Соңғы мәліметтерге сәйкес, Беларусь аумағынан Польша шекарасын соңғы тәулік ішінде 223 мигрант заңсыз кесіп өтпек болған. Бұл – мигранттардың арасында «Германияға алып кетуге келген автобус» жайлы қауесеттер таратып, мигранттарды заңсыз әрекетке итермелегісі келгендердің әрекеті деп хабарлады Польшаның Ішкі істер министрлігі. Польша билігі шекара аумағындағы барлық азаматтардың ұялы телефондарына бірнеше тілде арнайы хабарлама жіберіп, бұл қауесетке сенбеуге шақыруда.
Поляк құқық қорғау қызметкерлері 14 қараша күні ел аумағына заңсыз енген 77 мигрантты елден шығарып жіберді. Шекараны заңсыз кесіп өтпек болғандар шекара қызметкерлеріне тас атып, тәртіпсіздік жасаған. Соның салдарынан лақтырылған тастардың бірі шекарашының басына тиіп, оның каскасын сындырып жіберген.
Сонымен қатар шекарада қойылған арнайы бөгеттерді бұзған бір топ адамның 22-сі ұсталды. Кейін олардың бәрі Ирак азаматтары екені анықталған. Бұзақыларға заңсыз әрекет жасауға көмектескені үшін Грузияның екі азаматы және Польша мен Сирия азаматтары шекарашылардың қолына түсті. Оларға 13 мигрантты шекарадан заңсыз өткізбек болды деген айып тағылуда.
Польша Қорғаныс министрлігінің айтуынша, Беларусь құқық қорғау қызметкерлерінің тарапынан да арандатушылық тіркелуде.
«Кеше беларустардың провокациясы күшейе түсті. Шудзялово аумағында олардың қызметкерлері біздің солдаттарға екі мәрте тас атқан. Бұл оқиғадан ешкім зардап шеккен жоқ», делінген министрліктің Твиттер-парақшасында.
Аталған ведомство басшысы Польша шекарасының мызғымастығын және қатаң қорғауда екенін айтты.
Польша ІІМ-нің баспасөз қызметінің жазуынша, мемлекеттік құқық қорғау қызметтері кез келген жағдайға дайын отыр.
Батыс бұл дағдарыстың «қолдан жасалғанын» және Лукашенконың Еуропа енгізген санкцияларға қарсы жауабы деп бағалауда. Сонымен қатар бұған Ресейдің де қатысы бар деген болжамдар халықаралық медиада жиі пайда болуда. Ресми Варшава Лукашенко мен Путинді «гангстерлік тактика» мен «гибридтік манипуляция» қолдануда деп айыптауда.