Театр • 15 Қараша, 2021

Ақтау театры сапарын Тәуелсіздікке арнады

426 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қарт Каспийдің жағалауы­нан жеткен өнер көші астана халқына тамаша тарту жасады. Ел Тәуелсіздігінің 30 жыл­дығы аясында 9-12 қараша күндері Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі­нің «Жастар театры» сахнасында Нұрмұхан Жантө­рин атындағы Маңғыстау об­лыс­тық музыкалық драма театрының гастролі өтті.

Ақтау театры сапарын Тәуелсіздікке арнады

«Жантөриндіктер» төрт күн бойы Жастар театры төрінде ре­пер­туарындағы ең үздік деген таң­даулы қойылымдарын бас ша­һар көрермендері назарына ұсын­ды. Атап айтсақ, өнер сапары­ның шымылдығы белгілі ақын, «Құрмет» орденінің кавалері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Светқали Нұржанның «Хан кегі» поэтикалық драмасы­мен (ре­жис­сері Г.Мерғалиева) ашылса, 10 қараша күні якут ре­жиссері Сергей Потаповтың Гарсиа Лорка драматургиясы негі­зінде сахналанған «Бернарда Аль­баның үйі» драмасы қойылды. Ал 11 қарашада орыс тілінде қо­йылған режиссер Гүлсина Мер­ғалиеваның «Дикие истории 16+» спектаклі (авторы Дон Нигро), 12 қараша күні кино және театр актері, драматург Нар­тай Сау­данбекұлының «Әли­хан­ның аманаты» (режиссері Г.Мерғалиева) реквием-драмасы көрсетілді.

Нұрмұхан Жантөрин атын­да­ғы Маңғыстау облыстық музы­ка­лық драма театры Қазақстан Рес­публикасының Тұңғыш Пре­зи­ден­ті – Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың бастамасымен 2003 жыл­дың 21 наурызы күні ашыл­ды. Ең алғаш театрдың үл­кен залында көрермен на­за­рына Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек» спек­таклі, екінші залында Т.Әліп­баевтың «Томирис» дра­масы ұсынылып, қос қойылым да жұрт­­шылық тарапынан жоғары баға­­ланды. 2006 жылы Маңғыстау об­лыс­тық музыкалық драма театрына Қазақстанның халық әртісі, Мем­лекеттік сыйлықтың лауреаты Нұр­мұхан Жантөриннің есімі берілді.

Осы жылдар ішінде іргелі өнер ұжымы әртүрлі жанр, алуан тақы­рыптағы спектакльдерді сахна­лап, көрерменге ұсынып келеді. Театр репертуарындағы әлем сахналарынан мәңгілік орын алған У.Шекспир, Ж.Мольер, Ф.Эрве, А.Чехов, Н.Гоголь, Ш.Айтматов сынды классиктермен қатар, қазақ драматургиясының негізін қалаған М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, драматургия саласында сүбелі сахналық туындылар қалдыр­ған Ә.Кекілбайұлы, Д.Исабеков, С.Бал­ғабаев, Е.Раушанов, көр­шілес елдер драматургтерінен С.Ах­мад, М.Байджиев, Г.Ху­гаев, З.Зайнуллин, сондай-ақ Маң­ғыс­тау өңірінен шыққан ақын, жазушылар – С.Назарбекұлы, С.Адай, С.Нұржан, С.Құдай­бер­генов секілді басқа да автор­лардың туындылары бар.

Құрылғаннан бергі 19 жыл ішін­де көптеген ірі халықаралық дең­гейдегі фестивальдардан ол­жа­лы оралып келген жас театр әр­дайым қоғамдағы саяси-мә­­дени өзгерістерге бейтарап қа­ра­­май, үнемі өз үнін қосып ке­ле жатыр. Бүгінде театрдың ре­пер­туар қоржынында 90-ға тар­та үлкендерге арналған, 20-ға жуық балаларға арналған қо­йы­лым бар. Соның бір парасын елорда тұрғындары мен қо­нақ­тары назарына ұсынған ізден­гіш ұжым өздерінің қай кезде де шығармашылық бабында екен­діктерін тағы бір мәрте дәлелдей түсті. Көрерменнің ру­хани-эсте­ти­ка­лық талғам-көз­қа­расының қа­лып­тасуына айрық­ша үлес қо­сып жүрген өнер ордасының бұл са­пары бас шаһар халқына шын мә­нінде тамаша тарту болды.