27 Ақпан, 2014

Өзен жағалағанның өзегін талдыруға бола ма?

568 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
350 Ауа райы біресе суытып, біресе жылынып, сан құбылған Атырауда балық шаруашылығы саласындағы өндірістік кооперативтер көктемгі балық аулау маусымына дайындалып жатыр. Атыраулық балықшылар балықтың сан алуан түрін негізінен Жайық және Қиғаш өзендерінен аулайды. Алайда, Ресеймен арадағы шекара сызығымен ағып жатқан Қиғаш өзенінен су маржанын сүзетін балықшыларды қиындыққа кезіктіріп отырған бірнеше мәселе бар. Мысалы, Құрманғазы ауданындағы «КаспийБалық» өндірістік кооперативінің атқарушы директоры Жұмажан Шакуповтың айтуынша, біріншіден, соңғы жылдары балық аулауға берілетін лимит әр балықшыға балық түріне қарай бөлініп беріледі екен. Алайда, балықшылар пікірінше, лимитте көрсетілген балық түрлері бір су қоймасынан ғана ауланбайды. Тіпті, лимитте көрсетілген нормамен аулауға да мүмкіндік бола бермейді. Балықшылар балық аулауға рұқсат етілген билеттерді мерзімі бітіп қалуына орай 300 шақырымдай алыстағы Атырау қаласына 3-4 рет барып, қайтадан жаздырып әкеледі екен. Екіншіден, табиғатты пай­да­ланғаны үшін, яғни балық аулау лимитіне төленетін төлем жылдан жылға ең төменгі есептік көрсеткішке байланысты өсіп отыр. Мәселен, төлем 2006 жылы 1 кило ірі балық үшін 15 теңге, ал 1 кило ұсақ балық үшін 5 теңге мөлшерінде белгіленген. Қазір бұл төлем өзгеріп, ірі балықтың 1 килосына 23 теңге, ұсақ балық үшін 7 теңгеден төленеді. Балықты жеке тұлғалар секілді килограмдап емес, тонналап аулайтын өндірістік кооператив басшылары төлем бағасының тұрақтанғанын қалайды. Өйткені, төлем бағасының ең төменгі есептік көрсеткішке байланысты өсе беруі кооперативтер экономикасын көтеруге, негізгі қорын толықтыруға тосқауыл болады деп есептейді. Үшіншіден, Қиғаш өзені және оның сағаларын қалың шөп, ну қамыс пен қоға басыпты. Демек, бірнеше жыл бойы гидрологиялық, мелиорациялық жұмыстардың жүргізілмегенін байқатады. Ал бұл алдыңғы кезекте Қиғаш өзенінде, оның салалары мен сағаларында балық түрлерінің табиғи жолмен көбеюіне, қозғалысына теріс әсерін тигізеді. Бұл балық аулауға да қиындығын туғызып отыр. Төртіншіден, Қиғаш өзенінен ауланатын балықтың 80 пайыздан астам үлесі қабадалар (вентерлер) арқылы іске асырылып келеді. Мұндай әдіс сонау 70-90-жылдардан бері бар. Сол кезеңде екі адамнан құралған қайық жарақтары 135 дана қабадамен жарақтандырылады екен. Дәл осы әдіспен жарақтанған әр звеноға 350-450 центнер балық аулау жос­пары тапсырылған. Осыған орай, «КаспийБалық» өндірістік кооперативінің атқа­рушы директоры Жұмажан Шакупов Үкіметтің «Балық ресурстары мен басқа су жануарларын, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға шектеу мен тыйым салуды енгізу, олардың пайдалану орындары мен мерзімдерін белгілеу туралы» қаулысына Қиғаш өзенінің сағалық кеңістігіне кәсіптік балық аулау үшін 2 адамнан құралған 135 дана қабада жарағымен іске асыруды енгізсе» деген ұсынысын айтады. Бесіншіден, яғни ең басты мәселе Қиғаш өзенінен балық аулау мерзіміне байланыс­ты туын­дап отыр. Жоғарыда айтқа­ны­мыздай, Қиғаш өзені Қазақстан мен Ресейге ортақ шекара сы­зы­ғының бойымен ағып жатыр. Яғни, бір өзеннің үстінен Қазақ­стан балықшылары да, Ресей балықшылары да балық аулайды. Алайда, Қиғаштың бергі бе­тін­дегі қазақстандық балықшыларға ба­лықты 1 мамырдан кейін аулау­ға рұқсат жоқ. Балық аулау ли­митінде дәл осылай көрсетілген. Ал Ресей балықшылары Қиғаш өзенінен балықты 25 мамырға дейін алаңсыз аулай береді. Сонда Қиғаш өзенінің қос жағалауында отырған екі ел балықшыларына берілген лимиттің мерзімі неге екі түрлі? Бұл жерде Қазақстан Үкіметі Қиғаштан балық аулауға берілетін лимит мерзімін бел­гі­легенде нені ескермеді? Ал Ре­сей өз балықшыларына Қиғаш өзенінен 25 мамырға дейін балық аулауға рұқсатты нендей себеппен беріп отыр? Газет тілшісінің осы сауалдарына орай Парламент Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов былайша түсінік берді: – Бұл жерде бір мәселе – Қиғаш өзенінде балықтың қай кезде жү­ре­тіндігі ескерілмей отыр. Мен жа­қын­да Ресейдің Астрахань қала­сындағы Каспий балық шаруа­шылығы ғылыми-зерттеу институтының (КаспНИРХ) ғылыми мамандарымен кеңестім. Институт ғалымдары ұзақ жылдар бойы жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде Қиғаш өзеніне балықтың кіруі сәуірдің аяғында басталады деген тұжырым жасап отыр. Ал мамыр айының орта тұсында Қиғаш өзенінде балық тіптен көп жүреді. Міне, Астраханьдағы ғылыми инс­титут ғалымдарының осындай дәйекті тұжырымдамасына сәйкес Ресей Федерациясының Үкіметі өз балықшыларына Қиғаш өзенінен 25 мамырға дейін балық аулауға рұқсат беріп отыр. Шындығында, бір өзеннің қос жағалауындағы екі ел ба­лықшыларының балық аулау мерзіміндегі айырмашылық – 25 күн. Бұл соңғы екі-үш жыл бойы қайталанып келеді. Әрине, бір қарағанда тым көп мерзім бол­мауы да мүмкін. Бірақ, «Көктемнің әр күні жылға азық» деген қағиданы ұстанатын балықшылар үшін осынау 25 күннің ішінде бірнеше тонна су маржанын сүзіп алуға болатыны ескерілуі қажет. Айтқандай, Қиғаш өзенінен бекіре тұқымдас бағалы балықтар емес, «қара балық» атауына ие болған кәдуілгі жай балықтар ғана ауланады. Өзеннің арғы бетіндегі Ресей ба­лықшылары күн сәулесімен шағы­лысқан ақ балықтарды судан сүзіп алып жатқанда, бергі бет­тегі Қазақстан балықшылары олар­ға телміре қарап отырады. Бір өзендегі табиғи байлықтан Ре­­сей балықшылары мол олжаға ке­не­­ліп жатыр. Ал Қазақстан ба­лық­­шылары одан неге құр қалуы керек? «Өзен жағалағанның өзегі талмайды», дейді қазақ. Ел Үкіметі Қиғаш өзенінен су маржанын сүзетін 12000-13000 адамның өзегін талдырмау үшін жоғарыда келтірілген дәйектерді ескеруі тиіс. Нақтысын айтқанда, Қиғаш өзе­нінен биылғы балық аулау мерзімін 25 мамырға дейін ұзар­туға әлі де мүмкіндік бар. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан». Атырау облысы, Құрманғазы ауданы.
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда МӘМС жүйесі өзгереді

Денсаулық • 05 Мамыр, 2024

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024