Білім • 19 Қараша, 2021

Орталық Азиядағы оқу бағдарламаларының ықпалдастығы

139 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультеті ЮНЕСКО Халықаралық коммуникация даму бағдарламасы аясында (IPDC) Орталық Азия университеттерінде қолданыстағы деректер журналистикасы бойынша оқу бағдарламаларын ықпалдастыру жобасын жүзеге асыруда, деп хабарлайды Egemen.kz.

Орталық Азиядағы оқу бағдарламаларының ықпалдастығы

Халықаралық бағдарлама БҰҰ Сапалы білім және Тұрақты даму мүддесіндегі серіктестік  мақсаттарын орындауда журналистік білімді жетілдіру мен жақсартудың жаһандық бастамасы дайындаған ресурстарды пайдалана отырып  дамытуға бағытталып отыр.

Журналистика және коммуникация саласындағы Тұрақты даму мақсаттары коммуникациялық жобаларға қолдау көрсетеді. Сонымен бірге Орталық Азиядағы журналистика университеттерінің зерттеулері, ЮНЕСКО-ның оқу бағдарламасы, гендерлік ағым және БҰҰ қызметімен үйлестіру жобаның институционалдық негізі болып саналады. Сондай-ақ Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасы Қазақстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Қырғызстан универсиеттерінде зерттеу журналистикасындағы деректер бойынша семинарлар ұйымдастырып,  ЮНЕСКО-ның нұсқаулықтарын таратып, ресурстарымен бөлісіп, көмек беруді мақсат етеді.

Қазақстандағы жобаның үйлестірушісі Гүлмира Сұлтанбаеваның айтуынша, журналистік білім беруде ЮНЕСКО-ның оқу бағдарламалары Орталық Азияның 55 университетінде қолданыста. Бүгінде Орталық Азия журналистикасындағы деректер журналистикасы интерактивті графиктер мен визуалды контентті пайдаланудың тиімді құралына айналып отыр. Бірақ бұл кезеңде маңызды фактілер мен тарихи деректер жоғалу ықтималдығы басым. Сондықтан журналистік зерттеулер барысында тиімді қолдануға негізделген деректер журналистикасы бойынша ЮНЕСКО-ның оқу бағдарламасын бейімдеу үшін профессорлық-оқытушылық құрам мен зерттеушілерді дайындау қажеттігі туындап отыр.

Журналистика деректерін пайдаланатын зерттеу журналистикасы Орталық Азия елдерінде әлі жеке жанрға айнала қойған жоқ. Бұл жоба Орталық Азия аймағындағы 19 университеттің журналистика факультеттерінде деректер журналистикасы бойынша білім сапасын жақсартуға ықпал етеді әрі зерттеу журналистикасының тиімділігін арттырады. Ұсынылып отырған жоба ЮНЕСКО-ның зерттеу журналистикасы оқу бағдарламасын, Орталық Азия елдерінде білім беру, гендерлік, денсаулық сақтау салалары бойынша журналистік зерттеу жүргізу үшін интеграциялауға және бейімдеуге бағытталған.  Журналистика және коммуникация саласындағы тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге Орталық Азия университеттері журналистика және коммуникация қауымдастығының мүшелері болып табылатын журналистика факультеттерінің ғалымдары үлес қосатын болады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да 2019 жылдан бері инновациялық «Data-журналистика» және Стамбул унвиерситетімен қосдипломдық Big Data және журналистика» магистрлік білім беру бағдарламалары оқытылып келеді.

Орталық Азия университеттері IPDC журналистік білім берудегі озық тәжірибелер негізінде жаһандық бастамаға  сәйкес деректер журналистикасы бойынша білім сапасын арттыру мүмкіндігін береді. Дата журналистика саласында халықаралық және ұлттық мамандардың қатысуымен аталмыш университеттерде оқу жоспарын әзірлеуге арналған тренингтер  Алматы,  Душанбе, Ташкент және Бішкек қалаларында өтетіндігі жоспарланған. Жаңа білімді, біліктілікті игеруге бағытталған тернингтер нәтижесінде қатысушы елдер арасында тәжірибе алмасу мен жетілдіру  басты нәтиже саналады.

ЮНЕСКО-ның журналистерге білім беруге арналған «Деректер журналистикасы бойынша курсының» жаңа басылымы Орталық Азиядағы ұлттық журналистика және коммуникация университеттерінің білім беру үрдісіне ықпалдастыру, өңірлік академиялық ынтымақтастықты дамытуға және халықаралық коммуникацияны дамыту бағдарламаларын тиімді іске асыруға ықпал етеді.