Қоғамға келтірер пайдасы мол, жан-жағына тек жақсылық нұрын шашатын жандардың ғұмырының қысқа болатыны да – өмір заңдылығы. Ауру деген ауыр сынақты қайсарлықпен көтерген Кеңесхан Асылханұлының өмірден өткеніне де бір жылға таяп қалыпты. Қымбат жанның қазасы бәрімізге ауыр тигені анық. Жақсы адамды жүрек қисын ба, жол бастар тәлімгер, сыйлы әріптес, адал досты іздеп, қабырғамыздың қайысатыны да рас.
Кеңесхан Асылханұлы қысқа ғұмырында туған-туыс, дос-жарандары мен әріптестерінің қамқоршысы бола білді. Кәсіппен айналыса жүріп қоғамдық істерге де көңіл бөлді. Кәсібін жаңадан бастағандарға жол көрсетіп, заманауи бизнес-жобаларды ұсынып, өз кәсіптерін дөңгелентіп кеткенінше қамқорлығын көрсетті. Әл-ауқаты төмен отбасыларға қамқорлық жасап, әрдайым көмектесіп тұрды.
Отбасына да қамқоршы әке, адал жар бола білді, өмірлік қосағы Айман Заманбекқызын қатты сыйлады, балалары мен немерелерін жанындай жақсы көрді. Туған-туыс, құда-құдағиларымен де сыйластықта болды. Күйеу балаларын өз балаларындай көрді, оларға ақылшы, кеңесші, дос бола білді.
Басына қандай ауыртпашылық түссе де сыр бермейтін байсалды кісі еді. Көңіл күйі болмай, іштей күйзеліп жүрсе білдірмейтін. Қазір ойласақ, ол да жақындарына деген шынайы қамқорлықтың үлгісі, «мені ойлап алаңдамасын, уайымға салынып, қиналмасын» дегені екен-ау?!
Кеңесхан Асылханұлының туып-өскен мекені – Алматы облысы, Ескелді ауданы, Шұбар ауылына деген махаббаты ерекше еді. Әрдайым ауылын сағынып жүретін, қажет болғанда қамқор қолын созудан еш тартынбайтын. Осындай аядай ауылдан бала кезден білімге құштар, әр нәрсенің сырын білуге, зерттеуге ынтық болып өсіп, үлкен өмірге қадам басты, биік белестерді бағындырды емес пе?!
Кеңесхан Асылханұлының өмірдерегіне тоқталар болсақ, ол еңбек жолын 1983 жылы ММТУ-54-те оқытушы болып бастады. 1985 жылы АМТУ-3, 1990 жылы Талдықорған зооветеринарлық техникумында оқытушы болды. 1994 жылы «Темір» фирмасының директоры, 1998 жылы «Жаркент» МҚКК директоры, 2005 жылы «Алрун» асыл тұқымды зауыты» ЖШС Талдықорған аймақтық филиалының директоры қызметтерін атқарды.
Кандидаттық диссертациясын «Шаруа және фермер қожалықтарында қойлардың өнімділігін арттыру үшін етті бағыттағы тұқымдық қошқарларды пайдалану» тақырыбына арнады. 2016 жылы Қазақстан Республикасының Қой шаруашылығы Республикалық Палаталарын құрып, өмірінің соңына дейін осы Палаталардың директоры қызметін атқарды. «Қазақстан қой өсірушілер одағының» және «Жетісу қой өсірушілер ассоциациясының» Президенті болды.
Ауыл шаруашылығы министірінің Алғыс хатымен, 2018 жылы «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
Қазақстан Республикасы және Алматы облысы қой шаруашылығы саласын 2030 жылға дейін дамыту бағдарламаларының жетекшісі ретінде талай жарқын істің бастамашысы болған, түрлі меншік нысандарында қойлардың генетикасы мен өнімділігін жоғарылатуда селекциялық-асылдандыру жұмыстарының отандық заманауи әдістерін енгізуде белсенділік танытқан жанның еңбегі, елі үшін жасаған қызметі зор.
Кеңесхан Асылханұлының нұрлы бейнесі, адами үлкен қасиеті, еңбекке деген ынта-ықыласы, жігерлілігімен бізге әрқашан үлгі болып қала бермек.
«Қылшық жүндi (Едiлбай, Қазақтың қылшық жүнді құйрықты, Ордабасы, Сарыарқа қылшық жүнді құйрықты) өнімділік бағытындағы қойлардың» республикалық палатасы