Медицина • 11 Қараша, 2021

Нұр-Сұлтанда білікті медицина мамандары бас қосты

362 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтанда «Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасының Медициналық орталығы жүйесінде Қазақстан Республикасының Халқына медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету» тақырыбында екі күндік семинар-кеңес жұмысын бастады, деп жазады Egemen.kz.

Нұр-Сұлтанда білікті медицина мамандары бас қосты

Семинар-кеңеске Нұр-сұлтан қаласындағы Президенттік клиниканың сондай-ақ, Алматы қалалық Орталық клиникалық ауруханасының басшылары мен жетекші мамандары, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен өңірлік денсаулық сақтау басқармаларының өкілдері, еліміздің жетекші ҒЗИ ғалымдары, Германия, Франция, Түркия, Ресей, Грузия, Әзірбайжан, Балтық елдерінен осындай клиникалық бағыттағы шетелдік медициналық орталықтардың беделді мамандары қатысуда.

Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығының басшысы Сәуле Қисықова қазақстандықтардың заманауи медициналық қызметтерге тең қол жеткізуі үшін денсаулық сақтау жүйесін дамытудың маңыздылығын атап өтті.

«Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін енгізу біздің орталықтың медициналық ұйымдарына Қазақстан Республикасының Халқына медициналық қызмет көрсету бойынша бәсекелес ортаға кіруге мүмкіндік берді. Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің негізгі қағидаты пациенттің дәрігерді және медициналық ұйымды еркін таңдау құқығы болып табылады. Бұл құқықты еліміздің барлық өңірлерінен 100 мыңнан астам азамат пайдаланып, біздің ауруханаларда ем алды», деді ол.

1

Орталықтың негізгі миссиясы - диагностиканың, емдеу мен оңалтудың жоғары технологиялық әдістерін қолдана отырып, медициналық көмекке қол жеткізу арқылы қазақстандықтардың денсаулығын сақтау және қолдау. Орталықтың ведомстволық бағынысты ұйымдарында бар заманауи жоғары дәлдікті аппаратура, озық технологияларды пайдалану, ғылыми жетістіктер мен кәсіби кадрлар кардиологиялық, неврологиялық және онкологиялық ауруларды ерте анықтауға ықпал ететініне де баса назар аударылды.

Шара барысында аса күрделі ауруларды емдеудегі отандық медицинаның мүмкіндіктері мен жетістіктері талданды.  Жиналғандар орталық ауруханалардың қызмет бағыттары белгіленіп, бірегей операциялар жүргізілетін жаңа жабдықтар таныстырылды.

1

Қазақстандық және шетелдік медицина мамандары қазіргі заманғы ғылымның инновациялық бағыттарының бірі - ядролық медицинаға көңіл бөлуге шақырып, коронавирус пандемиясы жағдайында денсаулық сақтау жүйесінің жұмыс істеуін тиімді ұйымдастыру бағытында тәжірибе алмасты.

Сондай-ақ, семинар-кеңес қатысушылары Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығының жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетуге арналған заманауи құрал-жабдықтарын жоғары бағалады. 

1

Сонымен бірге, орталық мамандары медициналық - ядролық технологиялар мен робот-хирург, геномдық зертхананың жұмысымен таныстырды. Ел аумағында аналогы жоқ медициналық құрал-жабдықтардың жыл жылжыған сайын мүмкіндіктері артып, ауруды ерте сатыдан анықтауға мол үлес қосатынын жеткізді.