Білім • 15 Қараша, 2021

Педагогтердің біліктілігін көтеруге не кедергі?

1887 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Білім беру барлық басқа саланың көш басында тұруы тиіс. Себебі кез келген кадр білім алу арқылы қалыптасады, даяр­ла­нады. Мұндайда әлбетте әр маманға берілетін білімнің «іргетасы» берік болуы керек. Білімнің негізгі іргетасы мектепте, маман ретінде дайындайтын оқу орнында қаланады. Демек, педагогтер заманның сұранысына сай, қоғамға қажетті дағдыларды игерген түлектерді шығару үшін үнемі өзін дамытып отырғаны абзал. Осыған орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев енді 3 жыл сайын мұғалімдерді біліктілігін арттыру курсынан өткізуді тапсырды.

Педагогтердің біліктілігін көтеруге не кедергі?

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Өзгеріс жазда енгізіледі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы қыр­күйек­те жариялаған халыққа Жол­да­уында: «Білім беру жүйе­сі­не жігерлі әрі білікті мамандар қажет. Мұғалімдерді қазіргідей 5 жылда емес, 3 жылда бір рет қайта даярлықтан өткізуіміз ке­рек деп санаймын. Өйткені ол­ар шәкіртінің бойына жаңа бі­лім сіңіре алатындай нағыз ағар­ту­шы болуға тиіс. Бұл ретте, ұс­таз­дардың курстан өтуі үшін өз қал­тасынан ақша төлеуіне жол берілмейді», деді.

Ал тапсырма нақты қай уа­қыт­та жүзеге асырылмақ? Осы сұрақты Білім және ғылым ми­нистрлігіне жолдағанбыз. Атал­ған ведомстводан: «Ми­нис­трлік білім беру мәсе­ле­лері бойынша кейбір заң­на­малық актілерге өзгерістер ен­­гізу бо­йынша заң жобасын әзір­­леді, оның ішінде 3 жылда бір рет педагогтерді қайта даяр­­лауды ұйымдастыру туралы өз­ге­ріс қарастырылған. Заң жобасы мемлекеттік органдардың ке­л­ісімін күтіп тұр. Министрлік мем­ле­кеттік органдардан түс­кен заң жобасы бойынша ұсы­ныстарға талдау жүргізуде. Заң 2022 жылғы шілде айында қа­былданады деп жоспарланып отыр», деген жауап алдық.

Осы ретте қоғам арасында, тіп­ті кейбір мұғалімдерде «Білік­ті­лік тестінен де, яғни аттестаттаудан да 5 жылда емес, 3 жылда бір рет өткізуі мүмкін» деген қауесет тарап жүр. Бұған педагог жұртшылығы: «Бұл сұмдық қой. Біз робот емеспіз. Портфолионы мұндай жиілікте дайындап үлгеру мүмкін емес», деп шулап жатыр. Тиісті министрліктен бұған да жауап алдық. Түсінгенімізше, білік­ті­лік курсы, яғни қайта даяр­лық­тан өтуді аттестациядан өту­мен, яғни біліктілік тестін тапсырумен шатастырып алмаған абзал.

«Үш жылда бір рет педагог­тер­дің біліктілігін арттыру мә­се­ле­сі педагогтерді үш жылда бір рет аттестаттаудан өткізу деген ұғымды қалыптастырмайды. Орын алатын өзгерістер – білік­ті­лік арттыру курстарына ғана қа­­тысты жүзеге асырылатын іс-ша­ра. Ал педагогтерді аттестат­тау «Педагог мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы заңының 15-бабының 1-тармағы 3) тармақшасына сәйкес 5 жылда кемінде бір рет өткізіледі. Педа­гог­тер үшін аттестаттау: бі­лік­тілік тестілеу және қыз­мет нәти­желерін кешенді тал­дамалық жи­нақтау (портфолио) бойынша 2 ке­зең­ді қам­тиды», делінген ведомс­тво­ның жауабында.

Қарама-қайшылық бар

Президенттің сөзіне қайта оралайықшы. Мемлекет басшысы ұстаздардың курстан өтуі үшін өз қалтасынан ақша төлеуіне жол берілмейтінін мықтап ескертті. Алайда мұғалімдер өз ақшасына оқыған, әлі де оқып жүр. Неге? Қарама-қайшылық неден туып тұр? Солтүстік Қазақстан облы­сы­ның Тайынша ауданында математикадан сабақ беретін Феруза Қайырбекқызы ақылы курстан өтуге мәжбүрлемейтінін, бірақ мәж­бүр болатынын айтты.

«Инклюзивті білім беретін оқушысы бар мұғалімдер барып оқы­сын. Әйтпесе сағат бере алмаймыз. Бұл заңға қайшы болады», деген соң, өз қалтамыздан ақша шығарып оқыдық. Заң­мен жүрейік деп бардық. Сөй­тіп «Өрлеу» орталығының инклю­зив­ті білім беру курсынан өттік. Үш күнге 15 мың теңге төледік. Қазір курстардың бәрі ақылы болып кетті ғой. Ірі қалалардан түрлі ха­барламалар мен шақыртулар келе­ді. 72 сағаттық курстар 30-40 мың теңге тұрады. Жарайды, қызықтырған курстарға өзің-ақ шығын шығарып барайын дейсің. Бірақ сабағыңды тастап барғаныңа жалақыңды сақтап қоймайды ғой. Оған қоса барып-қайту, барған жеріңде жүріп-тұру жолақың, пәтерақың, тамағың тағы бар. Қалтаға салмақ салып кетеді», дейді Ф.Қайырбекқызы.

Инклюзивті білім беру қазір қолданыста жүрген Мемлекеттік стандарт пен оқу бағдарламасында бар. Бағдарламада бар дүние неге тегін оқытылмайды?

«Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығы «Оқу-әдістемелік жұ­мыстар» департаментінің директоры Ержан Болсынбекұлы жоғарыдағы сауалымызға: «Біздің орталық Білім және ғылым минис­трл­ігімен келісілген 132 оқу бағ­дарламасы бойынша биыл 30 мыңнан аса педагогті тегін курс­тардан өткізіп, біліктілігін арт­ты­руға атсалысты. Орталықта оқу бағдарламалары тегін неме­се ақылы болып бөлінбейді. Сонда өз қалтасынан ақша шы­ғарып «Өрлеудің» курстарынан өтетіндер қайдан шығады? Қа­зір қолданыстағы заңға сәйкес мұғалімдер бес жылда кем дегенде бір рет тегін курстан өтуге құқылы. Ал кейде бір педагог өзінің пәніне қатысты курстан те­гін өтіп алады да, артынша (яғни бірінші тегін курсынан өтке­ні­не 5 жыл өтпестен) қо­сым­ша инклюзивті білім беру курсынан өтуге мәжбүр болады. Сондайда ол ақылы оқиды. Тағы бір мысал, қа­тарынан 2 баланы босанып, ұзақ жылғы декреттік дема­лыс­тан келген мұғалім болуы мүмкін. Ол да қайта даярлаудан өтуі тиіс. Сол секілді декреттен немесе жұмысқа басқа саладан қайта қосылған педагогтің жұмыс орнында тегін орын қалмай қалады. Міне, осындай мамандар өз қалтасынан ақша шығарып оқып жатады», деп жауап берді.

Орталық өкілінің айтуынша, ақылы оқу бағдарламаларының саны әр жылдағы педагогтердің сұранысына қарай өзгеріп отырады. Мәселен, 2021 жылы 132 оқу бағдарламасының 32-сі ақы­лы оқытылған. Соның ішінде инклю­зив­ті білім беру курсына сұраныс көп түсіпті. Өйткені мектептерде қазір инклюзивті білім беру кабинеттері ашылып жатыр.

 Біліктіліктің
берері көп

Л.Н.Гумилев атындағы Еура­зия ұлт­тық университетінің аға оқы­ту­­шысы Ақмарал Нияз­бе­кова пе­­дагогтердің өзі ізде­ніп, білік­ті­­лі­гін арттыруға бейім еке­нін жет­­­кізді.

«Басқа сатыдағы педагогтерді білмеймін, бірақ жоғары оқу орын­дарындағы оқытушылар үнемі ізденісте жүреді. Мұны қа­зақ­стандық университеттер ара­сында немесе шетелдерде ұйым­дастырылған семинарларда төбе көрсететін әріптестерден жиі байқаймын. Өзім де оқу орны басшылығының жолдамасын күтіп отырмай, онлайн, офлайн демей халықаралық, қа­зақ­стандық семинарларға мүм­кін­дігінше қатысамын. Шынын айтқанда, ақысыз курстардан өтемін, себебі ақылы семинарлар қалтаны қағады. Дегенмен қызықты курстардың көбі ақылы келе­тіні белгілі. Жаңа идея, жаңа дағды, жаңа әдіс-тәсіл әр­қа­шан қажет. Онсыз даму болмай­ды», дейді А.Ниязбекова.

Оқытушының ойынша, педа­гог­терді бес жылда бір емес, тіп­ті жыл сайын біліктілігін арттыру курс­тарынан өткізу керек. Бұл – заман­ның талабы.

«Бір жылдары біздің университетте оқытушыларға жылына біліктілігін арттыру курстарының сағатын 72 сағатқа жеткізсе, жала­қы­сына қосымша сыйақы бері­ле­тін. Сол кезде оқытушылар жиі ізденді, семинарларға көп қа­тысты. Қазір де саябырсығаны ша­малы, өйткені өзін жетілдіру сыйақы алу үшін емес, кәсіби даму үшін, айналып келгенде ма­ман ретінде өзің үшін қажет», дейді.

Расымен біліктілігін арттыру курстарынан өтудің өзін қызық­ты­рып, ынталандырып, стимул беретіндей деңгейге жеткізсе, біліктіліктің берері молая түсер ме еді. Бұл үшін әлбетте курс­тар ең алдымен, педагогтерге тегін болуы керек және өтетін уақыты арбаны да сындырмайтын, өгізді де өлтірмейтіндей болғаны абзал. Мұны біз әңгі­ме­лес­кен мұғалімдердің көбі айтып отыр. Мысалы, педагог қауым 56 күн демалады. Сол еңбек дема­лысы кезінде 2-3 апталық курс­тан өткізіп алса, жыл сайын бі­ліктілігін арттыруға да мүм­кін­дік туады-ақ. Оған барлық тарап (оқытатыны да, оқитыны да) мүдделі болса, қане...