Елорда • 22 Қараша, 2021

Елордада есірткі сататын төрт интернет-дүкен анықталды

580 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елордада есірткі сататын төрт жасырын интернет-дүкен жойылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елордада есірткі сататын төрт интернет-дүкен анықталды

Нұр-Сұлтан қаласы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшесінің жедел қызметкерлері Telegram мессенджерінде төрт жасырын интернет-дүкеннің әкімшісі болған және қала аумағында синтетикалық есірткіні өзі сатқан жергілікті тұрғынды ұстады.

Polisia.kz сайтының мәліметінше, күдікті «Рефлекс» арнайы операциясы аясында ұсталған адамдар тобының әлеуметтік желілердің байланыстары мен аккаунттарын зерделеу кезінде полицияның назарына іліккен. Ұсталған кезде одан бес банк картасы, үш ұялы телефон тәркіленді.

Ұсталған азаматтың пәтеріндегі сейфте мефедрон есірткі заты салынған 64 түйіншек, сатуға дайындалған 28 МДМА таблеткасы, сондай-ақ үш электрондық таразы, 10 млн теңге және 23 мың АҚШ доллары сомасындағы қаптама материалы мен ақша табылды.

Сонымен қатар Кравцов көшесінде есірткі сатушымен байланыста болған 24 жастағы қыз ұсталды. Оның жалдамалы пәтерінен өткізу үшін дайындалған мефедронның 36 түйіні мен есірткіні өлшеп-орауға арналған құрылғылар тәркіленді. Ол Сембинов көшесіндегі үйдің ауласында жасаған бес бетбелгі жойылды.

Елордалық есірткі полицейлерінің жедел жұмысының нәтижесінде қала аумағында есірткі сататын төрт интернет-дүкеннің қызметі анықталып, жойылды. Синтетикалық психобелсенді зат – мефедронның 200-ге жуық бір реттік дозасы тәркіленді.

Аталған фактілер бойынша ҚР ҚК 297-бабы 3-бөлігі «Есірткі заттарын өткізу мақсатында заңсыз дайындау, сатып алу, сақтау не адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша өткізу» бойынша қылмыстық істер қозғалды, ол мүліктің тәркіленуімен 10 жылдан 25 жылға дейінгі бас бостандығынан айыруға қылмыстық жауапкершілікті көздейді. Ұсталғандарға есірткі интернет-дүкендерін әкімшілендіру бойынша құқықтық баға сотқа дейінгі іс жүргізу барысында берілетін болады.