Су саласының ардагері Мырзағали Ерғалиев, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Алексей Баталов, Социалистік Еңбек Ері Бөкен Қызғарин және «Табыс» шаруа қожалығының басшысы Манат Алғамбаровтың газет редакциясына хат жазуларына 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджеттің жоспарында арнадан су жіберуге қаржы бөлінбегені себеп болыпты.
– Биыл көктемде Шідерті өзенінің төменгі арнасына 50 млн текше метр су жіберілсе, бұл көлем екі аудан үшін аз. Ақтоғай ауданына су жетпей қалу қаупі бар. Сондықтан жылдағыдай 100 млн текше метр су жайылу қажет, – дейді М.Ерғалиев.
Жалпы, арнаның құрылысы 1962 жылы басталып, 1974 жылы аяқталды. Су арнасы маңызды стратегиялық су шаруашылығы нысанына айналды. Нысан Орталық Қазақстан, Екібастұз өңіріне су жеткізетін гидротехникалық құрылыс, яғни қолдан жасалған өзен. Жайылымдарды суару үшін қолданылады. Еліміздің Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Су ресурстары комитетінің мәліметінше, су арнасы іске қосылғалы бері Қарағанды қаласында су тапшылығы жоқ, машина жасау, химия өнеркәсібі, электр жылу энергетикасы, суармалы егіншілік дами бастады. Қарағанды металлургия комбинатында жаңа өндірістерді кеңейту және құру басталды, Ақсу ферроқорытпа зауыты, Екібастұз ГРЭС-1, ГРЭС-2, Қарағанды зауыттары салынды, көмір өндіру артты. Екі телімге бөлінген арнаның бойында 22 сорғы стансасы, 13 гидроторап, 14 бөген бар. Жобалық қуаты жылына 1,9 млрд текше метр су жіберуге жетеді.
Ал Екібастұз ауылдық аумағындағы Шідерті өзенінің ағыны су жеткізу торабымен реттеледі. Су арнасының Шідерті кентіндегі №112 су торабы салынады. Бұл торап Ертіс өзенінің суын Қарағанды қаласына жеткізеді. Су арнасы салынған соң Шідерті өзенінің төменгі арнасына табиғи су жіберілмейді. Жобада табиғи су жайылымының зиянын өтеу ретінде су арнасынан Шідерті өзеніне су жіберу қарастырылады. Сөйтіп жыл сайын көктемгі табиғи мол суға толатын Ақтоғай ауданы, Екібастұз ауылдық аумағының жері керісінше, су жетпей құрғай бастады. Мысалы, Ертіс бассейні инспекциясының деректері бойынша, 1975-1982 жылдарға дейін Шідерті өзенінің сағасына су жіберілу көлемі 96-100 млн текше метр шамасында болған. Ал 1990-1997 жылдарға дейін 27,6 млн текше метрден 90,5 млн текше метрге дейін су жіберілді, орташа есеппен 66,5 млн текше метрді құраған. Бұдан кейін, 1999 жылдан 2003 жылға дейін Шідерті жайылымына мүлде су жіберілмеді. Сондықтан Екібастұз қаласының ауылдық аумағы мен Ақтоғай ауданының тұрғындары Қ.Сәтбаев атындағы су арнасынан Шідерті өзеніне су жіберу тоқтатылса, 1999-2003 жылғыдай құрғақшылық болып, сусыз қалған жайылымдар қандай күйге түседі деп алаңдаулы. Өйткені су жіберу тоқтатылған кезде ауылдықтар жаппай көше бастады.
– Мысалы, 2000-2004 жылдар аралығында Екібастұз ауылдық аумағындағы халықтың саны 20 500 адамнан 11 700 адамға дейін азайды. Жайылымға су келмеген кезде малға да, жанға да қатты тиді. Ақтоғай ауданының да тұрғындары көшіп кетті, – дейді М.Ерғалиев.
Шаруа қожалығының басшысы М.Алғамбаров егер су жіберу тоқтатылса мал басы азаятынына тоқталып, ет-сүт өнімдерімен қамтамасыз ететін шаруашылықтар күзгі, қысқы шөп қорын қайдан алатынына алаңдайтынын жеткізді.
Сусыз қалған жұрттың жанайқайынан соң 2003-2005 жылға дейін жіберілген су көлемі 30 млн текше метрді құраған, 2006-2010 жылға дейін жіберілген су көлемі 50 млн текше метрді құраса, 2010 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Шідерті жайылымдарына жіберілетін су көлемі 100 млн текше метрге дейін жеткен.
Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының мәліметінше, жыл сайын Шідерті-Өлеңті экожүйесінің су ресурстарын өтеу мақсатында Шідерті өзеніне көлемі 100 млн текше метр су жіберу жүргізіледі. Бірақ биылғы жылдың басында еліміздің Қаржы министрлігі тарапынан 39 млн текше метр су жіберуге 1,1 млрд теңге ғана мақұлданды. Облыс әкімдігі Шідерті-Өлеңті аймағының табиғи және экологиялық теңгерімін сақтау мақсатында қосымша су көлемін бөлу қажеттілігі туралы министрлікке өтініш ұсынымдар жазды. Нәтижесінде, республикалық бюджетті нақтылау кезінде 41 млн текше метр көлеміндегі су жіберуге қосымша 1,1 млрд теңге мақұлданды. Жалпы, биыл су арнасынан 80 млн текше метр көлемінде су жіберілді (оның ішінде №112 су торабынан 78,5 млн текше метр, №109 су торабынан 1,5 млн текше метр). Суды жіберу кезінде Ақтоғай ауданында 18,9 мың гектардан астам, Екібастұз қаласының ауылдық аумағындағы шабындық алқаптар Ақкөл ауылы – 7 003 га; Екібастұз ауылы – 5 555 га, Шиқылдақ ауылы 896 га суландырылды. Сонымен табиғатты қорғау мақсатындағы су жіберу Шідерті-Өлеңті табиғи аймағының экологиялық, биологиялық түрде сақталып қалуы үшін қажет дейміз. Екіншіден, Шідерті өзенінің жайылмасына су жіберілсе, Екібастұз, Ақтоғай аудандарының жемшөп қоры молаяды. Үшіншіден, үнемділік деген мәселе бар. «ҚазСушаруашылығы» кәсіпорнының жергілікті филиалы суды ысырапсыз пайдалану бөлімінің бастығы Серік Мұстафиннің мәліметінше, Шідерті су өткізуші торабы Шідерті магистралды арнасы қазір осы филиалдың қарауына берілген. Жыл сайынғы су жіберу барысы республикалық бюджеттен қаржыландырылады да, жоғарыда айтылған 100 млн текше метр суды босатуға шамамен 2 млрд 980 млн теңге қажет. Айтуға оңай. Бұған дейін суды үнемдеу, тиімді қолдану үшін арнаның суын ақылы түрде пайдалану тетігі енгізілді. Сондықтан 2000 жылдары Шідертінің төменгі арнасына су жіберу тоқтатылды. Қаржыгерлер судың да сұрауы бар дейді. Ағыл-тегіл тегін жатқан су жоқ. Су арнасы жобасын Кеңес өкіметінің су мамандары өзеннің су ресурстарын тиімді, үнемді пайдалану мүмкіндіктеріне сай жасағанын енді түсіне бастағандаймыз.
С.Мұстафинннің айтуынша, кәсіпорын су ресурстарын үнемдеу үшін биыл Шідерті өзенінің жайылмасына табиғатты қорғау мақсатында су жіберуді жүргізу жөніндегі комиссияның хаттамасына сәйкес Екібастұздың Әулиекөл, Бәсентин көлдеріне су беру көлемі азайтылған. Жергілікті әкімдікпен бірлесіп Жайылма ауылы аумағында да су ысырабын болдырмау бойынша жұмыс жүргізілді. Бұл шара әлі де жалғасады.
Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының мәліметінше, бұған дейін жыл сайын 100 млн текше метр су босатылып келсе, ендігі мәселе – мол суды ысырап етпей, есеппен, ұқыппен, үнеммен пайдалану. Мысалы, Шідерті суармалы арнасы бойындағы су құрылғылары, шабындық торларындағы шлюздер су қабылдауға дайын болуы тиіс. Енді құрылғыларды, торларды күтіп ұстау, жөндеуді, судың үнемділігін бақылауды «ҚазСушаруашылығы» кәсіпорнының жергілікті филиалы атқаратын болады.
Сонымен бірге Шідерті-Өлеңті өзендері табиғи аумағын сақтау үшін мемлекеттік қорық аймағын құру қажет, қорық құрылса табиғи-экологиялық барлық қажетті тиімді, бұл да суды үнемді пайдалану шараларын жасауға мүмкіндік береді.
Еліміздің Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары Досбол Бекмағамбетов бізге берген жауабында былай дейді: «Павлодар облысындағы Қ.Сәтбаев атындағы су арнасынан Шідерті-Өлеңті табиғи аймағына табиғат қорғау мақсатында (Шідерті өзенінің жайылмасы) өтемдік су жіберу жағдайына және қосымша қаржыландыруға қатысты жолдаған хатыңызды қарап, келесіні хабарлайды: Қаржы министрлігі заңнамада белгіленген тәртіппен республикалық бюджеттің мүмкіндіктеріне сай, Қ.Сәтбаев атындағы су арнасынан Шідерті өзеніне табиғатты қорғау бағытындағы өтемдік су жіберуді жүргізу үшін қаржы бөлуді қарауға дайын. Комитет 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру кезінде «Табиғат қорғау мақсатында су жіберу» 102 бюджеттік кіші бағдарламасы (бұдан әрі – 102 кіші бағдарлама) бойынша 11 облыс бойынша табиғатты қорғау мақсатында су жіберуге 8 909,2 млн теңге, оның ішінде Шідерті өзенінің алқабына табиғатты қорғау мақсатында су жіберуге 3 409 610 млн теңгеге бюджеттік өтінім енгізді. Республикалық бюджет комиссиясының 18.08.2020 жылғы №23 шешіміне сәйкес: Қ.Сәтбаев атындағы каналдан Қорғалжын мемлекеттік қорығына табиғатты қорғау мақсатында су жіберу үшін 1 536,9 млн теңге; Қ.Сәтбаев атындағы каналдан Тұзды өзеніне табиғатты қорғау мақсатында су жіберу үшін 322 287 мың теңге; Қ.Сәтбаев атындағы каналдан Шідерті өзенінің алқабына табиғатты қорғау мақсатында су жіберу үшін 1 110,6 млн теңге қаржы бөлу қолдау тапты. Осыған қоса биыл Ұлттық қор есебінен Қ.Сәтбаев атындағы су арнасынан Шідерті өзенінің алқабына табиғатты қорғау мақсатында су жіберу үшін 1 153,3 млн теңге бөлінді. Барлығы «ҚазСуШар» РМК Қ.Сәтбаев атындағы су арнасы филиалына 2021 жылы табиғатты қорғау мақсатында су жіберу үшін 4 123,2 млн теңге бөлінді. 2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру кезінде 102 кіші бағдарламасы бойынша Шідерті өзенінің жайылмасына 120 млн текше метр көлемінде табиғат қорғау су жіберулеріне 4 347,9 млн теңгеге Қаржы министрлігіне бюджеттік өтінім берілді. Қаржы министрлігі 2022 жылға Қ.Сәтбаев атындағы каналдан Шідерті өзеніне 60 млн текше метр көлемінде табиғатты қорғау өтемдік су жіберуді жүргізуге қажетті табиғатты қорғау су жіберуін жүргізуге қажетті 2 172,0 млн теңгені қолдады. Комитетпен 2022 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау кезінде Қаржы министрлігіне қосымша қаржы бөлу туралы бюджеттік өтінім енгізілетін болады.
Досбол Бекмағамбетовтің айтуынша, Сәтбаев атындағы су арнасы кәсіпорны қазір «ҚазСуШар» республикалық мемлекеттік кәсіпорынның бір бөлімшесі. Дегенмен 50 жылды құрайтын ұзақ пайдалану кезеңінде су арнасы кәсіпорнында да бірқатар мәселе анықталған. Бірақ қиындықтарға қарамастан, барлық пайдалану мерзімі ішінде тұтынушыға су берудің бұзылуы болған жоқ, бұл сөзсіз құрылысшылардың да, су пайдаланушылардың да еңбегі. Арна ұжымының күшімен қазір барлық технологиялық жабдықтар жұмыс жасауда. Тағы бір маңызды мәселе – кадрлардың тұрақтамауы, су арнасының ерекшелігін білетін білікті мамандардың жаппай кету қаупі бар. Қазір кадрлардың тұрақтамауын болдырмау үшін жалақыны көтеру мәселесі қарастырылуда.
Ал «Қ.Сәтбаев атындағы су арнасы» филиалы энергосыйымды кәсіпорын, белгіленген қуаты – 355 мың кВА. Филиал нысандарының орташа жылдық электр энергиясын тұтынуы сағатына 280 млн кВт-ны құрайды. 2022 жылдан бастап жылына екі сорғы стансасын қайта құру және жаңғырту бойынша жұмыстарды орындау жоспарлануда. Бұл жобаларды іске асыру Нұр-Сұлтан қаласы мен Қарағанды-Теміртау өнеркәсіптік аудандарының, Екібастұз энергетикалық торабының тұтынушыларын сенімді, үздіксіз сумен жабдықтауды қамтамасыз етеді.