Қаржы • 14 Қараша, 2021

Ақша арқалаған инкассаторлар

1276 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қаржы тақырыбы қаузалғанда сақа сарапшылар мен қаржыгерлер, құнды қағазды байыппен үйлестіретін банкирлер көп айтылады. Тілшілер де салаға қатысты сауалын соларға қо­йып, көгілдір экран мен баспасөз беті осы мамандардың пайымы мен байламына байланады. Қаупі қыруар, қажыры қалың істі иығына ілсе де қал­тарыста қалып қоя беретін, қоғам­да еңбегі көп еленіп-ескеріле бермейтін инкассатор дейтұғын мамандық иелері бар. Біз бүгін осы салада еңбек етушілер туралы сөз қозғауды жөн санадық.

Ақша арқалаған инкассаторлар

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Бума ақша түгілі банкоматтан жала­қымызды аларда әлдекім біздің аз ақша­мызды аңдып жүргендей жан-жағымызға жалтақтап қарау – көпшілігімізге тән құбылыс. Оның қасында қап-қап ақша тасымалдаудың қаншалықты қауіпті шаруа екені айтпаса да түсінікті. Мың жерден қорғаныс құралдарымен құрсаулап, қолыңа қару ұстатса да тосын қатер торуылдап жүр деген ой санаңа сап еткенде босаңси алмасың анық. Себебі ақша жүрген жерде айла да, жауыздық та жармаса жүреді. Бір қызығы, біздің кейіпкеріміз Нұртай Мұстафаев өмірін бұл саласыз елестете алмайды. Әсіреледі демеңіз. «Қатері мол жұмыстан бас тарт­қыңыз келетін сәттер бола ма?» деген сауалымызға, «Екінші рет өмір сүру мүм­­кіндігі берілсе де, сөзсіз инкассатор болар едім», деп қалжыңдаған қаржы тасымалдаушының бүкіл өмірі осы саламен тығыз байланысты. Жиырма жасында инкассатор қызметіне кіріскен жалынды жігіт санаулы жылдан кейін алпысқа аяқ басқалы отыр.

– Молдавияның Кишинев қаласында әскери борышымды өтеп, жиырма жасымда елге оралдым. Әрі қарай білімімді шыңдап, жоғары оқу орнына түсудің реті келмеді. Жігері тасып тұрған, көкпар тар­тып өскен ауыл баласымыз. Несі бар, екі қолға бір күрек табылар дедік. Дене тұрпатым, физикалық мүмкіндігім сай келгесін инкассатор болып жұмысқа кір­дім. Содан бері табаны күректей 35 жыл осы саланың шетінде жүрмін. Біреудің алдына шығып яки қатарымнан кейін қалған кезім жоқ. Адал еңбектің арқасында бала-шағамды аяққа тұрғызып, келін алып, бүгінде немере сүйіп отырған жайым бар. Күнделікті жұмысымыз таңғы алтыдан басталады. Жауапкершілік жоғары болғандық­тан, бір сәт босаңсуға болмайды. Жоспар бо­йынша ақшаны жинап, тиісті орынға жеткіземіз. Физикалық дайындық, сер­гектік, сақтық, қырағылық – біздің ­басты серігіміз, – дейді Н.Мұстафаев.

Әлем бойынша ең қауіпті қызмет­тердің санатына кіретін салада еңбек ету үшін мығым денелі, бойшаң әрі қағілез болуыңыз керек. Н.Мұстафаев қызмет атқаратын «Халық Инкассация» ЖШС Алматы филиалының директоры Азат Смағұлов жұмысқа қабылданатын мамандар қатаң талаптардан мүдірмей өтуі қажеттігін айтады. Айталық, тікелей қарумен жұмыс істейтін болғандықтан, болашақ қаржы тасымалдаушының әскерге баруы шарт. Физикалық мүмкін­діктері, психологиялық жай-күйі, оған дейінгі өмір тарихы тұтас сүзгіден өтеді. Мамандарға түрлі тосын жағдайда қалай қарекет етудің тәсілдері үйретіліп, арнайы оқу-жаттығу жиындары өткізіледі.

«Біздің ұжымда жүздеген маман жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі бұған дейін құқық қорғау орындарында, қауіпсіздік құрылымдарында жұмыс істеп, ерте зейнетке шыққандар. Олар қару қолдану машығын жақсы меңгерген, психологиялық төзімділігі берік жандар. Сондай-ақ осы саламен көз ашқан мықты мамандарымыз бар. Солардың бірі – қаржы тасымалдау ісінің хас ше­бері Н.Мұстафаев. Өз ісіне жанымен берілген Нұртай жас мамандарға бағыт-бағдар көрсетіп, жауапты тапсырмаларға жұмылдырылады. Өз жұмысын екінші үйім деп есептейді», дейді А.Смағұлов.

Әлемде инкассаторларға шабуыл жа­­сау қалыпты құбылысқа айналған. Алыс­­­қа бармай-ақ өз елімізде мұндай бір­­неше оқыс оқиға тіркеліп, аяғы қар­жы та­сы­­малдаушының өліміне әкел­ген әре­­кеттер де орын алған еді. Бірақ кейіп­ке­­рі­­міздің алдынан мұндай келеңсіз оқи­­ға кездеспепті. Кеңестік кезеңде, тоқ­­са­­нын­шы жылдардың тоқырауында ес­кі «Мос­квич­пен» жүріп қыруар ақша тасы­­ғанын айтқан Нұртай, қазіргі жаңа тех­но­ло­гиялардың жемісі қауіпсіздік мә­се­­ле­сінің қауқарын күшейткенін алға тар­тады.

– Қай уақытта қай бағытқа қозғал­ғанымыз, ақшаны алғанымыз, көлікке отырғанымыз бәрі-бәрі арнаулы құрыл­ғылардың көмегімен орталық пультке келіп түсіп отырады. Ондағы қызмет­керлер кез келген тосын жағдайда қалай әрекет етудің стратегиясына дейін жос­парлап, жүйелейді. Көліктер оқ өткіз­бейтіндей етіп брондалған, өзіміз де қор­ға­ныш пенжегін, каскамызды киіп, сауысқандай сақ жүреміз. Әр минутымыз есептеулі. Жолда жоспардан тыс кідіруге болмайды. Біз қаржыны тасымалдаумен ғана емес, құнды қағаз­дар­мен де тікелей жұмыс істейміз, сон­дықтан сауаттылық өте маңызды. Түрлі жағдайды естисің, адам болған соң оның бәрі әсер етеді. Жаңа үйленген кезімізде үйдегі жарым мен жұмыстан келгенше алаңдап отыратын. Шынымды айтсам, қазір етім үйреніп кетті, робот сияқтымыз (күлді). Отбасым да солай, бұрынғыдай көп елеңдей қоймайды. Осы жерден зейнетке шықсам деген ниетім бар», дейді ол.

Инкассатор болу үшін арнайы ма­ман­дық игерудің қажеті жоқ. Оқу орнының дип­ломы да талап етілмейді. Жоғарыда айтып өткеніміздей, бастысы әскерге бар­ған, физикалық тұрғыдан қауқарлы, мы­ғым денелі, спортқа жақын болсаңыз, ден­сау­лығыңыз бен жүйкеңіз жараса жұ­мысқа кірісе беріңіз. Қызметіңіздің қауіп­тілігіне қарамастан зейнетке ерте шыға алмайтыныңызды да ескергеніңіз жөн. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл басында ең сұра­нысқа ие 30 мамандықтың тізімін жария­лады, оның қатарына инкассаторлар да кірді.

Есте болса, 2002 жылы Жапонияда алғаш­қы робот-инкассаторлар саты­лымға шыға бастады. Электронды қыз­мет көрсе­туде баламасы жоқ бірегей техно­логия нақ осы қаржы тасымалдау ісін­де тиімсіз тәсіл ретінде бағаланды. Мо­биль­ді банкинг кең өріс жайды десек те, әлем дәс­түрлі ақшадан түбегейлі бас тарта­тын деңгейге жеткен жоқ. Бұл нақ осы са­лада адам интеллектісі мен күшін ешбір робот алмас­тыра алмайтынын көрсетіп отыр.

Әлемде инкассаторларға шабуыл жасау әрекеттері, әсіресе 2000 жылдары жиі­леген. Ал соңғы жиырма жылдықтағы табысты технологиялардың көмегімен қорғану әдістері, сондай-ақ спутник пен ғаламтор тосын жайға қарсы сақтықты биік сатыға көтеріп отыр. Ғаламторды парақтасаңыз, бұл сала мамандарына қатысты түрлі қызық жайттарға кезігесіз. Мәселен, бірер жыл бұрын АҚШ-тың Джорджия штатында инкассатор көлігінен бірнеше бума ақша түсіп, жол жағалай шашылған. Бұған көліктің артқы есігінің абайсызда ашылып кетуі себеп болған. Желіге тараған бейнежазбадан кейін келе жатқан көліктердің кенет тоқтап, одан түскендердің шашудай шашылған ақшаға қарық болып, таласа жинап жүргендерін көруге болады. Кейіннен Дандуви қаласының полиция өкілдері аталған жайтқа байланысты түсінік беріп, кереметке кенелдік деген жүргізушілердің жеке басын анықтап, жоғалған ақшаны өндіріп алған еді. Бұл туралы жауапты орындар «Әрине, артық ақша кімге керегі жоқ дейсіз? Дегенмен бұл ұрлыққа жатады, сондықтан оны кері қайтарыңыздар! Жолдағы «ақша құйыны» жол-көлік қозғалысына ешқандай кедергі келтірмегеніне сенеміз», деп мәлімдеме жасаған. Бейресми дерек бойынша сол оқиғада инкассаторлар шашып алған ақ­ша­ның көлемі 200 мың долларды құраған.

Айталық, Жапония, Шуейцария, АҚШ секілді тағы басқа елдерде инкассаторлар еңбегі ерекше бағаланады. Бұл салада жұмыс істейтіндердің жалақысы қомақты әрі оларға жоғары үстемеақы төленеді. Қауіпті қызметтер қатарына жа­татындықтан, қосымша әлеуметтік кө­мектер көрсетіліп, қызмет бабында қаза тапқан жанның жақындарына бір адамның бүкіл ғұмырына жетерліктей қаржылай қолдау көрсетіледі. Әрине, қыруар қаржы адам орнын толтыра алмасы анық. Алайда бұл аталған мамандықтың биік мәртебе­ге ие екенін көрсетеді. Әзірге біздің елде қаржы тасымалдаушыларды бұл деңгейде қолдау һәм қорғау қарастырылмаған.

Бір ғана Алматының өзінде Нұртай Мұстафаев секілді мыңдаған инкассатор маман маңызды қызметке жұмыл­дырылған. Төл теңгеміздің туған күнінде осынау жауапты істің шетінде жүрген табанды жандарға саулық пен сәттілік тілегіміз келеді!