Оқиға • 18 Қараша, 2021

Алаяқтар СҚО тұрғынын 10 млн теңге несие алуға көндірген

359 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавл тұрғыны полицияға арызданып, өзінің алаяққа жем болғанын айтқан, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алаяқтар СҚО тұрғынын 10 млн теңге несие алуға көндірген

Оған белгісіз біреу банктің қауіпсіздік қызметінен екенін айтып, атына басқа адамның үлкен несие ресімдегенін хабарлаған. Телефон шалушы заңсыз әрекеттің алдын алу үшін «несиелік лимит таңдауды» ұсынған. Сондай-ақ бірнеше банктен 10 млн теңге несие ресімдетіп, оны «сақтық шотқа» салғызған. Ол жерден ақша бірден жоқ болған.

«Зардап шегуші мұндай алаяқтар жайында бұрын естіген екен, бірақ өзін дәл осылай алдайды деп ойламапты. Хабарласқан адам зардап шегушіге оның әрбір іс әрекетін белгісіз біреулердің бақылап отырғанын, телефонының тыңдалатынын және кез келген уақытта жаңа несие ресімдейтінін айтып, сендірген. WhatsApp мессенджері арқылы хабарласып, оның қазіргі уақытта ең қауіпсіз байланыс құралы екенін айтқан. Психологиялық тәсілдер әртүрлі болғанымен, олардың мақсаты бір – қылмыскерлер өз құрбандарын асықтырып, ойлануға мұрсат бермей, тез шешім қабылдатқызады», дейді Петропавл қалалық полиция басқармасының екінші полиция бөлімінің бастығы Руслан Сыздықов.

Полицейлер банктің қауіпсіздік қызметі ешқашан клиенттерге телефон соқпайтынын және қандай да бір қаржылық операция жасауды талап етпейтінін ескертеді.