Аймақтар • 11 Қараша, 2021

Комбинат өнімдеріне сұраныс төмен

284 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

2014 жылы үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске қосылған Қостанайдағы үй құрылысы комбинаты тоқырап қалуға жақын тұр. Өйткені Тобыл өңірінде тез бой көтеріп жатқан тұрғын үйлер негізінен кірпіштен қаланады. Сон­дықтан комбинат шығарып жатқан ірі панелдер құрылысқа көп пайдаланылмайды. Осы­лайша, әу баста қолжетімді баспана құрылысының ауқымын кеңейту мақсатында ашылған кәсіпорынның өнімдері бүгінгі құрылыс нарығында сұранысқа ие бола алмай отыр.

Комбинат өнімдеріне сұраныс төмен

Осыдан жеті жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен кәсіпорынның ашылу рәсімінде Тұңғыш Президент елімізде тұрғын үй құрылысы мен қолжетімді баспананың ауқымды бағдарламасы жүзеге асырылып жатқанын тілге тиек ете келіп, мұндай комбинаттар баспана бағасын төмендетуге мүмкіндік беретінін және жаңа кәсіпорынға мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолдау көрсетілуі тиіс екенін айтқан еді.

Сол кезде ең озық заманауи құрылғылармен жабдықталған комбинаттың іске қосылуы нәтижесінде құрылыс жұмыстарының мерзімі 2,5 есе қысқаратынын, ал өзіндік құны 20-30 пайызға арзандайтынын жеткізген кәсіп­орын басшылары 150 адамның жұмысқа қабыл­дан­ғанын және жылына 70 мың шаршы метр тұр­ғын үй салуға қауқарлы екендіктерін сүйін­шілеген.

Алайда таяуда ғана аталған кәсіпорынның директоры Владимир Анненко облыстық кәсіп­керлер палатасынан қолдау сұрап, Қоста­най төңірегіндегі құрылыс нарығының қажетін кең ауқымда өтей алатын мүмкіндігі бола тұра, комбинат бүгінде 30-ақ пайыздық жүктемемен жұмыс істеп жатқанын айтты.

– Үй құрылысы комбинаты жоғары сапалы темірбетон бұйымдарының және тауарлық бетондар мен құрылысқа қажет ерітінділердің 300-ден астам түрін өндіреді. Кәсіпорынның басты міндеті – ірі панелді үйлерге арналған құрылыс материалдарын шығару. Біздің материалдарды, әсіресе, әлеуметтік тұрғын үй құрылысында пайдаланған тиімді. Соған қарамастан, жергілікті жерде шығарылатын өнімдерді бүгінгі құрылыс нарығы көп қажет­сінбей отыр, – деді В.Анненко.

Елімізде үй құрылысы комбинаттарына (ҮҚК) қолдау көрсету туралы түрлі бағдарлама да бар. Мәселен, 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасында 2022 жылғы құрылыс жұмыстарына ҮҚК өнімдерінің кем дегенде 50 пайызы пайдаланылуы тиіс екендігі айтылған. Сондай-ақ үй құрылысы комбинаттарын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған жол картасында Қостанай үй құрылысы комбинатының құрылыс бұйымдарын өндіру жүктемесін 5 жыл ішінде 21 мың шаршы метрден 56 мың шаршы метрге дейін ұлғайту көзделген. Үкі­меттің бағдарламалық құжаттары да бүгінде жер-жерде қарқынды жүріп жатқан құрылыс жұмыстарына ҮҚК-лер өндіріп жатқан қазақ­стандық құрылыс материалдарын кеңінен пайдалануды міндеттейді.

Алайда қазіргі заманауи құрылысқа көбіне-көп кірпіш пайдаланылатындықтан, ірі панелді үйлерді құрастыруға дайын материал шығаратын үй құрылысы комбинаттары нарықтағы өз үлестерінен қағылып отыр. Кірпіштің қымбат екенін алға тартқан комбинат басшысы, оған қарағанда едәуір арзан әрі тез салынатын панелді үйлер құрылысының үлесін арттыру қажеттігін айтады.

– Кірпіш үйлердің сыртқы және ішкі қабыр­ғаларын көтеру үшін, кем дегенде 30 немесе 40 маман керек. Ал ірі панелді үйлерді 5-6-ақ маман құрастырып шыға алады. Бұл құрылыс сапасын сақтай отырып, өндірісті арзандатуға мүмкіндік береді. Мұның сыртында, бүгінде тұрғын үйдің бағасы да күн санап қымбаттап жатыр. Сондықтан тұрғындарды арзан әрі сапалы баспанамен қамтамасыз ету үшін өзімізден шығатын жергілікті өнімнің үлесін арттыру жағын ойластыру керек, – деді В.Анненко.

Кәсіпкерлер палатасының директоры Данияр Күзенбаевтың айтуынша, үй құрылысы комбинаты көтеріп отырған мәселенің бір ұшығы қарапайым халықты қолжетімді баспанамен қамту сияқты аса маңызды әлеуметтік мәселемен астасып жатыр. Мұны жергілікті атқарушы орындарды қатыстыра отырып шешуге болады.

Қостанай үй құрылысы комбинатының мәсе­лесі алдағы уақытта мемлекеттік сатып алу­лардағы жергілікті қамтуды бақылау жөнін­дегі өңірлік комиссия отырысында қаралмақ.

 

Қостанай облысы