Аймақтар • 12 Қараша, 2021

«Жасыл» аймаққа да жайлануға болмайды

202 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шығыс Қазақстан облысы «жасыл» аймаққа енгенімен, жайбарақат жүруге еш негіз жоқ. Өткен тәулікте ғана 77 адамнан коронавирус індеті ПТР арқылы расталды. Аз емес. Қамысқа түскен шоқтай тұтанып кетуі әп-сәтте. Оған көзіміз әбден жеткен.

«Жасыл» аймаққа да жайлануға болмайды

Қоғам болып аты өшкір ін­дет­пен күресіп жатқанымызға екі жылдай болыпты. Етіміз үйре­­ніп кетті ме, әу бастағыдай дүр­­бе­лең жоқ. Облыс тұрғын­дары сани­тарлық дәрігер бекі­тіп берген ережені бекем сақ­тан­а­ды. Бұрынғыдай емес, той-томалақ саябырсыған.

Облыс орталығында, аудан­­дарда індетпен күресу мақ­сатындағы провизорлық орта­лықтар өкпені желдеткіш аппараттармен, төсек-орынмен толық­тай қамтылған. Қат-қабат киінген дәрігерлер күн-түн дес­пей арпалысып жүр. Еңбек­терінің нәтижесі де жоқ емес, өлім-жітім азайды.

– Өткен тәулік ішінде ковид­ті пневмониямен ауыр­ған­дарды қоса есептегенде 68 пациент стационарлардан емделіп, жазылып шықты. Ал өткен тәулік бойынша тағы 9 симптомсыз ауру белгілері бар азаматтың үй карантині аяқталды, – дейді облыстың бас дәрігері Ермек Омарбеков.

Жалпы, өңір бойынша бүгінге дейін инфекциялық стационарлардан ем алып шыққандар саны оның ішінде ковидтік пневмония­мен ауырғандарды қоса есептегенде 24 229 адамға жетті. 10 234 науқас үй карантинін аяқтап, 34 463 адам толықтай сауы­ғып шықты. Мұның бәрі тың­ғылықты дайындықтың, білік­ті мамандардың арқасы.

Дәрігерлер айтқандай, індетті біржола жеңудің жолы – ұжым­дық иммунитет, яғни вакцина­лау. Облыста бұл бағытта да тынымсыз жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мәселен, екпе алмағандар Ashyq жүйесі арқылы анықталып, бірқатар нысанға кіріп-шы­ға алмайды. 2021 жылғы 9 қа­ра­шадағы мәлімет бойынша Шы­ғыс Қазақстан облысында вакци­наның I компонентін 890 358 адам, II компонентті 827 664 адам салдырған екен. Вакцинаның қалған компоненттеріне келер болсақ, I компоненттен 15 117 доза, II компоненттен 32 738 доза қалды. Өңірде қазіргі уа­қытта вакцинаның 3 түрі бар: Спут­ник-V, QazVac және Sinopharm. Айта кетерлігі, облыста жасөспірімдер мен жүкті әйелдерге де вакцина егу жұ­мыстары қолға алынбақ. Әзір­ше жер-жерлерде түсіндіру жұ­­мыс­тары басталып кетті. Ме­ди­­цина қызметкерлерінің айтуын­ша, вакцина егілмес бұ­рын баланың немесе жүкті әйел­­дің денсаулығы толықтай тек­серіледі. Сондықтан қауіп­тенуге еш негіз жоқ.

 

Шығыс Қазақстан облысы