Экономика • 10 Қараша, 2021

Экономиканың қалпына келуі жеделдей түсті

371 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында бірінші кезекте әдеттегідей елдегі санитарлық-эпидемиялық ахуал қаралды.

Экономиканың қалпына келуі жеделдей түсті

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Коронавирусқа қарсы ревакциналау басталады

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой санитарлық-эпи­де­миялық жағдай тұрақ­ты бо­лып тұрғанын айтты. Вирус­тың реп­родуктивті индексі 0,90 құ­райды. Инфекциялық төсек­тер 30%, реанимациялық төсек­тер 26% толы. Коронавирус ин­фек­циясының таралу қарқыны бо­йынша Шымкент қаласы, Ақ­төбе, Атырау, Алматы, Батыс Қазақ­стан, Түркістан, Жамбыл, Қызыл­орда, Маңғыстау және Шығыс Қазақстан облыстары «жасыл аймақта», Нұр-Сұлтан және Ал­маты қалалары, Ақмола және Қа­ра­ғанды облыстары «сары аймақ­та» орналасқан. Қостанай, Павло­дар және Солтүстік Қазақстан об­лыс­тары «қызыл аймақта» тұр.

Бүгінгі таңда шамамен 8,5 млн адам вакцинаның бірінші компонентін, 7,7 млн-нан астам адам екінші компонентін алды.

Еуропаның бірқатар елінде, сондай-ақ Қазақстанмен шекаралас мемлекеттерде сырқаттану­шылықтың өсуін ескере отырып, Үкімет басшысы санитарлық талаптар шараларының жап­пай сақталуын қамтамасыз етуді, мониторингтік топтардың талап­тар­дың сақталуын бақылау жөнін­дегі жұмысының тиімділігін кү­шейтуді және бұзушыларға қатаң шаралар қабылдауды тапсырды. «22 қарашадан бастап бұған дейін екпе алған азаматтарды ревакциналау басталады. Осыған байланысты егу пункттерінің, медициналық ұйымдардың және медицина қызметкерлерінің дайы­н­дығын қамтамасыз ету қажет» деді А.Мамин.

Өсу көрсеткіші 3,5%-ды құрады

Үкімет отырысында еліміздің 2021 жылғы қаңтар-қазандағы әлеуметтік-экономикалық да­муы­ның және республикалық бюд­жеттің атқарылуының қорытын­дылары қаралды. Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев, Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев экономиканың дамуы, ақша-несие саясаты, респуб­ликалық бюджеттің атқарылуы, мем­лекеттік сатып алудағы жергі­лікті қамту туралы баяндады.

Ұлттық экономика министрі Ә.Ерғалиевтің айтуынша, биылғы қаңтар-қазан айларында Қазақстан экономикасының өсу көрсеткіші 3,5%-ды құрады. Осы есепті ке­зең­де негізгі трендтер бойынша қызмет көрсету секторындағы өсу қарқынының жеделдеуі, өң­деу өнеркәсібі мен құрылыс сала­ларының экономиканың өсуі мен тұрақтылығының драйверлері болып қала беруі, экспорттың жоғары өсім динамикасы, өндіру­ші емес секторлардағы жоғары ин­вестициялық белсенділіктің сақ­талуы байқалуда. «Осы жыл­дың қаңтар-қазанында нақты сек­тордағы өсім 2,9% құрады. Қызмет көрсету саласында іскер­лік белсенділік 3,4%-ға дейін өс­ті. Салалар арасында ақпарат және бай­ланыс, сауда, сумен жаб­дық­тау, құрылыс, электрмен жаб­дықтау, өңдеу өнеркәсібі жоғары өсім көрсетуде», деді Ә.Ерғалиев.

Ішкі және сыртқы инвестиция­ларды тарту экономикалық өсудің маңызды факторы болып қалып отыр. Бұл ретте өндіруші емес са­лалар инвестициялар бойынша тар­тымды бағыт болып сақталуда. «Биылғы 10 айда негізгі капи­талға инвестициялардың өсу қарқыны 2,5%-ды, оның ішінде тау-кен өнеркәсібін есепке алма­ғанда, негізгі капиталға инвести­циялардың өсу қарқыны 14%-ды құрады. Инвестициялар, құрылыс саласында – 2,2 есеге, өңдеу өнеркәсібінде – 78,6%-ға, ауыл шаруашылығында – 41,9%-ға, сау­дада – 31,4%-ға, жылжымайтын мүлікпен операциялар саласында – 17,4%-ға және қаржы саласында – 12,1%-ға өсті. Өңірлер ара­сында ең жоғарғы көрсеткіш Шымкент, Алматы қалаларында және Ақтөбе, Павлодар, облыстарында байқалуда» деді министр.

Биылғы қаңтар-қыркүйекте сыртқы сауда тауар айналымы 72,8 млрд долларды құрады, оның ішінде экспорт бойынша көр­сеткіш 43,3 млрд долларға дейін жетті. Бұл ретте өңделген тауар­лар экспорты 25,5%-ға өсіп, 14 млрд долларға дейін жетті. Тауар­лар импорты 29,5 млрд долларды құрады. Жалпы, оң сауда балансы өткен айға қарағанда 1,8 млрд өсіп, 13,8 млрд долларды құрады.

Өңдеу өнеркәсібінде тұрақты өсу үрдісі сақталуда. Биылғы қаң­тар-қазанда сала бойынша өн­ді­ріс көлемі 5,3%-ға өсті. 14 өңір бойынша оң өсу көрсеткіші тір­келді. Ең жоғарғы өсу Алматы қала­сында, сондай-ақ Алматы, Қостанай және Қызылорда облыс­тарында байқалуда.

Ұлттық банк төрағасы Е.Досаев әлемдік экономикада пан­­­де­­мияға негізделген сұраныс пен ұсы­ныстың теңгерімсіздігі, шикі­­зат пен азық-түлік тауар­лары­­­на бағаның жоғары болуы инфляцияның өсуі­­мен қатар жүретін қалпына келу жалға­сып жатқанын айтты. «Жал­пы, әлем­дік инфляция ая­сы жоға­ры болып қалып отыр. Да­мы­­ған және дамушы елдер көп жыл­дық ең жоғары көрсет­кіш­­тер­дің жаңаруын тіркеуде. Биыл­­ғы қыр­күйекте АҚШ-тағы ин­фля­­ция рекордтық 5,4%-ға дейін, қазан­да Еуроодақ пен Ресей Феде­ра­циясында тиісінше 4,1%-ға және 8,1%-ға дейін өсті», деді Е.Досаев.

Е.Досаевтың айтуынша, елі­міз­де қазанда айлық инфляция 0,7% болды. Жылдық инфляция азық-түлік бағасының 11,5%-дан 11,3%-ға дейін баяулауы аясын­да соңғы 6 айда алғашқы рет өсімін тоқтатып, 8,9% деңгейінде сақталды. Бұл ретте азық-түлікке жатпайтын инфляция 7,5%-дан 7,8%-ға дейін, ақылы көрсетілетін қыз­мет инфляциясы 6,8%-дан 6,9%-ға дейін жеделдеуін жалғас­тыр­ды. Жаңа өскен көкөніс баға­сы маусымдық 5,5%-ға (үлес – 0,3 пайыздық тармақ) және жұмыртқаның бағасы 7,2% өсуі арқылы азық-түлік инфляциясы 0,7%-ды құрады. Қияр мен қызанақ бағасы 22%-ға жоғары өскенін көрсетті. Құс фабрикаларында өндіріс көлемінің қыс­қаруынан, жем құнының артуы­нан, сондай-ақ 2022 жылдан бас­тап субсидияларды алып тастау ықтималдығынан жұмыртқаның бағасы өсті. «Дизель отынының бағасы 16,6%-ға немесе 34 теңгеге күрт өсуінен азық-түлікке жатпайтын инфляция бір айда 1% болды. Дизель отыны бағасы­ның айтарлықтай өсуі осы жылғы қазанда жылдық инфляцияны төмендетуге мүмкіндік бермеді. Іскерлік белсенділіктің қалпына келуі және көрсетілетін қызмет секторында өзіндік құнның ұл­ғаюы аясында ақылы қызмет инфля­циясы 0,5% болды. Осы жылғы 9 айда қызмет өндірудің нақты көлемінің индексі 2,9%-ға өсті. Қазанда жылдық инфляция­сы жеделдеген өңірлердің саны 13-тен 7-ге дейін (17-ден) төмен­деді. 6 өңірде жылдық инфляция баяулады және 4 өңірде осы жыл­ғы қыркүйектегі деңгейде сақ­талды», деді Е.Досаев.

Өңірлердегі азық-түлік баға­сының өсуін тұрақтандыру инфля­­цияның монетарлық емес фак­тор­ларын ұстап тұруға бағыттал­ған Инфляцияға қарсы ден қою шара­лары­ның кешенін Үкімет және әкім­дік­тердің тарапынан іске асыру нә­ти­жесі болып санала­ды. Баға тұ­рақ­тануының алғашқы белгі­лерін­е қарамастан, инфляция аясы әлі де болса жоғары болып қалуда.

Мемлекет басшысы 2021 жы­лы инфляцияны 8,5%-ға дейін тұ­­рақ­тандыру бойынша қой­ған мін­­детке жету үшін соңғы екі ай­да жи­нақ­талған инфляция 1,4%-дан ас­пауға тиіс. Соңғы 5 жыл­да жи­нақ­талған инфляция қара­ша-желтоқсанда тарихи тұрғы­дан орта есеппен 1,7% болғанын ес­ке­ретін болсақ, бұл міндет қол же­тер­лік болып келеді. «Бүгінгі таң­да Үкімет пен әкімдіктер әлеу­­­меттік маңызды азық-түлік та­уар­­лары бағасының өсуіне бас­ты назар аударуда. Алайда әлеу­­меттік маңызды азық-түлік тауар­ларының құрамына кірмей­тін, бірақ тұтынушылық бағалар индексінде салмағы үлкен және жылдың соңғы айларында қым­бат­тауға бейім азық-түлік тауар­лары­на да назар аударған жөн. Инфля­цияға қарсы ден қою шара­лары­ның кешені шеңберінде та­уар нарықтарындағы теңгерімсіз­діктерді жою мақсатында жү­йе­лі және алдын алу шараларын қабыл­дау инфляцияны тұрақ­тан­дыруға және 2022 жылы 4-6% нысаналы дәлізге енуге мүмкіндік береді», деді Е.Досаев.

Қаржы министрі Е.Жамаубаев биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік қаржыны орындау көрсеткіштері төмендегі­дей қалыптасқанын хабарлады:

Мемлекеттік бюджетке 8 трлн 719 млрд теңге сомасында кірістер түсті немесе жоспар 102,9% атқа­рыл­ды. Республикалық бюджетке 5,6 трлн теңге түсті немесе жос­пар 100,2% атқарылды. «Жалпы, кірістер бойынша жоспар 13 млрд теңгеге асыра орындалды, оның ішінде салықтар – 24 млрд теңгеге. Бұл ретте салықтық емес түсім­дер 14 млрд теңгеге ат­қа­рыл­мады. Салық бойынша асыра орындаудың негізгі сомалары корпоративтік табыс салығына, пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салыққа және шикі мұнайға экспорттық кедендік бажға тиесілі», деді Е.Жамаубаев.

Корпоративтік табыс салығы бойынша жоспардың асыра орындалуы 666 ірі салық төлеуші бо­йынша мәлімделген аванстық төлемдер сомасының 67%-ға ұл­ғаюына байланысты.

Мемлекеттік бюджеттің шы­ғыс­тары 98,7%-ға, республи­калық бюджеттің шығыстары 99,6%-ға, жергілікті бюджеттердің шы­ғыстары 98%-ға атқарылды. Рес­публикалық бюджет бойынша шығыстар 12 трлн теңгені құрады. Атқарылмау 50 млрд теңгені құрады, оның ішінде 10 млрд теңге – үнемдеу. «Игерілмеудің неғұрлым ірі сомалары Төтенше жағдайлар, Цифрлық даму, инно­вациялар және аэроғарыш өнер­кәсібі, Денсаулық сақтау, Ішкі істер және Қаржы министр­лік­терінде қалыптасты. Игеріл­меудің негізгі себептері: төлем нақты көрсетілген қызмет көлемі бойынша жүргізілген, шот-фак­туралардың, орындалған жұмыс актілерінің уақтылы ұсы­нылмауы, қазынашылық органдарына төлем шоттарын кеш ұсыну, конкурстық рәсімдердің ұзақ өткізілуі», деп түсіндірді Қаржы министрі.

Мәселені қорытындылаған Үкімет басшысы Асқар Мамин Қазақстан экономикасы сенімді өсу қарқынын сақтап келе жат­қанын атап өтті. Биылғы он ай­дың қорытындысы бойынша ІЖӨ өсімі 3,5% құрады. Нақты сек­торда өндірістің орнықты өсу қарқыны байқалып отыр. Осы­лайша, өңдеу өнеркәсібі өнді­рісі­нің көлемі 5,3%-ға өсті. Өсім машина жасауда 19,5%, оның ішінде автомобиль жасауда 23,4%, локомотивтер мен вагондар өндірісінде 59,0%, құрылыс материалдары өндірісінде 9,3%, фармацевтикада 33,6%, пластмасса бұйымдары өндірісінде 36,5%, киім өндірісінде 11,4%, жиһаз өндірісінде 11,8%, дайын металл бұйымдары өндірісінде 16,4% байқалады.

Карантиндік шараларды бір­тіндеп жеңілдетудің нәтиже­сінде қызмет көрсету секторындағы іскерлік белсенділік 3,4% өсім­мен қалпына келген, бұл жағдай байланыс қызметтері (+12,9 %) мен сау­дадағы (+9,5 %) серпіннің жоғары болуына орай қалыптасты.

Құрылыс саласы 7,6%-ға өсті. 10 айда елімізде 11,6 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалану­ға берілді, бұл өткен жылдың сәй­кес кезеңімен салыстырғанда 7,9%-ға артық.

Осы жылғы қаңтар-қазан ай­ларының қорытындылары бойын­ша Алматы және Жамбыл облыс­тары, Нұр-Сұлтан және Шым­кент қалалары барлық 7 негізгі макро­көрсеткіш бойынша Ақ­мола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Маңғыс­тау, Павлодар, Түркістан облыс­тары және Алматы қаласы 6 көр­сет­кіш бойынша, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыс­тары 5 көрсеткіш бойынша әлеумет­тік-экономикалық даму өсімін қам­та­масыз етті. Ең төменгі көрсет­кіш­терге Қарағанды және Батыс Қазақ­стан облыстарында қол жеткізілді.

Үкімет басшысы азық-түлік тауарлары бағасының өсуін тежеуді, отандық өндірісті қолдауды қамтамасыз етуді, инвестиция тартуды, экспортты ілгерілетуді, халықтың жұмыспен қамтылуын сақтауды және тұрақты жұмыс орындарын құруды тапсырды.

31 заң жобасын әзірлейді

Үкімет отырысында Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2022 жылға арналған жоспарының жобасы қаралды.

Осы мәселе жөнінде баян­даған Әділет министрі М.Беке­таев Үкіметтің заң жобалау жұ­мыс­тарының 2022 жылға арнал­ған жоспары 31 заң жобасын әзірлеуді және Парламентке енгізуді көздейтінін, оның ішінде 11-і – бірінші жартыжылдыққа, 20-сы – жылдың екінші жартысына жоспарланғанын айтты. Заң жобалары мемлекеттік қыз­мет, жылу энергетикасы, ден­саулық сақ­тау, білім беру, мәде­ниет және спорт салаларын одан әрі да­мы­­туға және реттеуге, тер­ро­ризм­­ді қар­жы­ландыруға және кіріс­терді заң­дастыруға қарсы іс-қи­мыл тәсіл­­дерін, агломерациялар­ды дамы­туға, азаматтық және қыл­мыс­­тық заңнаманы жетіл­діруге және т.б. бағытталған. «Қазақ­стан Республикасының әлеу­мет­­тік кодексін» және «Тұ­тыну­шылар­дың құқықтарын қор­ғау туралы», «Сәйкестікті бағалау ту­ра­лы», «Кәсіби білікті­лік туралы», «Жылу энергети­касы тура­лы», «Аг­ло­ме­рацияларды дамыту туралы» 5 жаңа заң әзірлеу жоспарда бар.

Үкімет басшысы мемлекеттік органдардың бірінші басшыларына заң жобаларының сапасын және оны Парламентке уақтылы енгізілуін қамтамасыз етуді тапсырды.

Халық санағына белсенді қатысқанын атап өтті

Үкімет отырысында Ұлт­тық халық санағының алдын ала қорытындысы қаралды. Стра­­тегиялық жоспарлау және ре­фор­­малар агенттігінің Ұлттық ста­тис­тика бюросының басшы­сы Нұрболат Айдапкелов халық санағын өткізу жөніндегі жұмыс­тың аяқталғаны туралы баяндады.

Оның айтуынша, халықтың 60%-ға жуығына дәстүрлі санақ жүргізілді. Елімізде тұңғыш рет халық санағы электронды түрде өткізілді. Халықтың 40%-дан астамы санаққа sanaq.gov.kz сайтында электронды санақ парақтарын өздері толтыру арқылы қатысты.

Халық санағына санақ персо­налы­ның 25 мыңға жуық адамы, сон­дай-ақ Ұлттық статистика бюро­­сының аумақтық бөлім­ше­лері мен орталық аппараты­ның қыз­­мет­керлері қатысты. Санақ­тың алдын ала қорытын­дысы бар­лық тексеру аяқталған­нан кейін жел­тоқсан айының соңында шығарылады.

Үкімет басшысы күрделі эпи­демиялық жағдайларда өткен Ұлттық халық санағы мейлінше сапалы ұйымдастырылғанын атап өтті. Премьер-Министр қа­зақ­стандықтарға осы маңызды науқанға белсенді қатысқаны үшін, сондай-ақ Ұлттық статистика бюросының қызметкерлері мен осы науқанға жұмылдырылған азаматтарға атқарған жұмысы үшін ризашылығын білдірді.