Шынында да Оңтүстіктің тірлігі орасан. Қолға алынып жатқан оңды істердің қатары көп болғандықтан осынау ауыз толтырып айтуға тұрарлық дүниелердің бәрін тізіп жазып, бір мақалада әрқайсысына жеке-жеке тоқталу тіптен мүмкін емес. Ондай жағдайда ұзаққа шауып, қаптаған цифр-сандармен біраз басыңызды қатырар едік. Біз бұл жолы нақты жұмыс, нақты нәтижелерге ғана тоқталуды жөн көрдік. Кеше Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов халықпен есепті кездесуінде аймақтың қол жеткізген табыстарын мейлінше саралап өтті. Бес жылдан бері осы өңірге басшылық жасап келе жатқан Асқар Исабекұлы облыстың әрбір саласын, әрбір мәліметін бес саусағындай білетіні анық.
Соңғы жылдары оңтүстікқазақстандықтардың кәсіп игеруге, өз бизнесін ашуға деген құлшыныстары тіптен ерекше болып отыр. Өткен жылы Елбасы облысқа келген сапарында Шымкенттің шырайын шағын кәсіпкерлік ашатынын, Оңтүстіктің халқы жеке кәсіп ашуға, оны игеруге икемді екенін баса айтқан еді. Қазір Оңтүстік Қазақстан облысында белсенді кәсіпкерлік субъектілері 125,8 мыңға жетіп, 12,5 пайызға өсті. Республика бойынша облыс бұл мәселеде 3-орында нық табан тіреп тұр. Салық төлемдері 30 млрд. теңгені құрап, 38 пайызға артты. Елімізде алғаш болып ашылған «Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының» өте қажет ұйым екенін бүгінде барлық кәсіпкерлер мойындайды. Осы орталықта 33 мыңнан астам адамға, 4 мың жобаларға көмек көрсетілді. Кәсіпкерлердің сонау алыс аудандарға барып, кәсіп ашуға тәуекел ете бермейтіні аян. Аталмыш орталық осы аудан басшылары мен кәсіпкерлердің арасында дәнекер болып, өңірлерде қолға алуға болатын жобаларды жарыққа шығарды.
Қазір республика бойынша іске қосылған 135 кәсіпорынның 34 пайызы осы облыстың үлесінде. Өңірдегі кәсіпорындарда 552 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, 55 млрд. теңгеге артты
. Жаңа кәсіпорындардың ашылуы және өндірістің кеңеюі есебінен 28 315 жұмыс орны
ашылды
. Ал, Индустрияландыру картасына 170 жоба енгізіліп, облыс жоба саны бойынша республикада ең жоғарғы көрсеткішке қол жеткізіп отыр. Мұның бір баса айта кетері, бағдарлама барлық аудан, қалаларды қамтып, жобалардың 65 пайызы ауылдық жерлерде жүзеге асырылуда. Дәл сол сияқты «Максимум»
АҚ тарапынан 5,6 млрд. теңгеге 1 872 жоба қаржыландырылып, 8 312 жұмыс орны ашылды. Мұнда да жобаның 90 пайызы ауылдық жерлерде іске асуда. Яғни ауылдағылардың да өз кәсіптерін бастап, табыс табуға, жұмыс орнын ашуға мүмкіндіктері мол.
Шымкент қаласының шетінен орын тепкен «Оңтүстік» индустриялық аймағы кәсіпкерлердің нағыз ордасы, ортақ үйі болып отыр. Мұнда кәсіп ашамын, бизнес бастаймын деген жандарға барлық жағдай жасалған. Содан болар, өткен жылы бұл аймақта 13 жаңа жоба қолға алынып, 996 жұмыс орны ашылды. Аймақ ішінен тұсауын кескен кәсіпорындардың саны 31-ге жетті. Мұндай индустриялық аймақ өте тиімді болғандықтан қазір олар аудан орталықтарынан да құрылуда. Оңтүстіктің барлық аудан, қалаларынан жалпы алаңы 835 гектарды құрайтын 15 индустриялық аймақ құру туралы шешім қабылданған. Биыл Кентау қаласы, Созақ, Шардара, Қазығұрт, Сарыағаш, Мақтаарал, Түлкібас аудандарындағы индустриялық аймақтарда 19 жоба іске қосылатын болады.
Оңтүстіктің тірлігі орасан екенін өңірде салынып жатқан құрылыстардың қарқынынан да білуге болады. Өткен жылы «Балапан» бағдарламасы бойынша 128 ұйым іске қосылып, нәтижесінде 133 мың бала қамтылып, көрсеткіш 67,2 пайызды құрады. Оның 34-і облыстық бюджет есебінен қосылды. Республика бойынша өткен жылы 96 ФАП, отбасылық-дәрігерлік амбулаториялар іске қосылса, оның 60-сы Оңтүстік Қазақстан облысының еншісінде.
Бір жақсысы, Асқар Мырзахметов есеп берген жиында баяғыдағыдай жарыссөзбен уақытты «өлтіріп», жасы бар, қариясы бар, мінбеге шығып, әкімді көпіртіп мақтауға жол берілген жоқ. Ел онсыз да облыстың жетістігін, жоғары көрсеткішін, табысын көріп-біліп отыр. Әкімнің баяндамасынан кейін бірден залдағы халыққа сөз беріліп, ел де нағыз күйіп тұрған мәселелерді көтере білді. Шымкент қаласы «Қайтпас-1-2» шағын аудандарында кешқұрым газ бен жарықтың жиі сөніп қалатыны, Қазығұрт ауданының, Қаржантөбе ауылындағы мектептің апатты жағдайы, Сарыағаш қаласындағы Рамадан каналына жөндеу жүргізу, Дарбаза ауылына жол салу, Бадам өзенін абаттандыру, «Нұртас» шағын ауданына ауызсу жетпей жатыр, Арыс қаласы, «Саяжай» шағын ауданындағы көпірді су шайып кеткен, Созақтағы Қызылкөлге жыл сайын қаржы бөлінеді, бірақ көлге су толмай-ақ қойды, ауылдың экологиялық жағдайы нашар... Міне, жиналған халық бір адамды емес, бүкіл қауымды алаңдатып отырған осындай елдік мәселелерді көтерді. «Ынтымақ түбі – игілік» деген, Оңтүстік халқының ынтымағы, бірлігі үлкен игілікке жетелейтіні анық. Облыстың іскер әкімі А. Мырзахметов осынау көтерілген мәселелердің бәрі арнайы қаралып, сарапталып, өз шешімін табатынын нақты айтты.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан».
Оңтүстік Қазақстан облысы.