Аймақтар • 22 Қараша, 2021

Екібастұзда қоныс аудару мәселелері талқыланды

349 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Өңір» депутаттық тобы мүшелерінің аймақтарға сапары жалғасуда. Бұл шара азаматтарды жұмыс күші артық өңірлерден жұмыс күшіне зәру өңірлерге қоныстандыру мәселесі бойынша отырысқа дайындық аясында қолға алынған болатын. Сенаторлар Ерік Сұлтанов, Әлімжан Құртаев және Алтынбек Нұхұлы бүгін Павлодар облысындағы Екібастұз қаласында болды.

Екібастұзда қоныс аудару мәселелері талқыланды

Депутаттар сапар барысында қоныс аударушыларға арналған үйлер салуда әлеуетті аумақ ретінде қаралатын қаланың шағын аудандарын аралады. Сондай-ақ қала активінің қатысуымен қоныс аударуды ұйымдастыру мәселелерін талқылау жөнінде кеңес өткізілді.

«9 мыңға жуық адам қиындықтарға қарамастан Павлодар облысына келіп отыр. Бұл ретте қоныс аударушылардың тұрақтануы 97%-ды құрайды. Бұл жергілікті биліктің келген азаматтарға қажетті жағдай жасағанының дәлелі болып табылады», деп атап өтті сенатор Ерік Сұлтанов.

Сенаторлар ерікті қоныс аудару бағдарламасын іске асыру кезінде өңірлер тап болып отырған проблемаларға ерекше назар аударды.

«Біз бүгін қоныс аудару жөніндегі квотаны жылына 2 мыңнан 10 мың отбасына дейін ұлғайту мүмкіндігін талқылаймыз. Онда да бейімделу жай-күйін жеңілдету үшін бір елді мекенге 5-20 отбасын топтап көшіру арқылы жүзеге асатын болады», деді Әлімжан Құртаев.

Жиын барысында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков қандастарды еліміздің оңтүстігінен солтүстікке көшіру жөніндегі «Асар» пилоттық жобасын өңір активіне таныстырды.

Сенаторлар сонымен қатар Мемлекет басшысының моноқалаларды дамыту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру барысымен де танысты. Кеңес барысында Сенат депутаттарына Екібастұз қаласын дамытудың 2025 жылға дейінгі кешенді жоспары таныстырылды.