Айтысқа Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан, Ақмола, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Түркістан, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарынан 20 ақын қатысты.
Екі күндік жыр сайысының қорытындысы бойынша бас жүлде – 2 миллион теңге ақтөбелік төкпе ақын Марат Ахметовтің қанжығасына байланды. Бірінші орын Рүстем Қайыртайға (Алматы) бұйырды. Мұның жүлде қоры 1,5 миллион теңге. Екінші орынның екі жүлдесі Аруна Керімбек (Ақтөбе) пен Бауыржан Ширмединұлына (Батыс Қазақстан облысы) табысталды. Мұның жүлде қоры – 1 миллион теңге. Ал үшінші орынды Жамбыл облысынан келген ақын Қанат Мырзаханұлы, түркістандық Дәурен Ақсақалов пен ақтөбелік Жұлдыз Қожабекова, павлодарлық Рауан Қайдаров бөлісті. Төрт төкпе ақынның әрқайсысына 500 мың теңгенің сертификаты табысталды. Сондай-ақ Нұрлан Есенқұл (Алматы) мен Серік Қуанған (Шығыс Қазақстан облысы) 450 мың теңгенің арнайы сыйлығымен марапатталды.
Ақтөбе облысы әкімдігінің қолдауымен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен облыстық халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырған осы шараның қорытындысында жүлде алмаған он ақын арнайы дипломдармен марапатталып, әрқайсысы 300 мың теңгеге ие болды. Тәуелсіздік мерекесі құрметіне жыр сайысына келген барлық ақын осылайша Ақтөбеден құр кеткен жоқ. Айтыстан айтысқа жеткен сайын ақынның шабыты шыңдала түсері анық.
Ақтөбе облысы