Өнер • 15 Қараша, 2021

Төлепберген Байсақалов Дүниежүзілік Азия кинофестивалінде үздік атанды

481 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Танымал қазақстандық актер Төлепберген Байсақалов тағы бір марапатқа, атап айтқанда Asian World film festival (Лос-Анджелес) кинофестивалінде режиссер А.Қасымбектің «От» фильміндегі жұмысы үшін «Үздік ер адам рөлі» жүлдесіне ие болды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Төлепберген Байсақалов Дүниежүзілік Азия кинофестивалінде үздік атанды

Бұл туралы картинаның продюсері Диана Әшімова Instagram-дағы парақшасында жазды. Дүниежүзілік Азия кинофестивалі (AWFF) осымен жетінші рет, жыл сайын өткізіліп келеді. Онда азиялық режиссерлердің жұмысы көрсетіледі. Бұл фестиваль голливудтық және азиялық ойын-сауық индустриясы арасындағы байланысты нығайтады. Биыл байқауға 20-дан астам елде түсірілген 30 фильм қатысты.

Еске сала кетейік, «От» фильмі бүгінгі қоғамда өмір сүріп жүрген қарапайым адамның оқиғасын баяндайды. Толик (Төлепберген Байсақалов) - үлкен мегаполисте өмір сүруге және отбасын асырауға тырысатын үлкен отбасының басшысы. Ол курьер болып жұмыс істейді, азғантай жалақыға отбасын асырай алмағандықтан, ол да көптеген адамдар сияқты несие алып, қарызға батып өмір сүруге мәжбүр болады. Бірақ сонымен бірге ол қызына үлкен үміт артады. Күндердің күнінде жұмыстан үйге оралғанда, қызы Сәуленің жүкті екені туралы күтпеген жерден хабардар болады.

Бұл жаңалық қызының болашағына арналған жоспарлардың күл-талқанын шығарады. Жағдайды шешуге тырысқан Толик бірқатар қиындық пен оқиғаға тап болады. «От» фильмінің әлемдік премьерасы Пусандағы (Оңтүстік Корея) халықаралық кинофестивальде өтті.

Өткен аптада актер Төлепберген Байсақалов Сочи кинофестивалінде «Үздік ер адам рөлі үшін» марапатқа ие болды.

Фильмді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы көмегімен A-Team Production компаниясы түсірген.