Спорт • 10 Қараша, 2021

Ташкентті таңдандыра алсақ игі

658 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

12-14 қараша күндері Өзбекстанның бас шаһары – Таш­кентте самбодан әлем чемпионатының жалауы жел­бірей­ді. Негізі бұл жарыс Мәскеуде ұйымдастырылуға тиіс еді. Алайда Спорттық арбитраждық соты (CAS) белгілі себептерге байланысты дүбірлі доданы Ресейдің астанасында өткізуге рұқсат бермеді. Сол сәтте өзбек ағайындарымыз алғырлық танытты. Олар төрткүл дүниенің ең таңдаулы балуандары бас қосатын жарысты өз елінде өткізуге бірден ниет білдірді. Халықаралық самбо федерациясы (FIAS) олардың бұл ұсынысын құптады.

Ташкентті таңдандыра алсақ игі

Әлі есімізде, 2010 жылы Өзбекстан астанасында әлем чемпионаты дүркіреп өткен еді. Біз де сол жарыстың куәсі болдық. Дүбірлі додада Қазақстанның ерлер мен әйелдер құрамалары 2 алтын, 1 күміс және 5 қола медальды ие­леніп, жалпыкомандалық есепте үшінші орынға тұрақ­тады. Жерлестеріміз тек Ресей мен Беларусьтен ғана қалып қойды. Ташкент төрінде Ер­болат Байбатыров пен Азамат Мұ­­қанов алтын алса, Әлия Жыл­­қыбаева күміспен күп­телді. Ал Арсен Хатип, Саят Шәм­шиев, Линара Меңғазова, Әлмира Исатаева және Анар Сей­тіметова қолаға жүлдеге иелік етті.

Содан бері 11 жыл өтті. Сам­бо күресінің академигі санал­ған атақты бапкер Керей Қой­шыбектің тұсындағы сол табысымызды қайталауға қазір де жақсы мүмкіндік бар. Се­бебі бүгінгі таңда ұлттық құ­рама сапына іліккен жігіттер мен қыздардың арасында осалы жоқ. Барлығы да талай ірі дүрмекте ысылған сақа спорт­шылар. Ерлер арасында Нұрбол Серіков пен Болатбек Райымқұловқа ерекше сенім артылуда. Олардың екеуі де Батыс Қазақстан облысының тү­лектері. 71 кило салмақта са­йысқа түскелі отырған Серіков 2018 жылы әлем мен Азия чем­пионаттарында қарсылас шақ келтірмей, бас жүлдені қанжығасына байлады. 58 кило салмақтағы Райымқұлов Сеулде өткен дүниежүзілік додада күміс медальды мойнында жарқыратты. Нұрбол мен Болатбектің тағы басқа да толып жатқан атақтары бар. Оңтүстік Кореяның астанасында 64 кило салмақтағы қарағандылық Рахат Жаңаниеттің де асығы алшысынан түсіп, қола жүлдені қоржынға салды. Осы жігіттер Ташкенттегі жарыстың басты фавориттерінің бірі саналады. Бұл балуандардан бөлек, Айдын Дартаев (79 кило), Еркебұлан Қалеш (88 кило), Марат Бай­камуров (98 кило) және Темір­лан Көлбай (+98 кило) алдағы күндері боз кілемге шығады.

Әйелдер құрамындағы ең атақты балуанымыз Ділдәш Құрышбаева екені даусыз. 72 кило салмақта белдесіп жүр­ген Алматы облысының ту­масы әлем чемпионатында ба­қандай бес рет жеңіс тұғы­рына көтерілді. 2014 жылы Нари­тада, 2019 жылы Сеулде күміс медальді иеленсе, 2013 жылы Санкт-Петербург, 2015 жылы Касабланка және 2016 жылы Софияда қола жүлдені еншіледі. Құрлық біріншілігінде бес мәр­те топ жарды. 2018 жылы Жа­картада алауы тұтанған Азия ойындарында алтыннан алқа тақты. Бір сөзбен айтсақ, Құрышбаева – күрес өнерінің жілік майын шаққан әккі бал­уан. Оның қоржынында тек дүниежүзілік доданың бас жүлдесі ғана жоқ. Ділдәш сол олқылықтың орнын Ташкентте толтырады деп үміттенеміз.

65 кило салмақ дәрежесінде бақ сынап жүрген Ажар Салы­қова осыдан екі жыл бұрын Сеулде әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. Қазақ қызының ендігі арманы – алтын тұғырға көтерілу. Азия ойын­дарының қола жүлдегері Айжан Жылқыбаеваның да әлеуеті мамандар тарапынан жоғары бағалануда. Ол 50 кило салмақта күреседі. Сонымен қатар, Таш­кентте Маржан Бизақ (59 кило), Азман Амаева (80 кило) және Арайлым Әбенованың (+80 кило) да өнерін тамашалаймыз.

Жауынгерлік самбодан өте­тін жарыста Нұркен Домбаев (58 кило), Әділбек Сейісов

(64 кило), Аманжол Нұралыұлы (71 кило), Нұрлан Тұрғанбаев (79 кило), Умар Янковский (88 кило), Райхан Мәди

(98 кило) және Мақсот Дайырбаев

(+71 кило) ел намысын қор­ғайды. Жек­пе-жекке шығатын бұл жігіттер де жарқын жеңіс­тері­мен өз жанкүйерлерін қуан­тады деп ойлаймыз.

Тағы бір ерекше тоқтала кететін жайт, FIAS биылғы әлем чемпионатына арнайы жүл­де тағайындап отыр. Таш­кентте ол 231 000 АҚШ долларын құрайды. Яғни осы жолы бас жүлдені олжалаған балуанға 4 мың $ беріледі. Күміс ал­ғандарға 3 мың $, ал қолаға қол жеткізгендерге 2 мың $ тие­сілі болады.