Елбасы Н.Назарбаев өткен жылдың соңында инвестициялық жобалардың тұсаукесеріне арналған телекөпірде Ұлттық кәсіпкерлер палатасына «Шағын бизнеске арналған 100 жоба» атты анықтама кітабын жасап шығаруды тапсырған болатын. «Бұл кітап бүгінгі таңда еліміздегі еңбекқор азаматтарды тұрақты табыс көзімен және жұмыспен қамтамасыз етеді. Қазақстанда 500 мыңнан астам көпбалалы ана, 600 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жандар, 570 мыңға жуық студенттер мен 1,7 млн. зейнет жасындағы отандастарымыз тұруда. Бұл кітап сол азаматтарға да өз ісімен айналысуға үлкен көмегін тигізеді...» деген еді сол жолы Нұрсұлтан Әбішұлы.
Осыған орай, Оңтүстік Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасында «Шағын бизнеске арналған 100 жоба» атты кітаптың тұсаукесері өтті. Қазақстанда алғаш рет жарыққа шыққан бұл кітапта шағын бизнеспен айналысуға септігін тигізетін және әр салалы 100 шағын бизнес жоспарлар көрсетілген. Сонымен қатар, кітапта кәсіпті бастауға қаржы табу көздері, мемлекеттік бағдарламалардың шарттары, құрал-жабдықтарды жеткізу мен қамтамасыз ету, бизнесті оқыту және тағы да басқа ақпараттар қамтылған.
– Өз кәсібіңді бастау – әрдайым көптеген сұрақтар мен мәселелерді шешуді талап етеді, – дейді ОҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұржан Әлтаев. – Басылымда кәсіпкерге алғашқы есептерін дұрыс жасауға жәрдем болатын нақты ақпарат көрсетілген. Кәсібінің дамып, өрге домалауын қамтамасыз ету үшін, бизнес әлемінің басты мәселелерін айқындап, оларды шешуге жол бағыттайтын осы кітапты жаңа кәсіпкерлерге ұсынып отырмыз.
Бизнес әлеміне енді бет бұрып, өз ісін жаңадан бастап жатқан кәсіпкерлер облыс халқын, әсіресе ауыл-аймақ тұрғындарын кәсіпкерлікке баулу мен үйретуді басты мақсат тұтқан бұл кітаптың көптеген есеп-қисапты жүргізуге кететін уақытты үнемдейтініне сенімді.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан».
Оңтүстік Қазақстан облысы.