Өнер • 10 Қараша, 2021

Үстірт үстіндегі ой

477 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қалай десеңіз де, қазақ даласын шарлаған адам не суретші, не ақын болатыны анық. Олай болмаған жағдайда да, аузынан суы ағып, азанға дейін әңгімелер еді. Этнограф ғалым Григорий Потанин: «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай болады», деп тегіннен-тегін айтпаса керек. Жер жүзін аралаған ойшыл орыстың осыншама тамсануының астарында үлкен махаббат жатқаны анық.

Үстірт үстіндегі ой

Ендігі әңгіменің бағыт-бағ­дары белгілі суретші Евге­ний Фридлиннің «Каменка үстірті» картинасына қарай ойыспақ. Павлодарлық қылқалам ше­берінің барлық картинасы қалалардың, көшелердің, же­келеген ғимараттардың, таби­ғаттың және адам тұрмысының тари­хынан таған тартады. Ол өзінің көрген-білгенін жүрек көзінен өткізуге шебер. Соны­сымен де ерекше іспетті.

Автор туындыларында та­биғаттың райы мен болмысын сәтті көрсете біледі. Өзі бір сұхбатында «Алматы менің жү­регіме өте жақын, ондаған жыл бойы біздің оңтүстік астана­мызды сүйсіне отырып жазып келемін», деп айтқаны бар. Оған керемет сәулет өнері пен қаланы қоршап тұрған тұмса табиғаттың ғажайыптары шынайы шабыт сыйлайтындай.

 Евгений Фридлин «Ка­менка үстірті» картинасында тау пейзажы жанрына бет бұрады. Алып таудың етегінде ауыл орналасқан. Ол көк мұнар ішінде көзге алыстан түседі. Көпқабатты үйлердің шатырлары ақша бұлт тәрізді аспанға ұмсынып тұр, көрерменге ағаш бойына оранған көшелерді меңзейді.

Суретші картинаның ал­дыңғы планын жасыл түсті үде­­мелете отырып, қанық бояу­мен жазған. Буырқанған көк реңкпен үйлерді бейнелей отырып, серпінді түстік акцент береді. Түстің қанықтығы бір­те-бірте әлсірейді де, кө­рер­­мен алыстағы орманды тау­дың қалай пайда болғанын көреді. Көгілдір таулардың басы біртін­деп бұлтқа оранып, ағара береді. Турис­тердің, тіпті қазақстандықтардың үнемі таңданысын тудыратын жаздағы қарлы алып шыңдар мен қалың көк шөптің қарама-қайшылығын әдемі жеткізген. Картинаның құпиясы осында.

Қар, бозғылт аспандағы бұлт, бұ­­лардың барлығы сал­қындық пен ызғарды, сүттей пәк сұлулықты сипаттап тұр. Таулар ешқашан іш пыстырмайды. Олар қандай да бір сыр­ды, көзге көрінбейтін бас­қа шындықты жасырып тұра­тын­дай.