Аймақтар • 10 Қараша, 2021

«Бір қабатты Шығыстың» шарапатын көріп отыр

434 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Облыста 2020 жылдан бастап «Бір қабатты Шығыс» өңірлік жобасы қолға алынып, әр ауданда тұрғын үйлер бой көтере бастаған. Әлеуметтік тиімді жоба аясында бірқатар отбасы баспаналы болып, қуанышқа кенеліп жатыр. Былтыр облыс көлемінде 520 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, биыл 560 мың шаршы метр үй салынып бітуге тиіс.

«Бір қабатты Шығыстың» шарапатын көріп отыр

– Осы жылдың көрсеткіші құ­ры­лыстың алдыңғы қарқынынан 118%-ға артық. 2021 жылы құ­ры­лыс­шылар бұл санды ұлғайтып, 560 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Аудандардағы, қалалардағы тұрғын үй мәселесі «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша оң шешімін тауып жатыр. Жоба мем­лекеттің инженерлік комму­никациялар жүргізуі есебінен жеке тұрғын үйлер құрылысын ын­таландыруға арналған. Бюд­жет есебінен 29 млрд теңге қара­жат бөлу және жеке инвес­ти­цияларды, оның ішінде ха­лық­тың­ шоттарындағы 455 млрд тең­ге, ЖТҚ-дағы 150 млрд тең­ге депозиттік жинақтарды пай­да­лануға мүмкіндік береді. Осы­лайша, мемлекеттік инвестиция­лар­дың 1 теңгесіне 5 теңгеге жуық жеке капитал салынбақ, – дейді облыс әкімі Даниал Ахметов.

Тарқатып айтсақ, 2020 жылы облыста жеке инвесторлар есебі­нен ауданы 36,6 мың шаршы метрді құрайтын бір қабатты 206 үй, 382 пәтер пайдалануға бе­рілді. Айта кетерлігі, пәтер кілттері көпбалалы отба­сы­лар­ға, әлеуметтік осал топтағы аза­маттарға, бюджет қызметкер­ле­ріне табысталды. Аудан басшы­лық­тары да «Бір қабатты Шығыс» жобасымен салынып жатқан әр үйдің сапасына жіті көңіл бөліп отыр.

Айта кетерлігі, бұл өңір­лік жоба бұрынғы аудан орталық­тарын­да да жүзеге асып жатыр. Былтыр бұрынғы аудан орта­лық­тарында 32 үй, 58 пәтер пайда­лануға берілген. 2020 жылы жалпы «Бір қабатты Шығыс» бағдар­ла­масы бойынша 2 мыңнан астам тұрғын жаңа үймен қамтамасыз етіл­ді. Биыл жеке инвесторлар есебінен 1 215 пәтерлі, 712 бір қа­батты үйдің құрылысы жүріп жатыр. Оның 225 пәтері «Отбасы банкі» АҚ арқылы кезекте тұрған азаматтарға сатуға арналған.

Аталған жобаны іске асыру үшін облыста 21 тұрғын алабы­ның жоспары бар. Оның 13 тұрғын алабында инженер­лік-ком­муни­ка­циялық инфрақұрылым тарту жұмыстары жүргізілуде. Инже­нер­лік желілермен және олардың құрылысына қажет қаражатпен қамтамасыз етілуіне байланыс­ты, тұрғын алаптары 3 кезеңге бө­лінген. Оған 29 млрд теңге бюд­жет қаражатын бағыттау жоспарланған.

– «Бір қабатты Шығыс» бағ­дар­ламасымен баспанаға қол жет­кіздік. Кілті елорда күніне орай табысталды. Үйдің сапасы жақсы, жайлы. Басты мәселе – бас­пана болғандықтан, үйлі болып жатқан отбасылардың бәрі риза деп ойлаймын. Халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бағдарламалар көп болса екен, – дейді Жарма ауданы, Қалбатау ауылының тұрғыны, көпбалалы ана Лаура Раисова.

Жарма ауданында 2019 жылы жалпы сомасы 99 млн теңгеге екі пәтерлі 5 тұрғын үй, яғни 10 пәтер сатып алынды. Аталған пә­терлер Жарма ауданының ком­му­налдық тұрғын үй қорынан жалға берілетін тұрғын үй кезе­гін­де тұрған азаматтарға, атап айтқанда көпбалалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға ке­зекпен берілді. Ал 2020 жылы Жарма ауданында «Бір қабатты Шығыс» өңірлік жобасы аясында аз қамтылған көпбалалы от­басыларға коммуналдық тұрғын үй қорынан 24 екі пәтерлі тұрғын үй сатып алуға облыстық бюджеттен 540,4 млн теңге бөлінді. Оның ішінде Қалбатау ауылында екі пәтерлі 19 тұрғын үй (38 пәтер) халық игілігіне тапсырыл­са, Шар елді мекенінде екі пәтерлі 5 тұрғын үй (10 пәтер) сатып алынды.

2021 жылы Жарма ауданы бо­йынша «Бір қабатты Шығыс» өңірлік жобасымен жеке инвес­тор­лар есебінен көпбалалы аз қамтылған отбасылар мен ха­лық­тың басқа да әлеуметтік осал топ­­тары үшін жалпы ауданы 2 510 шаршы метр болатын екі пәтерлі 15 тұрғын үйдің (30 пәтер) құрылысы жүргізілді. Қалбатау ауы­лында – 9 үй (18 пәтер), Шар қа­ласында – 6 үй (12 пәтер) бой көтерген. Бұл тұрғын үйлердің жалпы құны 357 млн теңгені құраған.

2022 жылы Жарма ауданы бойынша жеке инвесторлар есе­бінен екі пәтерлі 13 тұрғын үй (26 пәтер) салу жоспарланып отыр. Оның ішінде 20 пәтер – 85 шаршы метр, 6 пәтер – 65 шаршы метрге жобаланған. Бүгінгі таңда жоғарыда аталған үйлердің құ­ры­лысы бойынша тиісті келісім­шарттар жасалып, 13 екі пәтер­лі тұрғын үйдің құрылысы бас­­талып кеткен. Алдын ала жос­­пар­ланғандай, екі пәтерлі 3 тұрғын үй халықтың әлеуметтік осал топ­тарына жататын толық емес отбасыларға, мүгедек баланы және жетім балаларды тәрбиелеп отырған 1-2 топтағы мүгедектерге беріледі. Ал екі пәтерлі 10 тұрғын үй көпбалалы отбасыларға және кезекте тұрған азаматтардың бас­қа да санаттарына арналып салынып жатыр. Сонымен қатар Шар кентінде екі пәтерлі 6 тұрғын үй­дің құрылысы жүріп жатыр.

2021 жылы Үржар ауданында жергілікті жеке инвесторлар есебінен «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында екі пәтерлі 43 бірыңғай үлгідегі тұрғын үй­дің құрылысы жүргізілді. Бой көтерген 22 үй Үржар ауылында, 15 үй Мақаншыда, 6 үй Таскескен ауылында салынды. Құрылысқа жер телімдерін жергілікті атқа­ру­шы орган бөлген. Халықты баспанамен қамту мақсатында жү­зеге асырылып жатқан бұл жұ­мыс келесі жылы да жалғасын та­бады. Халықтың әлеуметтік осал топтары мен мемлекеттік қыз­меткерлер үшін жеке инвесторлар есебінен қаржыландыру мәселесі шешілсе, 10 үй Үржар ауылында, 3 үй Мақаншы, 2 үй Таскескен ­ауылында салынады.

Жоғарыда айтып өткендей, аталған бағдарлама облыстың барлық ауданында жүзеге асып жатыр. Бұл, біріншіден, баспа­наға кезекте тұрған отбасыларға беріледі. Мәселен, Күршім ауда­нын­да мемлекеттік тұрғын үй қо­рынан баспана алуға көпбалалы – 65, әлеуметтік осал топ са­на­тынан 129 азамат кезекте тұр. Күршімде 2020 жылы «Жұ­мыс­пен қамтудың жол картасы» бағ­дарламасы шеңберінде екі пәтерлі 10 тұрғын үйдің құрылысы бас­тал­ған. Күршім ауданында 1990 жылдардан кейін тұрғын үй құ­рылысы жүргізілмеген екен. Был­тыр алғаш рет «СK-KazAlem» ЖШС тұрғын үй құрылысын бас­тады. Сондай-ақ биыл Күр­шім ауылында жеке құрылыс са­лу­шылардың қаражаты есе­бі­нен екі пәтерлі 9 тұрғын үйдің іргесі қаланды. Күршім ауда­нын­дағы 2020-2025 жылдарға арналған тұрғын үй құрылысы саласындағы мемлекеттік бағдар­ла­малардың жүзеге асырылуы көрсеткіштеріне тоқталар бол­сақ, 2021 жылы тұрғын үйді пайдалануға беру жоспары 5 960 шаршы метрді құрады. Оның ішінде жеке кәсіпкерлер есебінен тұрғын үйлерді беру жоспа­ры – 2 160 шаршы метр. Шекара ­ше­­біндегі Марқакөл ауылында 2 пә­­тер­лі 5 үй (10 пәтер), Күршім ауы­лында 2 пәтерлі 3 үй (6 пәтер), Ақсуат ауылында 2 пәтерлі 2 үй­дің (4 пәтер) құрылысы жүріп жатыр. Тәуелсіздіктің 30 жыл­­ды­­ғына орай жуықта Ақсуат ­ауы­­лында салынған үйлердің кіл­ті көп­балалы төрт отбасына бе­рілді.

Сондай-ақ «Бір қабатты Шы­ғыс» өңірлік бағдарламасымен Бесқарағай ауданында көп­бала­лы отбасыларға, әлеу­мет­тік осал топтағы тұрғындар мен медицина қызметкерлеріне, баспаналары апаттық жағдайда тұрған азаматтарға жаңа 24 үй берілді. Бақыттың кілтіндей болған бас­па­наның кілті үлестірілгенде, тұр­­­ғындардың қуанышында шек бол­­мады. Бесқарағай ауданында был­тыр да жаңа 36 үйдің кілті көп­­ба­лалы отбасыларға, халықтың әлеу­­меттік осал топтарына және же­­тім балаларға берілген болатын.

Жасыл желекке оранған Бес­қа­рағай, көрікті көл жағасын­да­ғы Зайсан, өр Алтайдың қос ете­гін кемерлей қоныстанған Катон­қарағай мен Күршім, киелі Тарбағатай сынды аудандарда қаз-қатар бой көтерген сәулет­ті үйлер алыстан көз тартады. Көрікті елді мекендердің көркін одан сайын аша түсті. Ең бастысы, халық баспанаға қол жеткізіп жатыр.

 1

 

Шығыс Қазақстан облысы