немесе Қайрат Келімбетовке хат
Құрметті Қайрат! Осы бір хатты жазарымды да, жазбасымды да білмей ұзақ ойландым. Әуелде жазайын деп қолыма қалам да алған едім. Кейін бұл ойымнан айнып та қалғаным болды. Өйткені, лауазымды азаматқа жазған бұл хатым қалай қабылданар екен деп бір бастаған хатымды аяқтамай тастап та кетіп, сонан соң екі-үш мәрте қайра жалғастыруға отырғаным да болды. Енді не де болса, осы хатымды аяқтауға бекіндім. Сіздің «Егемен Қазақстан» газетіндегі (21 желтоқсан, 2013 жыл) «Художественная литература» баспасының директоры Георгий Пряхинмен «Әкем дұрыс айтқан екен...» атты сұхбатыңыздағы «Біз кейде пікір таластырған мәселелердің бәрінде әкем дұрыс айтқан екен... Одан кешірім сұраймын...» деп айтқаныңыз, бәлкім, жалғыз менің ғана емес, менен басқа тағы да біраз жандардың әкеге деген жүрек сезімдерін дір еткізген шығар деп ойлаймын. Мен сіздің әкеңіз Немат Келімбетовтің есімін ертерек естіген едім. Өйткені, біздің ұрпақ кітапты байлық деп білген, тек қана кітап оқып, сол кітапты оқу үшін кітапханаларды, кітап жинау үшін кітап дүкендерін ғана жағалап өстік қой. Құдайға шүкір, бүгінгінің заманы мен адамының өлшемімен салыстырар болсақ, дүние-мүлкімізбен бүгінгі осы заманға тақырлау келсек те, өзіміздің жан дүниеміздің байлығына масаттанып, соған тойып, сонымен ешбір алаңсыз рахат күй кешіп жатырмыз. Әне бір жылдары әкеңіздің «Ұлыма хат» деген үлкен бір жүректің сезімімен жазылған жан сырын «Егемен Қазақстан» газетінен оқып, тебіреністі сәтті бастан кешірген едім. Әуелде бұл баяғы белгілі педагог Василий Сухомлинскийдің «Письма к сыну», одан кейін халқымыздың Әзағасы атанған Әзілхан Нұршайықовтың «Ұлыма хат» үлгісінде жазылған дүние шығар, көз жүгіртіп қана қоя салармын деп едім, мына хат дүниеден озып кеткен тап менің өз әкемнің маған арнап жазып кеткен хатындай сезіліп жүре бергені болды. Бас алмай оқыдым да, менің де әкемнің өсиеті мен өз ұрпақтарына деген махаббаты мен тілеуқор ниеті мен жүрегі де осындай болар деп жаныма түйген едім. Құдай біледі, сіздің әкеңіздің сол хатын жалғыз мен ғана емес шығармын, көкірегі ояу талайлардың өз әкесінің хатындай иеленіп алғандары да бар болар. Осы бір ойымды сіздің «Қарттықтың артықшылығы жастық шақта болмайтын даналық пен өмірлік тәжірибе. Осы даналық дәрістерін әкем маған ғана емес, жалпы, жас буынға жеткізгісі келді» деп айтып отырған тамаша ойыңызбен орайластыра кеткенді жөн санадым. Сіздің әкеңіздің сол «Ұлыма хаты» өмір көрген, тек сол өмірді көріп қана қоймай, сол өмірдің мәні мен мағынасын тереңінен түсіне білген, өмірдің не екендігін бар жан дүниесімен тани білген адамның айтары еді де, мына өмірдің бар байлығы да, тамыры да өз кіндігімен жалғасар ұрпағы екендігін, былайша айтқанда, өмір дегеніңіз, өз соңымызда қалар ұрпақ екендігін тамаша түйген де болатын. «Әкем дұрыс айтқан екен...», – деген бірауыз сөзіңізбен жан дүниемнің өзіме ғана беймәлім түпкірінде жатқан мұңымды қозғадыңыз да, сол мұң келіп менің де өз әкеме деген сағынышымның шоғын қайра бір үрлеп, ой-санамның әлем-тапырығын шығарғаны бар. Әрине, сіз де, біз де өз әкемізден кешірім сұрайтындай жай бір балалығымыз болмаса, соншалықты бір басбұзарлық пен бейбастақтық жасай да қойған жоқ шығармыз. Алайда, бәлкім сол балалығымыз үшін де кешірім сұрағанымыз да абзал болар! Дегенмен, сіздің «әкемнен кешірім сұраймын» деген сөзіңіздің түп-төркінінде әкеге деген перзенттік ізгі құрмет, әкеге деген перзенттік мәңгілік сағыныш, әкеге деген өз ұрпағының мәңгілік тағзымы жатқандығын аңдадым. Шіркін, әр бала, әр перзент атаулы өз әкесінің алдындағы мейлі ол ерте бола ма, мейлі ол кеш бола ма, кінәсі болды ма, болған жоқ па, әйтеуір, осылайша өз кешірімін бір сұрап тұрса ғой! Сіз мені осы бір ойларға алып келдіңіз. Сонан кейін қайран да қайран өз әкемнен мен де кешірім сұрадым! Қайран біздің әкелер! Не көрмеді? Қандай азапты тартпады дейсіз? Бейнетпен өткен әке өміріне енді келіп зер салғандаймыз. Ауыр жұмыс, ауыр тұрмыс. Менің әкем өзінің екі бірдей туған ағасымен, екі бірдей туған інілерімен соғысқа аттанып, тек қана қара шаңыраққа бір өзінің ғана аман оралғандығын ойласам, осы күндері көкірегімді мұң басады. Қайран әкем үшін қанды майдан даласындағы қырғыннан оралмаған өзiнiң төрт бiрдей туған бауыры – екі ағасы мен екі інісінің қайғысы мен қасiретiн көтеру, әрине, оңай болмағаны анық. Ол да ешнәрсе емес қой, оның үстіне кешегі байдың, қажының баласы деген қара таңбалап тастаған кеңестік қоғамның сенімсіздігі мен аңдуы азаптың азабы болған еді. Жеңiс күнi жұрт той тойлап жатқанда әкем ешқайда шықпай жатып қалатын. Аяғын басып жүре алғанымен әкемнің жүрегі сал болып, сағынышпен сарғайып жатып алатын. Әкем егілетін және де ауыр-ауыр күрсінетін еді. Әкемiзбен бiрге бiз де егiлетiнбiз, бiз де күрсінетінбіз. – Барып дұға қылайын десем, қабірі жоқ, оқиын десем, хаты жоқ бауырларымның, – деп егiлетiн қайран әкем. Кей-кейде «Олар тiрi, келiп қалады. Мен өліп қалып, олар үйге келіп қалса, сендер танымай қалып жүрер ме екенсіңдер?!» – деп әкем ауыр күрсініп, бізге осыны айтатын да, екі ағасы мен екі інісінің түр-түсін, біздің қайсымыздың солардың қайсысына ұқсайтындығымызды көзi жұмылғанша санамызға сіңірумен болды. Өз бауырларын тiрiлер қатарында санап, жыл сайын төртеуiне тиесiлi пiтiр садақасын да өзi берiп жүретiн. Енді ойлап отырсам, әкем өз бауырларын майдан даласында қаза тапты деп ойламаған да болар, бауырлары өзі жоқта келіп қалса, біз танымай қала ма деп алаңдаған екен-ау! Әкемнің осы бір жан күйзелісі жаныма бататын. Майдан даласынан оралмай жүрген, әкемді зарықтырып қойған ағаларым жайлы нақтылы бiр деректер бар болар деген оймен сол кездегі Кеңестер Одағының Қорғаныс министрлiгiнiң Орталық архивiне сұрау салып хат жазуыма да тура келдi. Олардан әкемнің бауырларының қай жылы, қай күні хабарсыз кеткендіктері жайлы айтылған жауап хат келді. Әкемнің екі ағасы да, екі інісі де майдан даласынан хабарсыз кеткен екен. Міне, бір үйдің төрт бірдей азаматының, әкемнің төрт бірдей бауырының, менің ағаларымның тағдырлары осылай болған екен. Алайда, Қорғаныс министрлiгiнен алынған осы бiр жан сыздатар қаралы хабарды әкеме айта алмадым. Бұл жайында әкем мүлдем бiлмей өттi дүниеден. Әкемнiң «олар тiрi, келедi әлi, мен жоқта келiп қалса, танымай да қаласыңдар-ау» деп отырар соңғы бiр тәттi үмiтiн үзгiм келмедi. Өмiрдiң түрлi-түрлi қасiретiнен онсыз да мұқалып жүрген, әрi өзiнiң төрт бiрдей туған бауырларын зарыға тосқан әке жаны күйзелмесе екен дедiм.. Соғыстан қайтпай жүрген ағаларымның туған елдегi, туған топырақтағы iздерi өшпесiн деген ниетпен әке қабірінің басына орнатқан құлпытасқа да төрт ағаларымның аттарын, Қорғаныс министрлiгiнiң архивiнен алдырған анықтама бойынша туған және соғыста хабарсыз кеткен жылдарын тасқа қашап, жазғызып қойдым. Міне, бұл менің әкемнің қасіреті мен жан күйзелісі болатын. Өз тіршілігінде ет жүрегімен көтеріп өткен әкемнің осы бір ауыр қасіретін енді туған жерімдегі әке қабірінің басындағы сол бір құлпытастың қара тасы қасқайып көтеріп тұр. Менің де әкем осылайша бұл дүниеден өз үмітін үзбей өткен жандардың бірі еді. Үміттер үзілмесе екен! Адам баласының үміті дегеніңіз кейде азырақ қаталдау болса да, кейде күрсінісі көп болса да, мына ғажап та тамаша өмірдің нәзік бір көңіл қылы ғой. Сол бір нәзік көңіл қылына адам тағдыры ілініп тұрғандығын сезіне білу керек те шығар. Соны сезіне алар болсақ, Адам баласы әуелі... иә, әуелі сол адам баласының өзін жылатпас та, құлатпас та еді. Жылап тұрған және де жылап жатқан адам баласының көз жасы дегеніңіз сол адам баласының үзіліп түсіп, үзіліп түсіп жатқан, тіпті мүлдем үзілгелі тұрған соңғы бір үміттері екендігін ойлаймын да, адамның көз жасынан қорқатыным және де бар. Адам баласының бір-біріне деген махаббаты мен сүйіспеншілік сезімдері неге семіп барады? Дүние неге қатыгезденіп барады? Адам баласының сол адам баласына деген, жалпы, мына тіршілікке деген өшпенділігі неге өршіп барады? Мені осы бір жайлар күйзелтеді, жанымды құлазытады. Егер де әр адам баласы ұрпағының жан дүниесі мен ой әлемі, санасы мен сезімі әке Немат пен бала Қайраттың жан дүниесіндей болып мәңгі байланысып жатса, онда мына дүние дәл бүгінгідей сезімсіз қалмас та еді. Өйткені, әке мен бала, жалпы, ата-ана мен ұрпақ арасындағы жүрек сезімінің жан мен рух байланысында махаббат пен мәңгілік өмір жатыр! Сіз өз әкеңіз Немат Келімбетовтің соңында қалған бай мұрасын жинақтап, кітаптарын баспа жүзінен шығартып қана жатқан жоқсыз, сіз өз әкеңізбен осы бір рухани жан байланысыңыз арқылы өз әкеңізге мәңгілік өмір сыйлай білдіңіз. Және де мәңгілік өмір сыйлап жатырсыз! Сол әкеңіздің мәңгілік өмірі бүгін өз ұрпағы сізбен мәңгілікке ұласып, мәңгілікке жалғасып бара жатса Немат әкенің осы бір мәңгілік ғұмырын одан кейінгі ұрпақтары да мәңгілік етер деп ұғынамын. «Рухани күш-жігері арқылы қиыншылықтарға мойымай жеңе білген адамдар өмірі үлгі алуға тұрарлық», – дегенді айта отырып, сіз мені әкелеріміз бізді өз қасіреттерімен үнсіз ғана тәрбиелеп және де біздің бойымызға сол өз қасіреттерінің қос жанарларындағы өзінен басқаларға мәлімсіздеу мұңдарымен-ақ адами қасиеттерді сіңірген шығар деген бір ойға алып келдіңіз. Біз де сол өз әкелеріміздің жанарларындағы өмір мұңын айтпай-ақ, қабақтарынан үнсіз аңдап, үнсіз тануға дағдыландық. Бәлкім, әкелер қабағындағы сол мұң атаулылар бізді айналадағы мұң мен мұңдылау жандарға сергек қарауға үйреткен де болар. Бәлкім, «рухани күш-жігері арқылы қиыншылықтарға мойымай» соны жеңе білген біздің әкелер өмірі ең әуелі өзімізге мәңгі үлгі болып қала да берері бар. Бәлкім әкелер мәңгілігі дегеніңіз де осы болар?! Қайрат бауыр! «Әкем дұрыс айтқан екен...», – дейтін сіз айтқан осы бірауыз сөзді кейін... иә, кейін... соңымыздан айта жүрер саналы ұрпақ берсін барша адам баласына! Бізді әкелер кешірер деп ойлаймын! Мен осыған сенімдімін! Өйткені, әкелердің үміті біз едік қой! Құрметпен, Жабал ЕРҒАЛИЕВ, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Парламент Сенатының депутаты. АСТАНА.«Жастар» Сарайының жарты ғасырлық мерейтойы тойланды
Елорда • Бүгін, 22:33
«Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісі «Дарын» сыйлығын иеленді
Мәдениет • Бүгін, 21:54
Алматы облысы – инвестициялар мен халықаралық бизнес орталығы
Алматы • Бүгін, 21:46
Алматы • Бүгін, 20:40
Президент Мәжіліс төрағасын қабылдады
Президент • Бүгін, 19:55
Президентке жасанды интеллект саласындағы отандық өнімдер таныстырылды
Президент • Бүгін, 19:13