ме­нің Отаным – Қазақ Елі» және «Мақал – сөздің мәйегі» бай­қауларын, «Тілге құрмет – ел­ге құрмет» челленджін, «Мен қазақша сөйлеймін» акция­сын ұйым­дастырдық. Осы ша­ра­ларға 500-ден астам өзге ұлт өкіл­і қатысты», дейді Свет­лана Ғаниева.

Биыл Батыс Қазақстан об­лыс­тық тіл­дерді дамыту бас­қармасы жанынан «СөйлеТimе» клубы ашылған екен. Оның да мақсаты – қазақ тілін жетіл­дір­гісі келген өзге этнос өкілдеріне кө­­­мек­­тесу, қазақ тілін грамматикасыз, тұр­­мыстық деңгейде ауызекі сөйлеуге үйрету. Клуб мүшелері халыққа қызмет көр­се­ту орындарында – кітапха­на, асхана, шаштараз, вокзал, емханаларға барып, ер­кін сұхбат жүргізіп, қызық тәжі­рибе жасаған. Осындай 14 сұх­бат­тың бейнеролигі дайын­да­лып, әлеу­меттік желілерде ­жа­рияланды. Түрлі әлеу­меттік нысандарға барып, халық­қа мем­лекеттік тілде қызмет көр­сету қажет­тігін насихаттаған «СөйлеТime» клубы мүшелері түрлі ұлт өкілдерінен құралған. Сондықтан да олардың қазақ тілін дамыту туралы талап-тілегі оң қабылданған.

Ресей Федерациясы демек­ші, ол ел­де тұратын қазақ диаспорасы өкіл­дерімен әдеби-мәдени байланыс соңғы жылдары жүйелі жолға түскен. Ре­сей қазақтарының ұлттық біре­гейлігін сақтау, рухани жә­не тарихи-мәдени мұраны нығайту, сондай-ақ оларға ана тілін үйренуде әдістемелік және ұйым­­дастырушылық қол­­дау көрсету мақ­са­тында Аltyn kópir халықаралық фес­­ти­валі бірнеше жылдан бері ұйым­дас­тырылып жүр.

Биыл осы шараға Ресей Фе­дера­циясының Самара, Сара­тов, Орынбор, Қорған облыс­тарынан қазақ жастары шақы­рылған еді. Атажұртқа аяқ бас­қан қыз-жігіттер жергілікті лингвист ға­лымдармен, өлке­танушылармен, қол­өнер бағы­тында қызмет ететін кәсі­би ма­мандармен, оралдық жас­тар қоғам­дық ұйымдары көш­­бас­шыларымен кез­десіп, түр­лі тақырыптық шараларға қа­тыс­ты. Фестиваль аясында олар облыс аума­ғындағы тарихи-мә­дени нысан­дарға саяхат жасап, ұлттық аспаптар, ұлттық би, ұлттық сәндік-қолданбалы өнер хақында шеберлік сабақтары өтті.

Сонымен қатар 2021 жылдың нау­рыз айынан бастап ана тілін меңгеруге ниет білдірген Ресей Федерациясында тұратын қа­зақ диаспорасы өкілдеріне онлайн 100 сағат, офлайн 8 сағат көле­мінде қазақ тілінен А2 дең­гейінде 25 адамға арналған тегін сабақ жүргізілген.

Міне, мұның бәрі Батыс Қазақ­стан облы­сында мем­­лекет­­­тік тілді дамы­ту ісі шекара сыр­тын­дағы қан­дас­­тарымызды да қамтып жат­қанын көрсетеді.

Өңірде мемлекеттік мекемелер 2006 жылдан бастап қазақ тілінде іс жүргізуге көшкен бо­латын. Қазір облыс бойын­ша құжат айналымындағы мем­лекеттік тілдің үлесі 2021 жыл­дың 3-тоқсанында 96 пайызды құраған.

Тіл саясатының маңызды бағы­ты­ның бірі – ұлттық ономастика. Егемен­дікке қол жет­кізген 1991 жылдан бү­гінге дейін өңірде идеологиялық тұр­ғыдан ескір­ген немесе мән-мағы­насын жоғалт­қан 5 аудан, 95 елді мекен, 1726 көше атауы өз­гер­тілген! Орал қала­сын­дағы 832 көше­нің 627-сі (75%) ұлттық реңкте.

– Орал қаласында жеке­ле­ген азаматтар тарапынан мем­лекеттік тілдің қол­да­­­нылуына байланысты та­лап-тілек болса, қалай қабыл­да­нады? Бұл мә­селеде дау-дамай туындаған жоқ па? – деп сұра­дық біз об­лыстық тіл басқар­масы басшы­сынан.

– Бұл мәселені біз Батыс Қазақстан облысының Кәсіп­керлер палатасымен бірлесіп шешіп келеміз. Палата мен тіл басқармасы арасында әріптес­­тік жөнінде 5 жылға меморандум­ға қол қойылған болатын. Сон­дықтан жекелеген азаматтар, «Тіл инспекциясы» мүшелері анықтаған кемшіліктер болса, оны жоюға Кәсіпкерлер па­латасы тікелей араласады. «Қа­зақстан Республикасындағы тіл туралы» заңы­ның 21-ба­бының орындалуы да ұда­йы бақылануда. «Тіл инс­пек­­ция­сының» да негізгі мақ­саты кәсіп­кер­лердің ­айыбын ашу емес, тіл заңы бұ­зылған жер­де үкіметтік емес ме­ке­ме­­лерге, кәсіпорындар мен қала тұр­ғын­дарына ақпараттық және әдістеме­лік кө­мек беру, ақ­параттық-насихат­тық жұ­мыс жүргізу арқылы мемлекеттік тіл­­­дің қолданылу аясын ке­ңейтуге және қазақ­­ша тілдік ор­таны дамытуға ықпал ету, – дейді Светлана Ғаниева. Биыл орал­дық «Тіл инспекция­сы» еріктілер тобы облыс орта­лығында орналасқан 300-ге жуық нысанға әдістемелік кө­мек көр­сетіп, кемшіліктерді түзету мақ­­­сатында ескерту хат, жадынамалар тарат­қан.

Ұлы ойшыл Шәкәрім Құ­дай­берді­ұлы­ның бір шығар­ма­сында: «Тәмам жан­ның мінін айт, Жалған айтпай шынын айт, Аяп, ішің жылып айт – Адамды бастыр ілгері» дейтін жолдар болушы еді. Шынында да көзге түскен кемшілік, мін туралы аяу­шылықпен, ішің жылып отырып айтылса, оның әсері де бөлек болады екен.

 

Батыс Қазақстан облысы