Өнердің көптеген саласында аты шыққан суретші Федор Толстойдың көркем туындылары көрерменді иллюзорлық кемелділігімен, таңғажайып ертегісімен және жылы нұрымен баурап алады. Оның ең танымал картиналарының бірі – «Гүлдер, жемістер, құстар».
Иә, кенептің жанры – натюрморт. Бір-бірімен үйлеспейтін, бір қарағанда, дастарқан басындағы өсімдік пен кішкентай құстың бір нысан шеңберіне енуі қисынсыздау көрінуі мүмкін. Тіпті автор жасандылыққа барғандай күйге түсесіз. Лаконик дизайнды шыны ваза мен көбелек кереғар ұғым қалыптастырады.
Суы бар қарапайым вазаға жай ғана жұлынған дала гүлдері салынған. Алма мен жүзімнің иллюстрациясы, түрлі түсті қызыл жолақтар, қызғылт гүл шоқтары және ашық-сарғыш гүл реңктері – суретшінің жеке танымдық идеясы. Алдымен көктемді еске түсіреді және оқырманға қуаныш сыйлауға ұмтылады. Піскен жеміс-жидектер композицияны байытып тұр. Алманың қақ ортасынан екіге бөлінуі мезгілдердің байланысын көрсетеді.
Суретші дәндер мен алма массасын мұқият қадағалаған. Жасыл алманың үстіне қонған шыбын жемістің хош иісті екенін аңғартып тұр. Оған қоса Толстой бірнеше су тамшысын бейнелеген. Олар мөп-мөлдір таңғы шыққа ұқсайды.
Натюрморттың бүкіл композициясы ағаш үстел үстінде орындалады. Фон – қоңырқай ағаш беті. Қарақат сол сәттің балғындығын байқатады. Жап-жасыл жапырақтар әлі сарғаймаған. Жүзім бұтағына қонған ғажайып көкшіл құстың қауырсыны қоңыр түспен тамаша үйлеседі. Қос көбелек вальс билеп жүргендей.
Шынында, қылқалам шебері әртүрлі заттардың қосындысынан калейдоскопиялық шығарма жазып шыққан. Натюрморт бізді табиғаттың байлығына тамсануға шақырады.