Елдің тұтастығы мен бірлігіне, экономикалық-әлеуметтік дамуына сүбелі үлес қосып отырған «Нұр Отан» партиясының құрылғанына да 15 жыл толып отыр. Бұл саяси ұйымның қазіргі атқарып келе жатқан жұмыстары, сөз жоқ, менің жеке қызметіммен қатар, саяси көзқарасым қалыптасуының баспалдағы болды десем, артық айтқандық емес. Партияның соңғы съезіне қатысар алдында Көкшетау өңіріндегі «Сұңқар» демалыс-сауықтыру лагерінде «Жастар–Отанға» жобасына қатынасып, арнайы іріктеуден өткен болатынмын. Нәтижесінде партияның тарихи съезінде көп назарына ұсынылған Саяси доктринаның қабылдану сәтінде көппен бірге өз үнімді қосып, қолдап дауыс бердім. Жалпы, партия тарихында тұңғыш рет жасотандықтардың съезге қатынасуы мен секілді көптеген жасқа қанат бітірді.
Күн өткен сайын дамып, өрлеу бағытына түскен елімізде қабылданған бұл Доктринаның алдыңғы құжаттар секілді елдікті көздеп, баянды болашақ үшін жұмыс істейтін құжат екеніне көз жеткіздік. Осы құжат қабылданар сәтте Елбасы еліміздің әр өңірінен келген азаматтармен қатар, арнайы делегат ретінде шақырылған 300-дің үстіндегі жасқа ерен міндеттер жүктеді. Бұл ел жастарына көрсетілген құрметпен қатар, жауапкершілігі терең, байламы берік сенім деп санаймын. Ұлтының ұлы болашағы үшін өзіне аманат етіп жүктелген елін Мәңгілік Елге айналдыру жолында азаматтықтың биік үлгісін көрсеткен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен бетпе-бет кездесіп, ел тағдыры біздің қолымызда екенін тағы бір мәрте есімізге салып қана қоймай, ерінбей еңбек етуге, жалықпай білім алуға шақырды.
Біздің Отанымыз біреу – ол қасиетті Қазақстан екенін жадымыздан шығармай, соның жолында тер төгіп, бабалар аңсаған асыл мұратын жүзеге асыру – біздің міндетіміз. Өз сөзінде Президент: «Жастар – біздің алтын қорымыз», деп ерекше атап өтті. Елбасы айтқандай, жас қазақстандықтардың партияның, жалпы Отанымыздың бағдарын қолдауы және 2050 жылға дейінгі мерзімге арналған бағдарламаны жүзеге асыруға кеңінен қатысуы тарихи, моральдық, тұрақтандырушы зор мәнге ие. Президент, сондай-ақ, жастар саясаты бойынша жүктелген тапсырмалардың толық орындалмай отырғанын да сынға алды. «Үкімет 2020 жылға дейінгі Жастар саясаты тұжырымдамасын бекітті. Алайда, оны жүзеге асыру іс-шаралары бойынша қаржыландырудың көлемі анықталмаған. Барлығы бағдарламалардың әкімшіліктеріне келісілген шек бойынша берілген. Ал бұл шек қаражат тұтынушыға жете ме, жоқ па, белгісіз. Тағы бір мысал, менің тапсырмам бойынша Білім және ғылым министрлігі «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығын құрды. Алайда, қаржыландырудың жоқтығынан бұл да толыққанды жұмыс істей алмай отыр», деген Мемлекет басшысы өңірлерде жастар ресурстық орталықтарын құру жұмысының созылып кеткендігін, оны жедел арада жүзеге асыруды ел Үкіметіне қатаң тапсырды. Осыдан-ақ Елбасының жастар тағдырына бейжай қарамайтынына тағы бір мәрте көз жеткізе түстік.
Біз үшін осындай жұмыстарды атқарып отырған Мемлекет басшысының әкелік қамқорлығына менің замандастырым өз алғыс сезімдерін білдірді. Қазақстан халқының ерлік пен бірліктің үлгісін көрсеткендігіне өткен тарихымыздан айқын көз жеткіземіз. «Біз бабаларымыз сан ғасырлар бойы аңсаған арманға қол жеткізгенімізді мақтан ете білуіміз керек. Ұлтымыздың ұлы тарихының жаңа тарауы қуатты да табысты тәуелсіз мемлекеттің шежіресі болып жазылуда. Айтатын сөз біреу-ақ: елдің бірлігі – қазақтың бірлігі», деген Мемлекет басшысының батыл бастамаларын біз, жастар қашанда қолдауға дайынбыз.
Мемлекетте жүзеге асырылып келе жатқан баянды бастамалар мен іргелі істер біздер үшін, кемел келешек үшін жасалуда екенін жақсы түсінеміз. Олай болса, партияның жаңадан қабылданған құжатында көрсетілген оң бастамаларды бірге жүзеге асыруға индерлік жастар да әрқашан дайын. Ендеше, іске сәт!
Сұңқар КӨШЕКОВ,
Индер аудандық «Жас Отан»
жастар қанатының атқарушы хатшысы.
Атырау облысы.