Елорда • 11 Қараша, 2021

Елордаға 40-тан астам қысқы техника сатып алынды

226 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елордада арнайы техниканың саны арта түсті. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Ермек Қизатов мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елордаға 40-тан астам қысқы техника сатып алынды

«Бүгінде елордада қысқа дайындық жұмысы тағы бір пысықталып жатыр. Тиісті техника мен мамандар да дайындық үстінде. Жалпы маман мен техника жеткілікті, төтенше жағдай туындағанда қосымша күш жұмылдырылады. Бүгінде елорданың төтенше жағдай қызметінде 50-ден астам қар тазалайтын көлік бар. Одан бөлек, биыл тағы 40-тан астам арнайы техника сатып алынды.

Сондай-ақ, жеке құрамның да жыл сайын қатары артып келеді. Мамандардың біліктілігіне де аса мән беріледі.

Елордада қыстыгүні болатын төтенше жағдайлар көбіне ауа райына байланысты. Яғни боран, қатты жел, аяз, қалың қар, тағы сол сияқты», деді Ермек Қизатов.

Оның айтуынша, бүгінде елорданың төтенше жағдай қызметі қыс мезгіліне дайын.

«Қыстыгүні төтенше жағдайға тап болған жандарға кешенді көмек көрсетіледі. Бұл жерде алдымен адамдар құтқарылады, қажет болған жағдайда медициналық көмек көрсетіледі. Жолда қалған болса, жылы киім мен тамақ ұсынылады. Сонымен қатар жолда қалған көлікті жеткізу қызметі де бар», дейді ол.

Айта кетейік, бүгін Нұр-Сұлтанда «Қыс – 2021» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы басталды. Екі күнге созылатын қысқа дайындық шарасына төтенше жағдай, қорғаныс, медицина, полиция тағы басқа қызмет өкілдері қатысып жатыр.