Футбол • 14 Қараша, 2021

Іріктеудегі ең ірі жеңіліс

273 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2022 жылы Қатар астанасы Дохада өтетін әлем чемпионатының іріктеу кезеңін өте сәтсіз аяқтады. Соңғы турда Францияға қонаққа барған жерлестеріміз алаң иелерінен ірі есеппен жеңіліп, Қазақстанның ғана емес, бүкіл жер-жаһанның жанкүйерлері алдында масқара болды. Париждегі Stade de France стадионында өткен ойында франциялықтар Қазақстан құрамасының қақпасына жауапсыз сегіз гол (!) соқты. Бұл – қазақ футболы тарихындағы ұлттық құраманың ең ірі жеңілісі. Былайша айтқанда, антирекорд!

Іріктеудегі ең ірі жеңіліс

Қазақстан ұлттық құрама­сының бұған дейінгі ең ірі же­ңілісі Түркия (2006 жылы әлем чем­пионатының іріктеу кезеңі) және Ресей құрамаларымен (жол­дастық матч) болған кездесулерде тіркелген еді. Осы екі ойын да 6:0 есебімен қарсыластардың пайдасына аяқталған-ды. Ал Талғат Байсуфинов басшылығындағы ұлттық құрамамыздың кешегі күнге дейінгі ең нашар нәтижесі – 0:5 болатын. 2016 жылы сырт алаңда Черногориямен кездес­кен жерлестеріміз алаң илерінен дәл сондай есеппен ұтылғаны әлі есімізде. Енді, міне, 2018 жыл­ғы әлем чемпиондары бұл статис­ти­каға «түзету» енгізіп, қазақ фут­бо­лындағы «қаралы күнді» жа­ңартты.

Париждегі Франция-Қазақ­стан арасындағы кездесу бір минут үнсіздікпен басталды. Себебі, осыдан алты жыл бұрын, яғни 2015 жылдың 13 қарашасында Парижде қатарынан үш лаңкестік шабуыл болды. Салдарынан 130 адам қаза тауып, 350 адам жараланған. Жарылыстың бірі дәл осы «Стад де Франс» стадионының маңында болып, бұл уақытта Франция және Германия құрамалары жолдастық матч өткізіп жатқан еді.

Матчтағы допты ойынға біздің жігіттер қосқанымен, небәрі 10 секундтың ішінде жерлестерміз допты да, ойындағы басымдықты да алаң иелеріне беріп қойды. Франциямен болатын ойын алдында негізгі құрамның бірқатар ойыншысы ұлттық құрамаға кө­мектесе алмайтыны белгілі болған еді. Атап айтқанда, сары қағаздың көптігіне байланысты Бақтияр Зайнутдинов пен Ян Вороговский бұл ойынға қатыса алмаса, жарақаттарына байланысты Георгий Жуков, Сергей Малый, Юрий Логвиненко, Азат Нұрғалиев елде қалып қойды.

Ал топта бірінші орында тұр­са да, мерзімінен бұрын әлем бі­ріншілігіне шыға қоймаған Фран­ция үшін бұл ойында жеңіске жету өте маңызды еді. Өйткені жол­дама мәселесін соңғы турға қалдырмай-ақ, ертерек шешіп тас­тау маңызды болатын. Сондық­тан Франция құрамасының бас бапкері Дидье Дешам бірінші минуттан бастап алаңға негізгі құрам ойыншыларын шығарды. Шабуылда әлемнің ең мықты футболшылары – Килиан Мбаппе мен Карим Бензема ойнады. Дәл осы екі футболшы кездесудің тағ­дырын шешіп кетті десек, артық айтқандық болмас.

Матч тізгінін бірінші минуттан бастап өз қолдарына алған алаң иелері алтыншы минутта-ақ гол соғып, ойынның есебін ашты. Гол авторы – Килиан Мбаппе. Арада тағы алты минут уақыт өткенде ПСЖ шабуылшысы таблодағы көрсеткішті 2:0-ге жеткізсе, бірін­ші таймның орта тұсынан ауа бергенде мергендігімен көзге түсіп, жарты сағат ішінде хет-трик авторы атанды. Осылайша Франция бірінші таймды 3:0 есебімен өз пайдасына аяқтады.

Екінші таймды да алаң иелері қарқынды бастады. Алдымен «Реал» шабуылшысы Карим Бен­зема 55 және 59-минуттарда екі гол соғып, дубль жасаса, 75-минутта Адриен Рабьо бұрыштамадан асырылған допты қақпаға дәл көздеп, Францияның алтыншы голын салды. Матч аяқталғанға дейін Антуан Гризманн мен Мбаппе тағы бір-бір мәртеден көзге түсті. Қорытынды есеп – 8:0.

Әлем чемпионатының ірік­теу кезеңін тап-тамаша бастап, Украина және Босния құра­ма­ларымен ұпай бөлісе бастағанда бөркімізді аспанға атып, қазақ футболында алға жылжу бар екеніне қуанып, біздің футболшылар да допты түзу тебе алатынына шаттанған едік. Өкінішке қарай, Қазақстан құрамасының ойыншылары бір-ақ матчпен мұның бәрі тек сәттілік екенін, қазақ футболы алға жылжудың орнына кері кетіп бара жатқанын көрсетіп берді. 2002 жылы УЕФА-ға қосылған уақытта деңгейіміз қандай болса, қазір де сол деңгейдеміз. Әлем­дік тұ­жырымдама бойынша тұрақ­ты­лық деген жақсы көр­сет­кіш шы­ғар, бірақ футболға кел­генде алға жылжу деген болу керек қой...